АДАЛДЫҚ – АДАМДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
Қоғам болғасын ала да болады, құла да болады. Өйткені адамдардың көзқарасы, өмір сүру дағдысы бірдей емес, әрқалай. Сондықтан кейде құқық бұзушылықтар, тіпті сыбайластық орын алады. Біреудің ала жібін аттап, адамдықты жиып қоятындармен тіпті әлем елдері күресуде. Көзсіз көрсеқызарлықтың құрығынан шыға алмай, алдымен бар абыройдан, кейін жеке тұлғалық құқығынан айырылып жатқандар қаншама. Олардың соңғы сәттегі «Әттеген-айы» өзгелерге сабақ болуы керек еді. Әрбір азамат осындай қателікке барар кезде адал еңбектің күшімен ғана абыройлы түрде дамып жетілуге болатынын түсінуі керек.
Ел тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекет болғалы сыбайлас жемқорлықпен күресуді өзінің негізгі міндеттерінің біріне айналдырды. Өйткені мемлекет даму үшін қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністері орын алмауы тиіс. Сыбайластықты жоюдың, алдын алудың аясында атқарылған жұмыстар да шек жоқ. Дертті дендетпеудің барлық амалы жасалуда. Әлі толастаған жоқ. Халық арасындағы өткізілген түсіндірме жұмыстарының, кездесулердің есебіне жете алмаспыз. Тіпті өзгенің иелігіне қол сұққандар мен осындай іске қатысы барлардың, пара бергеннің, пара алғанның да адам жауына да тілемейтін өкінішке толы өмірінен үзінді келтіріп, видеороликтер дайындалды. Осы видеороликтер індетпен күресу мәселесін сөз еткен кез келген жиында көрсетіліп келеді. Мақсат – өзгенің өзегін өртеген өкініш тағы біреудің басына келмесін, қоғамдағы дамуға бастайтын жарқын істерге тосқауыл болмасын деген мәселе.
Бұл дертпен күресте қазақстандықтардың бірдей атсалысуы маңызды. Өйткені қоғамдағы екіұдайлы пікір қай кезде де мемлекеттің алға басуына кедергі келтіріп, салдарынан дамудың баспалдағына іліге алмаймыз. Сол себепті жер-жерде жемқорлықпен күресу жұмыстары жалғасуда.
Жуырда осы бағытта аудан әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Жалағаш аудандық білім бөлімімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарған жұмыстары және М.Шаменов ауылы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда атқарылған жұмыстар жөнінде хабарламалар жасалды.
Комиссия отырысында мемлекеттік заңнамаларды мейлінше жақсы білуі әр қоғам мүшесінің өз іс-әрекетіне деген сенімділігін арттырып, бұл тұлғалық дамуына, өсуіне мүмкіндік береді. Осы жолда қандайда бір қитұрқылыққа бармай-ақ жетістікке жетуге болатынына, қоғамға пайдалы азамат ретінде өзін сезінуіне көз жеткізеді. Ең бастысы жұртшылық сыбайластықтың көрінісін байқаса, құзырлы орындарға хабар беру керектігін білуі тиіс. Әсіресе бұл індеттен мемлекеттік қызметкерлер аулақ болуы тиіс.
Комиссия отырысында мемлекетіміз өркендеп, экономикамыз қарыштап дамысын десек, әрбір отандас қоғам дертімен күресуді өзінің азаматтық парызына айналдыруы керектігі айтылды. Расымен бұл мәселені шешу жолындағы жұмыстар нәтиже бермесе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды күшейтіп, індеттің шырмауына түсіп қоғамға селкеу түсіргендердің жазасын қатайтуға көшуге болады. Жазалыларды қатаң жазамен жазалау арқылы біз өзгелерге салғырттық сан соқтыратынын, арамдықтың арты адасу екенін түсіндіре аламыз. Тәртіпке бас иген құл болмайтынын түсінген жеке тұлға мұндай балшыққа батыратын істерден бойын аулақ салатыны анық.
Басқосу барысында хабарламашыларға аудан әкімі тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты кент, ауылдық округ әкімдеріне, тиісті бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