ЖАЛАҒАШТЫҚТАР ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЖӘРМЕҢКЕ
Ауданның ауыл шаруашылығы саласының өкілдері бас шаһардағы Титов шағын ауданында жыл сайын бірнеше рет жәрмеңке ұйымдастырады. Мұнда тек Жалағашта күтіп-бапталған және өндірілген өнімдер қала халқына арзан бағада сатылады. Өткен сенбіде базар бағамынан 15-20 пайыз төмен бағада тағы да Жалағаштың ауыл шаруашылығы өнімдері қала халқына ұсынылды.
Әдеттегідей таң атысымен мұнда жиылған халықтың қарасы қалың. Бәрінің мақсаты – қыстың қамын ойлап, арзан бағада ұсынылған өнімдерді артығымен сатып алу. Бұл жолы шаһар халқына 60 жүк көлігімен 34 млн 261,5 мың теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген болатын.
Титов шағын ауданының тұрғыны Ардақ Қаржаубаев мұнда ұйымдастырылатын жәрмеңкеде жыл сайын қыстық азығын қамдап алады екен. Өзінің айтуынша, мұнда ең бірінші өнімнің қай түрі өтіп кететінін де жақсы білетін көрінеді. Біз барғанымызда жүк көліктеріне тиелген бақша өнімдеріне қарама-қарсы орналасқан сөреде үлкен жайынды таразыға тарттырып жатқан еді. Кейін сұрағанымызда бұл қала тұрғынының биылғы жәрмеңкедегі алғашқы саудасы болып шықты.
– Жалағаштықтар ұйымдастыратын жәрмеңкеден жыл сайын қажетті затымызды арзан бағада сатып аламыз. Тіпті өзімді бұл ауданның сала өкілдері өндіретін өнімдердің тұрақты тұтынушысымын десем де болады. Тек биыл жылдағыдан сәл кеш келдім. Әсіресе Жалағаштың балығы тез өтіп кетеді. Бірінші саудамды осы балық алудан бастап жатқаным да сондықтан. Әдеттегідей барлық өнімнің нарық бағасынан арзан екенін анық байқауға болады. Қазір картоп, пияз, асқабақ секілді бірқатар бақша дақылдары мен ет өнімдерін молынан аламын. Мұнда тіпті қорада мал ұстайтын жандар үшін де мал азығы жеткізіліпті. Оның да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен. Жалағаштықтар әр жылды оң нәтижемен қорытындылап, бізге осындай сапалы әрі бағасы төмен өнімдерін ұсына берсін деп тілейміз. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді А.Қаржаубаев.
Мұнда бос жүрген бір адам көзге түспейді. Барлығының қимылы шалт. Сатушы бір тұтынушының қоржынын сапалы өніммен толтырса, кезекте 4-5-еуі тағы тұр. Осыдан-ақ ауданнан жеткізілген әрбір өнімнің базар бағамынан әлдеқайда арзан сатылып жатқанын анық байқауға болады. “Елде болса, ерінге тиеді” деген осы шығар сірә. Сатушыда реніш жоқ, тұтынушы да дән риза.
Биылғы жәрмеңкеде қала халқына Таң ауылындағы ет өндіру цехының да бірнеше өнімі арзан бағада ұсынылды. “Бір асым ет”, “Сыбаға” деп аталатын ет өнімдеріне де дәстүрлі шарада сұраныс көп болды. Десе де Таң ауылынан таң атысымен жеткен біршама өнім өз тұтынушыларын толық қамтамасыз етті.
Жандос ЖАЗКЕН