» » ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Елдің еңсе тіктеуі жолында еңбек еткен тұлғалар қашанда құрметке лайық. Біз дәл мұндай пейілі кең, ой өрісі озық, алдына қойған мақсатына жетуде тоқтаусыз іс қылатын жандарды еске алып, есімін ұлықтау шараларын ұйымдастыруды жалғастыра беруіміз керек. Мұнан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Игі шаралардан жас ұрпақ үлгі алып, аға буынның саналы ғұмырын өзіне өнеге етеді. Жуырда жалағаштықтар ауданның экономикалық әлеуетінің артуына сүбелі үлес қосқан атпал азамат Аяған Бохановты еске алып, жергілікті халық “Ақсу жолы” деп атап кеткен үлкен жолдың бойында орналасқан шағын аудандағы бір көшеге қайраткердің есімін берген болатын. Дәл мұндай игі шара кеше тағы да жалғасын тапты.

Аудан іргесіндегі Ақсу ауылына алып барар үлкен жолдың бойында орналасқан шағын ауданға жиылған жұрттың қарасы қалың. Таң атысымен соғыс және еңбек ардагері, партия-кеңес және шаруашылық қызметтерін жауапкершілікпен атқарған Досбол Қуаңбай­ұлын еске алу шарасына келгендер атпал азаматтың өмір жолына тоқталып, дәл осы шағын аудандағы орталық көшелердің біріне ардагердің есімін берді. Жиында алдымен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, тағылымға толы ғұмыр иесінің өмір жолын жас ұрпаққа һәм замандастарына үлгі етті.

– Бүгін халықтың қарапайым ұлы, соғыс және еңбек ардагерінің елеулі еңбегінің мәртебесін арттыру, құрметтеу, рухына тағзым етуге бағытталған игі шарада бас қосып отырмыз. Қайраткер тұлғаларымызға лайықты құрмет көрсету – игілікті де сауапты іс. Біз бүгінгі күні қандай жетістіктерге жетіп жатсақ, ол кешегі өткен әкелеріміздің еткен еңбегінің, төккен терінің жемісі екеніне дау жоқ. Бүгін Досбол Қуаңбайұлы есімі ұлықталып, аудан орталығындағы бір көшеге берілуі – алдымыздағы аға ұрпаққа көрсетілген құрмет. Нар тұлғалы әкелеріміздің ісін жалғастыратын кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз аман болсын, – деді Жасұлан Ерданұлы.

Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев те соғыс және еңбек ардагерінің ғұмыр жолына тоқталып, жас буын мұндай шаралардан үлгі алу қажеттігін қаперге салды. Ал танымал тұлғаның ағайындары атынан ел ағаларына өзім де алғыс білдірдім. Шара соңында Досбол Қуаңбайұлы атындағы көшенің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтіп, ақсақалдар ақ батасын берді.

1922 жылы Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген Досбол Қуаңбайұлы өткен ғасырдың қиыншылықтарын еңсеріп, кейінгі буынға адал еңбекті, бойындағы табан­ды­лық пен жауапкершілікті өсиет етті. Сол заманның қиындығына мойымай білім алып, замандастарын һәм өзінен кейінгілерді бәсе­кеге қабілетті болуға шақырды. Рас, атпал азаматтың балалық шағы аса ауыр кезеңмен тұспа-тұс келмесе де, жастық шағында Ұлы Отан соғысы басталып жатқан еді. Ел басына қиын күн туғанда үйде бұғып жату ер азаматқа сын екенін ол да жақсы біледі. Сондықтан қолына қару алып, Кеңес жерін жау қолынан азат етуге бар күшін сарп етті.

Ол Ақтөбе қаласында жасақталған №101 ұлттық атқыштар бригадасында жауын­гер­лік жолын бастаған. Бұл бригада негі­зі­­нен Қызылорда, Орал, Ақтөбе, Гурьев об­лыс­­тарының жастарынан жасақталған бо­ла­тын. Бригаданың әскери дайындық жө­ніндегі орынбасары, жерлесіміз майор Мұса Сәдібеков еді. Д.Қуаңбаев 1942 жылдың ақпан айында айрықша пулемет ротасына ауыс­тырылады. Міндеттері №101 бригаданың штабын әуеден және жерден, жаудан қорғау болатын. Взвод командирінің орынбасары болған Д.Қуаңбаевтың қарамағында 16 жауын­гер 3 автомашина, 3 ірі колиберлі пулемет болған.

