» » Қадыркүлдің дара жолы

Қадыркүлдің дара жолы

Әкенің ұлылығы, ананың жылылығы өрімдей қыздың өне бойына жылы шуақ таратып, білімнің алтын кенін теруге талпындырды. Жұмыр жерді иітетін ана алақанында керемет жылылық бар еді. Ал үнемі ат үстінде жүріп, елге қызмет жасаған әкенің өжеттігі, қайсарлығы, табандылығы күні кешегідей көз алдында. Ол перзентінің туған жерге табан етін ауыртып, маңдай терін төгіп, өзін анасындай мәпелеген мекен алдындағы парызын өтеп, еңбек еткенін қалады. Әке аманатын орындау балауса қызға дала заңындай қағида еді.

Осылайша ол өзін балапандай бау­лыған туған жері Аққыр ауылында «Ұш­қын» комсомол жастар бригадасының бри­­га­дирі болып еңбек жолын бастап, туған жеріне тізе бүгіп, сол құтты мекенде екі жыл еңбек етіп, қырандай қанатын қатайтты. Шынында ойлап қарасаңыз, қала мен ауыл баласының айырма­шы­лы­ғы ат пен түйедей. Ауылдың табиғи құ­діреті ме, қалай десек те, әйтеуір құмда аунап, түзде есейетін, бос уақытын қара жұмыспен байланыстырып, шаруаға епті болып шыныққан елден шыққан пер­зенттердің көпшілігінің тіл байлығы құ­нарлы болады. Қай қырынан алсаң да оның тұла бойынан қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Сондықтан ауыл – қашанда тәлім тәрбиенің алтын бесігі. Оған құндақталған перзенттің туабітті асыл қасиеттері болады. Соның ең қас­терлісі біздің кейіпкеріміздің бойын­да­ғы қазақы қалпы, өз ұлтының тіліне, ді­ліне деген құрметі, ел ішіндегі есті, қанатты сөздерді оқып, тыңдап қана қоймай, зердеге сақтап, жүректің алтын сандығына құлыптап, керек кезінде сөз қолданысына енгізе қоятын парасаты мен құймақұлақтығы елге үлгі боларлық қасиет. Ол ауылдың топырағының киесі дерсіз. Қаршадайынан еңбекке араласуы да қаршадай қыздың кіндік қаны тамған жерге деген ыстық сезімінің белгісі. Оны шалғай ауылдан қанат қақтырып, құстай ұшырып өзіне беймағлұм қала құшағымен табыстырған да өзінің ана сүтімен берілген туған тілдің тұғырын биіктетсем деген ақшаңқан арманы бола­тын. Арман алдамады. Туған жердің ақ батасын алған соң біздің бүгінгі әңгі­меміздің кейіпкері Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының тумасы Қадыркүл Шаймағамбетова 1981 жылы аймақтың бас қаласы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Жастық шақтың ең керемет сәттері сол студенттік дәуірмен қауышқанда басталады. Ол өзіне жақын құрбылармен дүбірлі сәттерді бірге өткізіп, жалынды күндердің қуанышы мен қызығын бірге тойлап, студенттік өмірдің шуақ сыйлаған сәттерін жиі еске алып, сағынышпен өткен жылдарға саяхат жасағанды ұнатады.

«Студент деген атақ тағылғанда, жү­рек­те арман бар ма жарылмаған» деп есімізді жияр-жимастан Жалағаш ау­да­нына күріш жинауға аттанып кеткен едік. Группада 24 қыз, 1 ер бала болды.Алғашқы жылдары қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нұртай Нұржанов ағай кураторлық етті. Алғашқы курстардың өзінде группа өзін-өзі басқару ісін қолға алып, өзгелерге үлгі бола білді. Біз институт қабырғасында өзіндік орны бар ғалымдардан дәріс алғанымыз пешенемізге жазылған бақ деп білдік. Профессор Ә.Қоңыратбаев, ғалымдар Ә.Абылақов, Ә.Байжолов, А.Шам­шатова, сол кезде жас ұстаздар санатында болған, қазіргі таңда қазақ ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан ғылым докторлары, профессор атанған Т.Тебегенов, Б.Сайлыбаев, Б.Кәрібозов, А.Ерназаров, Ұ.Жанбершиева, М.Аңсато­ва­лардан тәлім-тәрбие алғанымызды мақ­тан етеміз.

