Озат кітапханашы – Ғазиза
«Кітап – мұхит, білім –теңіз» деген сөздің парқын сөрелері ұлағат пен өсиетке толы том-том кітаптың ортасында отырып, саған жөн сілтейтін, бағыт беріп, мұхит тереңіне жүздіруге көмектесетін кітапханашыларды көргенде ұғасың. Ұғасың да қайран қаласың. Осынау қымбат қазынаның ішінде отырған жанның жан дүниесі рухани азыққа толы екенін оның көзқарасынан танисың.
Әрине, алтын көмбенің сырын, сипатын тек сол мамандар ғана біліп, саған ауадай қажет дүниені тауып беріп, білім бұлағынан сусындатады. Ал ол кісі мектеп кітапханашысы болса, оның жұмысының салмағы да ауырлау болады. Себебі тау-тау оқулықтарды, көркем әдебиеттерді әкеліп, сөрелерге орналастыру, оқу жылы басталғанда оны дер кезінде оқушыларға тарату, оқу жылы аяқталғанда мұқияттап қайта жинап алу жүктемесі оның мойнында. Сонымен қатар, мектепте өтетін тәрбиелік іс-шаралар, кітап оқушылар конференциясы, түрлі тағылымды, мазмұнды кештер кітапханамен тікелей байланысты. Сондықтан бұл мамандықты кез келген адам таңдай бермейді. Кітаптар әлемінің құпиясына мойын ұсынғандар ғана таңдайды.
Ұлы мұраттарға жетелейтін осынау мамандықты Ғазиза бала күнінен жан-тәнімен жақсы көрді. Жиналған кітаптар, оның иісі, оның үстіне өзінің көркем әдебиетті сүйетіні бар бәрі қосылып кітапханашы болсам деген асқақ арманға жетеледі. Анасы да жастайынан қаршадай қызға түрлі ертегі кітаптар, қызықты әңгімелерді көп оқытып, оның көкірек көзін ашты. Анасы әдебиетші ұстаз болған соң үйде де қазақтың ұлы классиктерінің кітаптары қаттаулы тұратын. Кітап оқыса, жаны нұрланып, ән салғысы келетін. Оған кітаптар тақтайдай жиналған кітапхана хан сарайындай көрінетін. Ішінде адамның ой-әрісі кеңейіп, санасы сауығатынын көргенде жансарайы ашылып, ерекше күйге енетін.
Иә, бала қиялды қанаттандырып, сүйікті мамандығын таңдауға талпындырған отбасындағы ұлағатты тәрбие екенін де Ғазиза тебірене жеткізді.
«Мен туылғанда қақаған қыста дүние есігін ашқаныма қарамастан, әкем мен анам тұла бойы тұңғыштарын қолына алып, ерекше қуанышқа бөленіпті. Ата-баба салты бойынша тұңғыш балаға ат қою рәсімі әжеме бұйырыпты. Осылайша менің атымды Ғазиза деп әжем қойыпты. Бұл есім араб тілінен аударғанда «Азиз – күшті, қуатты, бағалы, сүйкімді, қадірлі» деген мағынаны білдіреді. Анам Зеткүл Рахманқұлова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан мен жастайымнан әдебиетке жақын болдым. Кітапханадан түрлі кітаптар алып оқи бастадым. Үйде мыңға тарта жеке кітап қорымыз болды. Кітапқа деген құлшынысым менің мамандық таңдауыма жол ашты» дейді біздің кейіпкеріміз Ғазиза Закирова.
Өмірін өнегемен өрнектеген жанның өмір жолына көз жіберсек, ол 1969 жылы Тасбөгет кентінде дүниеге келген. 1976 жылы№202 орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1986 жылы бітіріп шығады. Сол жылы №31 орта мектепте лаборант болып жұмыс жасайды. Үш жылдан соң Жетісай мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» факультетіне оқуға түсіп, оны 1991 жылы бітіріп, содан бері ұзақ жылдар үздіксіз өзіне білім нәрін беріп, қанаттандырған №202 орта мектепте өзі қалаған кітапханашы қызметінде тер төгіп келеді.