1942 жылдың мамыр айында бригаданың дайындығын тексеруге келген КСРО маршалы К.Е.Ворошиловқа бригаданың жауынгерлік дайындықтарын, әскери рәсіммен баяндаған бригада командирінің әскери дайындық жөнін­дегі орынбасары М.Сәдібековтің рапор­тын жерлес қаруластары мақтанышпен, оның на­ғыз әскери адам екенін айтып отыратын. Бригада 1942 жылдың қараша айында алғаш рет Калинин майданында ұрысқа түседі.

Немістердің «орталық» екпінді әскерлер тобы Мәскеуге жақындап қалған кезі болатын. Осындай қанды шайқастарда Д.Қуаңбаевтың взводы қорғап жатқан шептің үстімен бауырында белгісі жоқ бір ұшақ төмен ұшып келе жатады. Мұны көріп жатқан жоғары шенді командирлер де ешқандай шешім қабылдамайды.

Ұшақтың бұл астамшылдығына шыдамаған Д.Қуаңбаев үлкен колиберлі пулеметпен атып түсіреді. Қара түтінге оранған ұшақ 50-60 метр жерге барып құлайды. Д.Қуаңбаевтың бұл әрекетін жоғары командирлер бұйрыққа бағынбау деп таниды. Кейін анықталғанда бұл ұшақ немістердің барлаушы ұшағы болып шығады. Осы ерлігі үшін Д.Қуаңбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

1944 жылдың сәуір айында № 101 атқыштар бригадасының бір батальоны Витебек тас жолының бойында, орман арасындағы бір биікті алу үшін қайта-қайта шабуылға шығады. Шабуылға шыққан жауынгерлер оққа ұшып жатады. Осы бір сын сағатта Д.Қуаңбаев басқарған взвод жауынгерлері межелі жерге жетіп, ату ұясын жойып, бірнеше немісті өлтіріп, екі-үшеуін тұтқынға алады. Сөйтіп батальонның кең көлемде шабуылдауына жағдай жасайды. Кенеттен жау оқ жаудыра бастайды. Бір минометтің оғы Д.Қуаңбаевтың сол қолына тиіп, ішек-қарнын ақтарып жібереді. Шабуылдап келе жатқан Досекең ет қызумен ішек қарнын оң қолымен жинап алып ішіне қайта тығып, қолымен басып жүгіре бергенде, есінен танып құлайды. Есін жиса, әскери дала госпитальінде жатыр екен. Ота жасалып, ұзақ емделеді. Осы ерлігі үшін ол ҰОС І дәрежелі орденімен марапатталады. Калинин майданы құрамында соғысқан ол Ржев, Смоленск, Витебск қалаларын жаудан босатады.

Кейін ІІІ топтағы мүгедек болып елге оралған ол 1945-1947 жылдары Мақпалкөл, Алғабас колхоздарында есепші болып еңбек жолын бастайды. 1947 жылы аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады. 1951-1953 жылдары Алматыдағы партия мектебінде оқиды. 1953 жылы “Қаракеткен МТС” дирек­торының орынбасары болды. Ал 1954-1958 жылдары Жалағаш аудандық партия коми­тетінде нұсқаушы, 1958-1964 жылдары Жала­ғаш астық қабылдау мекемесінің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Мұнан кейінгі жылдары да әр салада қажырлы еңбегімен дараланған атпал азамат ерлігі үшін ҰОС-ның І, ІІ дәрежелі орденімен, 194-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін, ҰОС-ның 20, 30, 40, 50 жылдық медалімен, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысу­шы мемлекеттер басшылары кеңесінің 1995 жылғы 6 мамырдағы шешіміне сәйкес, Д.Қуаң­баев Кеңес одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен марапатталды.

Рысбай КӘРІМОВ,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы


25 қазан 2021 ж. 291 0