1985 жылдың маусымында біз білім нәрімен 4 жыл сусындатқан алтын бесі­гіміз институтпен қоштасып, бір-бір дип­лом алып, ұстаздар артқан сенімді арқа­лап, тарау-тарау жолға түстік» дейді Қадыркүл Бердібекқызы.

Шынында адамның сүйікті маман­ды­­ғын меңгерген соң өзінің сара жолын тауып, оны дара да, даңғыл жолға ай­нал­дыру өзіне байланысты. Өз жүрек қа­лауымен таңдаған мұғалімдік кәсібін ол туған ауылындағы №188 орта мек­теп­те бастайды. Сол жерде 2 жыл са­бақ береді. Мұнан соң еңбек жолын Сыр­дария аудандық білім бөлімінің әдіскері, әдістемелік кабинет меңгерушісі болып жалғастырады. 12 жыл тәжірибе жинап, өз шеберлігін шыңдаған ұстаздың қа­рым-қабілетін, ұйымдастырушылық ерек­­­­шелігін, білім-білігін саралаған білім басқармасының басшылары оны мектеп директорының орынбасары лауазымына лайық деп танып, 1997 жылы Тасбөгет кентіндегі №172 мектепке, сонан соң №176 мектепке қызметке жібереді. Жылдар жемісін беріп, еткен еңбек, төккен тер зая кетпей, үнемі жеңіс пен жетістікке жетелейді. Оның өз пәні бойынша өткен сабақтары ылғи облыс, республикадағы білім ошақтарына таратылып, ғылыми журналдарға мақаласы жарық көреді.

Зерделеп қарап отырсақ, ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған біздің кейіпкеріміз үшін лауазым оңайлықпен келген жоқ. Ол өзінің ақыл-парасаты мен адал еңбе­гінің арқасында тура жолдан адаспады. Осы мамандықты пір тұтты. Ақылдың шам­шырағы болып, періштедей бейкүнә шәкірттің жүрегіне жол табу үшін ұстаздың тал бойына қандай қасиет қажет екенін терең түсінді. Түсініп қана қоймады, кейінгі буын жас ұстаздарға оны қағидадай үй­ретті. Нағыз ұстаз ғана ұлттың туын тұ­ғырдан түсірмей биіктетіп, болашақты бо­­лымды ететініне кәміл сенді. Ол бар жан­-жүрегімен өз мамандығына адал болды.

Тәжірибенің бүкіл сатысынан өтіп, шың­­далудың шыңырауына жеткенде ғана мектеп басшылығының тұтқасын ұс­та­ды. Ол сол кезде білім саласының тай­қа­за­нын­да қайнап, әбден кемелденген шағы болатын.

Ордалы жылдарды оздырған соң, ол­жалы жылдарды күтіп алды. Осылай­ша 2007 жылдан бастап Қадыркүл Шайма­ғамбетова №176 мектепке директор болып тағайындалды. Бірақ мен басшы болдым деп өзінің сара жолынан жаңылмады. Білім ұясын көркейтіп, шәкірттерді жаңа­ша біліммен қаруландыруға, мектеп ұжы­мын ынтымақ пен ауызбіршілікке баулуға, олардың білім санатын көтеруге бар білігі мен тәжірибесін жұмсады. Мек­тептің қарапайым жұмысшысынан бастап барлық қызметкерлеріне қамқор­лық жасады. Ұсақ-түйек жұмысқа дейін ақылдасып шешімін тапты. Елу жыл­дан астам тарихы бар мектептің жауап­кершілігін терең түсінді. Бұрын қызмет жасаған ардагерлермен, мектеп директорларымен тығыз қарым-қатынас жасап, аға буынмен ақылдасты. Олардың озық жұмыс стилін өзі басшылыққа алды.

