ТУҒАН ЖЕРГЕ ТЕР ТӨККЕН ТӨРАҒА
Жергілікті шаруашылықтардың күзгі науқан жұмыстарына кіріскеніне де айға жуық уақыт болды. Өнімнің шығымы жаман емес, енді дала дарабоздарының алдында оны ысырап қылмай, қамбаға құйып алу міндеті тұр. Бұл тұрғыда да еңбеккерлер шаруасын ширатты. Мақпалкөл ауылындағы “Ер-Әлі” шаруа қожалығының да қазіргі таңда күзгі науқанды бастап кеткеніне біршама уақыт болды. Бұл шаруашылықтың бір ерекшелігі биыл күріштің бірнеше сұрпын егіп, оны нарыққа шығаруға талаптанып отыр.
Қазіргі таңда шаруашылық төрағасы Әліби Бекжанов көктемде сепкен “Лидер” сұрпынан басқасын қамбаға құйып алды. Күріштің аталған сұрпына енді орақ салып жатыр. Салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған тәжірибелі төраға әрбір себілген дәнді уақытында жинап алу өнім сапасына оң әсерін тигізетінін айтады. Оның үстіне ауыл жанашырының себілген дәннің толық пісіп-жетілуін күтіп, арқаны кеңге жаятындай реті бар. Себебі шаруашылық төрағасы барлық техникасын 100 пайызға жаңартып алған. Ертеңгі күні ала жаздай баптаған өнім жауын-шашынға ысырап болады деген көкейінде күдік жоқ.
Енді науқанның негізгі жұмыстары механизаторларға тікелей байланысты. Шаруашылық құрылған жылы олардың көне көліктермен талай қиыншылықты көргенін халық қалаулысының өзі де жақсы біледі. Бірақ ымырамен, ауызбіршілікпен бір қолдың саласындай іс қылудың нәтижесінде ол күндер артта қалды. Әлекең өзі құрған шаруашылықтың шаруасы ширағалы бірінші кезекте техника базасын жаңалауға басымдық берді. Бүгінде сол ісінің нәтижесін көріп отыр.
“Ер-Әлі” шаруа қожалығының бір жағынан тұқым дайындап, оны нарыққа шығарумен айналысып жатқанына да біршама уақыт болды. Төраға бұл жұмыстарды қолға алысымен Мақпалкөлде дайындалған Сыр салысының сұрпына сұраныстың артқаны мұндағы өнімнің сапасы жоғары болатынын аңғартып тұрғандай. Тіпті биыл көктемде аймақтағы тұқым дайындайтын ірі шаруашылықтардан да күріштің бірнеше сұрпын артығымен нарыққа шығарған.
Көрсең, көз сүйсінеді, баяғыда механизаторлардың көп уақыты көліктің ішінде емес, техниканың астында өтетін. Қай атызға барсаң да ақауы көп техникалар шаруашылық жұмысын артқа тартатын еді. Қазір ше, қазір бұл қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Оның үстіне Әліби Бекжанов шаруашылық ұжымының барлығына жағдай жасап қойған. Нәтижесін бүгінде көріп отыр, еңбек өнімділігі жылдан-жылға артып келеді, дала дарабоздары да бұрынғыдай артық бейнет жасамайды, барлығын техника атқарып отыр десек, артық айтқандық болмас. Міне, төраға еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайынан бөлек жұмысының ширауына да бар мүмкіндік жасап қойса, мұның үлкен көмек екенін еңбек адамдары сезінсе, “Ер-Әлінің” әлі талай асуды алары анық.
Биыл шаруашылықтың егіс алқабындағы өнімнің шығымы жаман емес. Жыл сайын межелі өнімнен артық астық алатындай Әлекеңнің реті бар. Өйткені ауыл жанашыры бірінші кезекте себілген тұқымның еш кедергісіз бас алуы үшін және оның пісіп-жетілуінде жерді күтіп-баптаудың маңызы жоғары екенін жақсы біледі. Әр жылдың маусымдық жұмыстарында ротацияның сақталуына басымдық беріп, тұқым себілетін алқаптың бір келкілігін реттеп отыратыны да сондықтан.
“Ер-Әлі” шаруа қожалығының төрағасы “Елде болса, ерінге тиеді” деген қанатты сөзді қаперден шығарған емес. Әр жылдары қайырымдылық шараларынан шет қалмай ауылдың да абаттануына, халқының тұрмыс сапасының артуына өз үлесін қосып келеді. Басылымның өткен сандарының бірінде Әлекеңнің “Қуанса, бала қуансын” деген қанатты сөзді қаперге алып, 10 млн теңгеден астам жобаны туған жерінде жүзеге асырғанын айтқан едік. Қазіргі таңда Мақпалкөлдегі балалар ойын алаңының ауыл жастары игілігін көріп отыр. Мұнан бөлек осы өңірдегі 10 отбасына жеке қаражаты есебінен баспана салдырып жатыр. Қазір олардың алды өз үйлеріне кіріп, қоныс тойын тойлап үлгерді. Ал біршамасының құрылысы қарқын алған. Ауылдың әлеуетін арттыруда Әлекеңнің қолға алған жобаларының бұл басы ғана. Туған жерді түлету мақсатында оның ойында жүрген жоспары көп. Бастысы солардың бастамасының өзі жемісін беріп жатыр. Ләйім жалғасы да солай болғай.
Төрағамен тілдессең, шаруаның емес, тура бір руханият жанашыры іспетті. Әрбір сөзінде тәлім, тағылым бар. Ал құр сөздің адамы дейін десең, бұл ойыңды оның осыған дейін ауылдың абаттануы жолында қолға алған жобалары жоққа шығарады. Қысқасы жан-жақты адам екенін ісімен де, сөзімен де дәлелдеген азамат екенін түсіндік. “Бос уақытты жек көремін” дейді Әлекең. Яғни адамның бос уақыты болса, ол адам міндетті түрде бір жамандыққа ұрынары анық. Мұны Абай атамыз да жоққа шығармайды. Міне, үлкеннің сөзін де, өзін де ұлағат деп білген азаматтар ғана ұлы істерді тындырса керек. Шаруашылықтың жұмысына береке берсін.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