Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық
Қанша жылдық тарихы бар қазақ даласында күні бүгінге дейін небір дәуір өтті. Тарихтан ойып орын алған, халықты титықтатқан қанды оқиғалардан бөлек, елдің дамуына, болашаққа үмітпен қарауына сеп болған маңызды қадамдар да ел жадында. Бұл сөзімізге әріге бармай-ақ кешегі ел азаттыққа қол жеткізген күннен бергі жаңалықтар дәлел бола алады. Өйткені “тәуелсіздік” атты қымбат құндылық қазақ аспанында салтанат құрғалы халық ең бастысы еркіндікті сезінді, өз бетінше күн кешудің, ешкімге жалтақтамай өз жерінде, өз топырағында аяғын нық басудың баға жетпесін түсінді.
Қазақ – тәуелсіз халық. Қазақ тек еркіндікте өмір сүруі керек дедік. Тарихи дүмпулерге қарсы тұрып, намысты қолдан бермеген батыр бабаларымыздың да жүрек түкпірінде жаңғырған бір ғана мақсаты болды ол да – азаттық. Енді міне, талай кезеңді артқа тастап, сол армандаған азаттықтың ақ таңы атқалы отыз жыл. Отыз жылда бәрін жаңадан бастаған жас мемлекетіміз көштен қалмауға тырысты. Әйтеуір тілімізді, ділімізді, дінімізді жоғалтып алмадық. Кезіндегі хандардың ізін жалғаған бүгінгі Елбасымыз, Президентіміз өз кезеңдерінде Қазақстанның әлемге танылуына, әсіресе елдің сапалы тұрмысқа қол жеткізуіне күш жұмсады.
Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та саяси құжатта тәуелсіздік баға жетпес құндылық екенін, осы жолда қанша тер төгілгенін және елдің Тұңғыш Президентінің сарабдал саясатының арқасында Қазақстан осы уақыт ішінде көптеген жетістікке жеткенін толғана айтқан болатын. Осы егемендік дегеніміз жәй ғана жалаң ұран мен жалынды сөз емес екенін қадап айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы оның қымбат құндылық екенін тағы бір тарқатты.
«Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет» деген Президент өзінің Жолдауында ең бастысы қазіргі пандемияның әсерінен кенжелеген кей істерді алға жылжыту керектігін атап өтті. Соның салдарынан кешеуілдеген және ел экономикасына кері әсерін тигізеді-ау деген жұмыстарды айтып, пандемиядан кейінгі дамудың бағыт-бағдарын көрсетті.
Иә, расымен сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері Тұңғыш Президентіміз қазақстандықтар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін талай сыннан өтіп, көреген саясатының арқасында егемендіктің белгісін берік қалады. Жыл сайын дәстүрлі түрде Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің ертеңі үшін өзекті, ойлы шешімдер қабылдап, халықты қуатты сөзімен қанаттандырып отырды. Әсіресе жаһандық дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп берудің тетігін, Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерін кеңінен талдап көрсетті.
Тұңғыш Президент өз сөзінде дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерді қалыптастыруда кез келген мемлекет ең алдымен экономикасын дамытуға тиісті екенін, яғни қаржы, металдар мен азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыз болғандықтан, экспорттық өнімдерге сұраныстың төмендеуі әбден мүмкін екенін жеткізген еді. Осының салдарынан әлем экономикасының дамуы күрт баяулап, ірі державалық мемлекеттер арасында сенімсіздіктің пайда болуына әкелетінін де айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында дәл осы ел экономикасын көтерудегі тиімді тетіктерді атап өтіп, орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын сезініп жатқанын мәлімдеді.
«Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс. Жалпы, елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын” деді Мемлекет басшысы.
Мұнан бөлек экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керектігін қуаттаған ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскенін хабарлады.
Ел Президентінің саяси құжатында атап көрсетілген «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөліміндегі өзекті мәселелерді дер кезінде қолға алып, іске асыру келесі кезекте тұрған жұмыс. Президент айтпақшы, экономика әлсіремес үшін пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткеніндей, «Қарапайым заттар экономикасы» секілді тиімді бағдарламаларды іске қосқан жөн. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеп не болмаса елдегі жұмыссыздар санының көбейіп кетуінің алдын алады. Әркім өзінше жұмыс жасап, өз-өзін жұмыспен қамтуды, табысын арттыратын мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды үйренеді.
Дәстүрлі Жолдаудың «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» мәселелері қамтылған бесінші бөлімінде еңбек нарығындағы соңғы өзгерістерге шолу жасалған. «Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы. Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда. Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз» деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет деп, бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек екенін де атап өтті.
Тәуелсіздік алғалы бері біздің ауданда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жаңғырудың алғашқы баспалдағы саналатын латын әліпбиіне көшу бастамасы да аудан халқын бейжай қалдырған емес. Сонымен бірге салт-дәстүрді халық жадында қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында да айтулы шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, осыған дейін ауданда «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы, «Жастар – туған жерге» атты аудандық жастар форумы секілді тарихи оқиғалар көптеп орын алды. Биыл да аудан орталығында жарқын істер жарасымды жалғасын тапты. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы да қарқынды дамуда. Халық салаға серпін беріп отырған көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көруде. Қаншама қазақстандық жайлы қоныс, жаңа баспанаға ие болуда. Міне, бұл да мемлекеттің халық үшін жасаған тиімді бастамасы. Жалпы мұның барлығы халықтың әлеуметтік деңгейін көтеретін бірден-бір бастама деуге болады.
Ең бастысы Ел Президентінің «Біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз» деген сөзі Қазақстанның болашағынан үміт күтетін әрбір адамды жігерлендіреріне сенеміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