Иә, күллі әңгіменің түйінін таразыласақ, өмірінің ең жігер мен жалынға толы 36 жылын ұлағатты ұстаздықтың жолына ар­нап, қоғам үшін маңызды ұрпақ тәр­биесіне бағыттады. Ал оның 14 жылын ұстаздардың ұстазы болып, басшылық қызметтердің тізгінін ұстаған.

ҚР Білім беру ісінің үздігі Қадыркүл Бердібекқызының өзі қалаған ұстаздық мамандықпен бірге басшылықты қа­тар алып жүргендегі өмір жолы сан буын­ның ұрпағына тәлім болар өркенді өне­геге толы. Жемісті жылдардың жеңіс­ті сәттері өте көп болды. Мерейлі 60 жылды артқа тастаған аяулы ұстаз, білгір басшы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыстық «Рухани жаң­ғы­ру» орталығының, Қызылорда қала­лық білім бөлімінің, республикалық «Қа­зақ педагогикасы» журналының Алғыс хатымен, «Тасбөгет кентіне 70 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» мере­ке­лік медалімен, ҚР Білім және ғылым министрінің «Құттықтауымен», «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының “Құрмет” грамотасымен марапатталған.

2009 жылы қаладағы мектептер ара­сында ерекше біліктілігі мен өнері дараланып, Қ.Шаймағамбетова басқара­тын №176 мектеп ұжымы Қызылорда қаласы әкімінің «Бірлігі жарасқан ұжым» номинациясын жеңіп алды.

Ал 2020 жылы Жапон елшілігінің «Шөп тамыры» әлеуметтік жобаларға ар­нал­ған қайтарымсыз грантын ұтып алу мектептің ынтымақшыл ұжымы үшін өте керемет мүмкіндік болды. Сол қаржының арқасында білім мекемесінің терезелері түгел пластикке ауыстырылды.

Жалпы қала көлеміндегі мектеп өмі­рінде болып жататын жиындар, мере­келік шара­лар, жарыстардың шоғыры үлкен. Сол салтанаттардың барлығында мектеп ұстаздары мен оқушылары қаншама же­ңістің туын көтерді.

Биылғы 2020-2021 оқу жылының өзінде жалпы білім саласына қатысты өтетін шаралардан бейтарап қалған емес. Ол өзінің жиған тәжірибесін кейінгі буын ұстаздарға таратып, ылғи белсенді көш­басшы болумен келеді. Жақында ғана Қадыркүл Бердібекқызы «Серіктес ди­рек­торлар» лигасының өткен оқу жы­лын қорытындылау шарасындағы сам­митте «Ди­ректорлардың 10 қателігі» тақы­ры­бында баяндама жасады.

Иә, 36 жылғы тарихтың қатпарында ұстаздың қалдырған өнегелі жолы, білім саласындағы өміршең бастамалары бар. Ең бастысы, өзі қанатын қатайтқан шә­кірт­терін ол білім баспалдағымен жо­ғары өрлетті. Ұзақ жылдар ұстаздарға жолбасшы ұстаз болып келеді. Тәңірдің сыйы – отанның бір бөлшегі отбасын құру болса, Алланың ол аманатын да орындап, бұл күнде жолдасы Жарылқасын екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, оларды қанаттандырып, немерелер сүйіп көркейіп отырған ұла­ғатты шаңырақтың отанасы.

Ал біздің кейіпкеріміз «Отбасы шағын мемлекет» дегенге келіседі. Бойындағы қандай да бір ерекше қасиет болса, оның бәрі өзі туып-өскен алақандай Аққыр ауылындағы ұшқан ұясының берген ұлт­­тық тәрбиесінің құнарлылығынан дейді. Шынында Отан отбасынан бас­та­лады емес пе? Ұрпақ тәрбиелеудің ұлы­­лығы да осында жатыр. Ендеше 36 жыл ұрпақ тәрбиелеген Қадыркүл Шай­мағамбетованың ұлылық көшін жалғаушы ұстаздық бейнесі жарқырап тұр.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА



07 қазан 2021 ж. 640 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930