» » ЕГЕМЕНДІК – ЕҢ ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ

ЕГЕМЕНДІК – ЕҢ ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ


Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті,
Аманат қой, Маған, Саған, Оған да!
Иә, ақын Қалқаман Саринның бұл өлеңі осыдан отыз жыл бұрын мемлекеттің басына бақ болып біткен Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына баршамыз жауапты екенімізді аңғартып тұр. Егемен ел болдық, етек-жеңімізді жинадық. Дамушы елдер сапында сатылап дамуға талпындық. Сол ұлы мақсаттың арқасында биыл Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдық мерекесін тойлап отырмыз. Тәңірім бұл күнді көп көрмесін, шүкір дейміз.

Расында осы егемен елдің ертеңіне баршамыз жауаптымыз. Себебі бұл шексіз байлық бізге оңай келген жоқ. Бұл ата-бабамыздың ұлы арманы еді. Әріге бармасақ та, кешегі 1986 жылы жастардың көкірегінде тулаған ұлы арман да осы егемендік болатын.
Қазақ жұртының небір қиын күндерді басынан өткергенін тарихтан білеміз. Тәуелсіздік сол нәубетті кезеңдерге төтеп берген бойымыздағы төзімділік пен ерлік, жанкештілік, патриоттық, ел ертеңіне деген үлкен сенімнің өтеуі іспетті мен үшін. Иә, егемендік алғаннан кейінгі тоқырауды біз көрмесек те, аға буын көрді, оған да төзе білді. Бастысы бұл таршылықтың да артта қаларына сенген жұртымыздың бойында мемлекеттің кемел келешегіне денен сенім нығая түсті.

Отыз жылдық белесті артта қалдырған мемлекеттің Мәңгілік Ел болуға ұмтылысын оның қарыштап дамуынан айқын аңғарамыз. Ал жоғарыда айтып өткен сол тоқырау жылдарды біздің еңсеруімізге де келешекке бастаған қарышты қадамымыз сеп болды десек, асылық болмас.

Отыз жылда еліміз экономикасы тұрақты дамыған, саяси аренадағы орны нық, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды. Тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстан атын әлемге паш ете бастаған тұста дүние жүзінің түкпір-түкпірінде жүрген қазақтар да қуанды. Өйткені олардың тарихи Отаны, бабалар мұрасымен үндесіп жатқан атамекені Қазақстан еді. Егемен елдің ертеңі бүгінгі жасаған ісімізден көрінетінін естен шығаруға тағы болмайды. Сондықтан патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік, төзімділік, ел ертеңіне деген сенім секілді ұлы қасиеттер бойымзыда әлі де болуы қажет.  

Тәуелсіз қазақстанның экономикасы тұ­рақ­ты, айбаты да осыған сай болуы  тиіс. Же­рімізде көптеген пайдалы қазбалардың ошақтары бар. Басқасын айтпағанның өзінде көмір, уран, мұнай өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатынан табыламыз. Бұл да болса, пейілі кең қазаққа құдайдың берген нәсібі болар.

Иә, мемлекеттің қарыштап дамуы елдегі барлық саланың сепін алуына тікелей байланысты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі бағдарламалар әзірлеп, әр саланы қолдауға бағыттағаны да сондықтан. Ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалар арқасында еліміз бәсекеге қабілетті мемлекеттер санатына кірді. Осы жылдар ішінде қазақ жұртыныцң жүріп өткен жолы әлем назарынан тыс қалған емес. Тіпті елдік пен бірлікті басты бағыт, татулықты ту еткен мемлекетіміз туралы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де өздерінің оң пікірін білдірді. Бұл – елімізді әлем жұртшылығы таниды, мойындайды деген сөз.

Тәуелсіздік алғалы бері елімізде сан мыңдаған тарихи оқиғалар да орын алды. Әлеуеті жағынан әлемдегі 4-ші арсенал сана­латын ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигоны жабылды. Дүние жүзінің санаулы ғана мемлекеттерінде бар ғарыш айлағы – Байқоңыр бізде орна­ласқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Тәуелсіздік алып, егемендік еншілегеннен кейін өзімізден шыққан ұшқышты ғарышқа ұшыру бақыты бұйырды. Бұл абыройлы міндет қайраткер Тоқтар Әубәкіровке міндеттелді. Осылайша ол қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Елбасының бастамасымен ТМД, Кеден Одағы,  Еуразиялық Одақ құрылды. Қазірдің өзінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы жұмыс жасап тұр.

Осы күнге дейін титтей де бір жетістікке қол жеткізсек, соның барлығы егемендіктің арқасы деп білеміз. Өйткені тәуелсіздік біздің басымыздағы бағымыз ғана емес, қызғыштай қорғайтын алтын тәжіміз болып қала береді. Мереке құтты болсын, барша отандас, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
16 желтоқсан 2021 ж. 220 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930