ТАЗАЛЫҚҚА ТАСТАЙ ТАЛАП КЕРЕК
Бойыңды кірлетпе, үйіңді таза ұста, аулаңды сыпыр, көшеңді күт, айналаңды ластама, қоршаған ортаға, табиғатқа залал келтірме. Бастауыш сыныптан бастап естіп келе жатқан қарапайым ғана қағида. Қоғамда әрбір тіршілік кешіп жатқан адам білуі тиіс және бағынуға міндетті ортақ тәртіп. Осы қарапайым ғана қағиданы ұстанбаймыз.
Көше бойындағы үйіліп жатқан күл-қоқысты ешкім төбеден төгіп кетпейді. Өзіміздің күнделікті тұтынған тұрмыстық қалдықтарымыз. Үйіміздің, ауламыздың таза тұрғаны дұрыс, әрине. Бірақ ауламыздан аулақ жатсын деп көшеге күл-қоқыс үйіп қою жөн емес. Қазір осы көрініс қалыпты жайға айналып бара жатыр. Көрші үйдегі жас келіншек тал түсте ауласынан жиналған қоқысты көшеге қотара салды. Тазалық тақырыбын тарқатып жүрген соң неге олай істегенін сұрадым. "Енді қайда төгемін? Сіздің аулаңыз емес, көше ғой. Тазалайды ертең сенбілікке шыққандар", – деді жүзін суытып, дауысын қатайтып. Үндемедім. Не деуге болады? Өз ауласының таза тұрғанын қалайтын адам өзі тұратын көшесінің бойын да ластамай таза ұстайды және оның тазалығын қадағалайды емес пе?!
Ол кісі тазалыққа тек сән тұрғысынан қарайтын болса керек, оның техникалық қауіпсіздігін немесе санитарлық-эпидемиологиялық талаптарын ескермейді. Егер көктем, жаз айларында залалсыздандырылмаған кейбір тұрмыстық жанғыш қалдықтардың өрттің шығуына немесе қандай да бір күл-қоқыстың түрлі жұқпалы аурулар тудыруына себеп болатынын бәріміз білуге тиіспіз. Бірақ кейде біле тұра саналы түрде тұрғындарға қауіп-қатер төндіреміз. Әрине, осы тазалыққа байланысты әр адамның түсінігі әртүрлі.
Есігі менімен қарама-қарсы үйде тұратын Съез Құрақбаев есімді көршім бар. Атын атауыма тура келіп тұр. Өзгелерге үлгі болу үшін. Сол көршімнің ертемен оянғандағы алғашқы жұмысы – ауланың, одан соң көшенің тазалығы. Алдымен ауладағы кішкентай балалардың алдындағы күні жеген кәмпиттерінің, балмұздақтарының қағаз, қораптарын, түнемелік ішілген сусындардың босаған құтылары мен шегілген темекінің тұқылдарын және жан-жақтан желмен ұшып келген қоқыстарды қолына қап алып жинап алады. Содан соң белгіленген қауіпсіз жерге апарып өртейді. Бұны әлгі аталған азамат күнделікті дағдысына айналдырған. Бір қызығы, ол сол жұмысты атқарып жүргенде ешкімді тілдемейді, міндет қылмайды. Үндемей жүріп ауланы да, көше бойын да бас-аяғы бір сағаттың ішінде тазалап шығады. Кейде ұялғаннан біз де қолымызға қап алып, көше жағалап, қоқыс теріп кетеміз. Көршіміз бізге тазалық үшін қатаң талап қоймайды. Бірақ оның күнделікті жұмысы айналасына үлкен ой салады. Сондықтан біз де ауланы, көшені барынша таза ұстауға тырысамыз. Балаларымызға да қолындағы қажетсіз затты кез келген жерге тастамау керектігін айтып отырамыз.
Бірде "Қазақстан" ұлттық арнасының шет елдердегі тілшісі Еуропа елдерінің біріндегі тазалық мәселесінің қалай шешімін тапқанын көрсетті. Таңғалдық. Шіркін, біз қашан осындай тәртіпке қалыптасар екенбіз деп сүйсіндік ішімізден. Жасанды болмауы үшін оператор бейнекамераны тасаға қойып түсіріпті. Шағын ғана қала. Көшелері мұнтаздай, жарқырап жатыр. Тазалығы көркіне көрік қосып тұрғандай. Таңертеңгі мезгіл. Көпқабатты үйлерден шығып жатқан тұрғындар әрқайсы өз подъездерінің алдына қойылған үш түрлі түспен боялған қоқыс жәшіктеріне келеді. Қолдарындағы қалталар да үш түрлі: қызыл, сары, жасыл. Қызыл қалтаға қауіпті жанғыш заттардың қалдығы салынған, сары қалтаға тамақ қалдықтары салынған, ал жасыл қалтада қауіпсіз жұмсақ заттардың қалдығы бар. Әлгі үйдің тұрғындары ауыздары ыждағатпен буылған сол қалталарды өздерінің түсіне қарай қоқыс жәшіктеріне бөлектеп салып кетіп жатыр. Толған соң оларды арнайы көліктер тиеп, алып кетті. Қауіпті қоқыстарды залалсыздандырады, қауіпсіздерін қайта өңдеуге жібереді. Ғажап! Иә, ол біз үшін ғана ғажап. Ал олар үшін қалыптасқан тәртіп, тұрмыс ережесі.
Кентіміз жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Көшелеріндегі сәмбі талдар, сәнді талға айналып, жүргіншілерге саясын түсіріп тұр. Енді кенттің сол сұлулығын, әдемілігін сақтап қалуымыз керек. Ол үшін көше бойына мыңдаған түп тал отырғызып, малдан қоры демейді ешкім. Тек аулаңа ағаш егіп, көше бойында жайқалып тұрған талдардың өзіңе қарайтын аумағын күтімге алып, қораңа ұстап отырған түлігіңе ие болсаң, жетіп жатыр. Соның өзі кенттің тазалығына қосқан зор үлесің.
Мұның алдында да айтып жүрміз, тағы да айтамыз. Жыл басынан бері сенбілік үзілген жоқ. Көктем айларындағы көркейту-көгалдандырудан бөлек, санитарлық тазалық жұмыстары әлі жалғасып келеді. Әр мекеме өзіне тиесілі аймақтың тазалығын жауапкершілігіне алған. Алайда осы сенбілік жұмыстары тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін әлсіретіп жіберген секілді. Бұған мақаламыздың басында келтірген келіншектің сөзі дәлел. Әрине, кент тазалығын қадағалайтын мекемелер тарапынан тазалық сақтамаған жеке тұлғаларға заңға сәйкес айыппұл салынып жатыр. Алайда нәтижесі көрінбейді. Ендеше, тазалыққа салғырт қараған тұрғындарға қойылатын талапты бұрынғыдан да күшейте түсу керек. Олай болмаған жағдайда үйінің сыртына шығарып қойған күл-қоқысын біреулер тазалап бергенге жаман үйренген тұрғындар сенбілікті сол баяғыша терезеден тамашалап тұра береді.
Қуат АДИС