«Білім инемен құдық қазғандай» болса, білімге құштарлықты ояту үшін кітапхананың орны ерекше. Кішкентай оқырмандармен тіл табысып, олардың керек дүниесін тауып беру үшін зыр жүгіріп көмектесіп жүрген осы бір жүрегі кең кітапхана қызметкерлеріне риза боласың.
«Елгезек болып, сергек жүрмесең, оқырманыңды жоғалтып аласың. Сондықтан барынша олармен жұмсақ сөйлесіп, жүрегіне жол табуға тырысамыз. Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мектеп қабырғасында қаланады ғой. Біз кітапханашылар мектеп мұғалімдерімен бірлесіп, бала тәрбиесіне барынша атсалысамыз» дейді Ғазиза күлімдеп.
Шынында кітапхана оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болғандықтан, оқырмандарды кітап оқуға тарту – кітапханашылардың басты міндеті. Кітап – тілсіз қазына. Оны танытатын, оқырман мен екі ортада дәнекер болатын – озық ойлы кітапханашы. Сондықтан мектепте Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» мәнерлеп оқу сайысы, «Әль-Фараби – дарынды философ» тақырыбында бейнетаныстырылым, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында зияткерлік сайыс, «Жалағашым – жасыл бағым» тақырыбында библиографиялық шолу және түрлі тақырыпта тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылғанының өзі жанданған жүйелі жұмыстың көрінісі.
«Мақсатым – өскелең ұрпақтың көкірегі ояу, көзі ашық азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Балалардың өмірде өз орнын тауып, қоғамға пайда әкелетін тұлға ретінде қалыптасуына өз үлесімді қосу. «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» деп дана халқымыз айтқандай атқарылған әрбір шара өз нәтижесін көрсетеді деген ойдамын» дейді ол.
Иә, білгір кітапханашы Ғазиза Әлібекқызының 29 жылдық еткен еңбегі зая кетпей, жоғары марапаттарға ие болды. 2001 жылы Жалағаш аудандық білім бөлімінің Мақтау қағазы, 2009 жылы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты, сол жылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің, 2018 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жалағаш аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Биылғы жылдың өзінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын педагогтармен білім алушылардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Үздік кітапханашы-2021» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанғаны Ғазизаның өз ісінің майталман маманы екенін дәлелдейді. Оның ұзақ жылғы тәжірибесі көпке үлгі етіліп, газет-журналдарда насихатталуда. Ол – таза шығармашылық адамы. Жазған мақалаларынан оның парасаты мен пайымын, өз кәсібіне деген адалдығын, кәсіби шеберлігін тануға болады. Республикалық «Мектептегі кітапхана» журналының тұрақты авторы.
«Мамандық таңдау – бұл өз-өзіңді іздеу. Сан түрлі салаларға бөлінген қызметтердің ішінен өзіңе жақынын табу. Мамандықтың жаманы жоқ. Тек таңдаған мамандығыңды сүйе білсең, атқарар қызметіңді толық біліп, жауапкершілікті түсінсең, әр саланың таптырмас маманы боларың сөзсіз. Мен – мектеп кітапханашысымын. Өз мамандығымды дұрыс таптым деп нақты айта аламын. Мектеп қабырғасынан бастап гуманитарлық пәндерді сүйіп оқып, оған қызығушылығым басым болды. Еңбек пен тәжірибе жауапкершілікті сезіну арқылы шыңдалары белгілі. Мамандығым – менің мақтанышым. Рухани білім кітапта. Кітапты қадірлеу, оны оқырманға ұсыну – біздің міндет. Мен ізденімпаз оқырманды әркез кітапханада күтемін. Оқырмандарымның көп болғанын қалаймын» дейді ол.
Білімнің алтын қақпасын оқырмандарға кеңінен ашып, ғылым кеңістігінде саяхаттауға бағдар беріп отырған кітапханашы Ғазиза Закирова өзі түлеп ұшқан мектептің тек озат оқушысы ғана емес, кітапхана ісінің озат қызметкері. Ол жолдасы Құрманғазы Аймұратов екеуі 2 перзент тәрбиелеп, мәуелі бәйтеректей көгеріп-көктеп отыр. Шығармашылықтың шыңын бағындырып, ел мақтанына айнала бер, Ғазиза!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА