» » Тәуелсіздік жылдарындағы Жалағаш

Тәуелсіздік жылдарындағы Жалағаш

Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстанның Тұңғыш Президенті

І

Тұрақтылық пен тұтастықты мемлекеттің мызғымас межесі етіп белгілеп, орнықты дамып, әлемнің озық ел­де­рімен иық теңестірген еліміздің тәуелсіз мемлекет атан­ғанына ордалы отыз жыл толды. Осындай қысқа мер­зімге қарамастан егемендіктің елең-алаңының өтпелі ке­зеңіндегі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі дүние жүзіндегі керегесі кең, терезесі тең мәртебелі мемлекеттер қатарына қо­сыл­ды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделіп, елдің тұтас­ты­ғы, жердің бүтіндігі, мемлекеттің тәуелсіздігі бүкіл әлем қа­уымдастығы тарапынан толық мойындалды. Осы­лай­ша, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арман-аң­са­ры­на айналған ұлы мұраты ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты.

«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынған жиында Елбасы «Біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қол­дап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз» деді. Елбасының басты мақсаты – Қазақстанды теңдесі жоқ ұлы елге айналдыру. Ол үшін шөлді даланы жандандырып, жаратылыстың адамға керегінің бәрін де қамтып, туған жердің бар аймағын игілікке толтыру.

ІІ

Бүгінде еліміздің қай түкпірін алып қарасаңыз да жаңаша жаңғырып жатқанын көресіз. Осындай шұғы­лалы шақтың мекенімізде де болып жатқанын мақтанышпен айтсақ, артық бола қоймас. Әрине, мұның барлығы – егемендіктің құдіреті. Осыдан 30 жыл бұрын кент көшелерінің асфальттары тозып, жарығы дұрыс жанбайтын. Ал қазір ше, кенттегі көптеген көшеде түн болса электр жарығы жарқырап тұр. Көшелер түгелге жуық асфальтталды. Келбеті келіскен кенттің жапырақ жайған талдары жаз айларында жасыл желекке бөленіп, жайқалып тұрады. Әрине, жақсы жайлар өздеріңіз көріп отырғандай аз емес.

Қазақта «Әйелге қадірім жоқ етімді көреді, ағайынға қадірім жоқ бетімді көреді» деген мақал бар. Тамаша емес пе? Сол сияқты бүкіл елде, қалаберді өзіміз өмір кешіп жатқан жерде адам үшін қаншама жақсы істер атқарылып жатыр. Соның бел ортасында жүріп, кейде аңғармайтынымызды жасыруға болмайды. Алдыңғы буын ағалардың жастарға «Жақсы қасиетіне қасиет қос» деп тілек айтуы осыдан болар. Енді бүгін туған аймағыңа қарашы. Бұл араны «тоғыз жолдың торабы» десең, мүлде қателеспейміз. Мынау «Пекин-Мәскеу» жаңа заманның жаңа талабына сай салынып, іске берілген жаңа трасса асфальт жолдың бойы ертең-ақ тіршілік көзіне айналып, гүлге бөленері анық. Оған қазірдің өзінде осы трасса бойына салынған тынығу үйлері мен кафелер, техника жөндеу станциялары құрылыстарының жұмыс жасауы толық дәлел. Сансыз жылда өтер, айтулы трассаның екі қапта­лындағы құрылыстарда одан әрі жалғасын тауып, ашық дала тіршілік көзіне жарап, елді мекенге айналар-ау деген ой келеді.

Ойды ой қозғайды, осы орайда аудан аумағынан өтетін асфальт жол мен теміржолды халықтың ырыс-несі­бесі, сарқылмас қазынасы деуге болады. Оның үстіне екі алып жолдың ортасында ағып жатқан арынды Сырдария өзенін айтпасақ, кеуіліміздің кеншімейтіні тағы бар. Осы тұста даңқты ақын Әбділда Тәжібаев жырға қосқан «Сырдария» өзені табиғаттың Сыр еліне мәңгілікке сый­лаған байлықтың көзі десек, асыра айтқандық болмас. Енді біз ғасырлардың қабатында қалған жайларды қоя тұрып, егемендігіміз жайлы сыр шертпекпіз.

Дүниеде қанша адам болса, оның қоғамнан алатын ор­нын меңзеп беретін заман ағымының маңызы ай­рық­ша. Жалпы өмірдің өзі адамдардың білім мен ой жары­сы­нан тұрады десек, қателеспейміз. Соның нә­ти­жесі деуге болар, соңғы жылдардың өзінде аудан орталығы таны­мастай өзгерді. Тіпті «Астана», «Қызыл­орда», «Сейтнәби Мұқашев», «Жасөспірімдер», «Жеңіс» атты жаңадан парктер салынып, ел игілігіне берілді. Бұл аталған парктердің барлығы да қазіргі өскелең өмірдің талабына сай жабдықталған. Жаз айларында қай дема­лыс паркіне барсаңыз да бос орын таба алмайсыз. Онда өткен-кеткенді әңгіме етіп отырған ардагер ағалар мен әже­лерді, кішкентайларын қоларбаға салып қыдырып жүр­ген ерлі-зайыпты жастарды көресіз. Жүргіншілер де аз емес. Біреулер екеуара шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрып ба­рады. Демалушылардың ішінде сан алуан адам бар. Жас та, кәрі де кездеседі. Біреуінің қолында бүктелген га­зет, қайсыбіреулері кітап ұстаған. Шіркін, осылардың әр­қай­­сының өзінің аяқталмаған бір армандары бар шығар-ау.

III

Еліміз егемендік алғаннан кейін жаңа өмір, жаңа кезең басталды. Үлкен әріппен жазылатын кәсіпкер деген атау дүниеге келді. Мәселен, отыз жыл ішінде аудан бойынша 1179 кәсіпкер тіркеліп, еңбек етуде. Бұларда 6170 адам жұмыспен қамтылған. 218 шаруа қожалық, 74 кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлға бар. Ал қалған 887 кәсіпкер, бұлардың ішінде үлкенді-кішілі дүкендер, кафелер, қонақ үйлер, таксистер және басқа да бар. Тек Жалағаш кентінің өзінде халыққа 278 дүкен қызмет көрсетеді. Автобусы бар, таксисі бар 142 көлік тұрғындардың алыс-жақын сапарларға шығуына мүмкіндік туғызып отыр. Орталықта «Жібек», «Әділет», «Бәйтерек» сауда орталығы жұмыс істейді. Бұл да егемендіктің жемісі.

IV

«Әркімнің туған жері – Мысыр шахары» деген. Жалағаш кенті көшелерінің түзулігімен, ағаштарының желегімен облыс территориясындағы үлкенді-кішілі ауылдар мен кенттердің ең алдыңғы шебінде тұрғанын мақтанышпен айтамыз. Мәселен, орталық алаңды алып қараңызшы, ондағы әсем арканы бұрын үлкен қалаларға барғанда көретінбіз. Ол ол ма, алаңда талай жаңа белгілер тұрғызылып, жаңа фонтан ашылды. Тұғыры биік көк байрақ туымыздың тұрғаны анау. Ары қарай жүрсеңіз, автовокзал мен теміржол вокзалының алдындағы биік тұғырдағы электр сағаты да айналаға көрік беріп тұр. Осы орайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» атты бағдарламасына байланысты аудан орталығынан 1200 орындық зәулім мектептің бой көтеруі біз үшін үлкен жетістік, үлкен мақтаныш. Кенттегі №123 орта мектеп бұзылып, жаңа білім ошағы бой көтерді. Аламесек, Мырзабай ахун, Далдабай, М.Шәменов ауылдарынан салынған жаңа мектептер де тәуелсіздік жемісі. Мәдениет пен Бұқарбай батыр ауылында заман талабына сай салынған спорт кешені, бәрі-бәрі егемендіктің жемісі. Аққұм мен Мәдениет ауылынан жаңадан салынып іске берілген Мәдениет үйлері де бүгінгі күннің жақсы жаңалығы.
Кент орталығындағы адамның көз жауын алатын үлкен стадионды қалай айтпайсыз?! Онда толассыз жарыс өтіп жатса, қалай мақтанбасқа, жастарға керегінің өзі де осы емес пе?! Барлық ауылдарда балаларға арналған шағын стадион салынғанын паш етуге тиіспіз. Бұрын шаң-тозаңның ортасында доп тебетін ауыл балалары енді алаңда емін-еркін сайран салуда. Аудан орталығынан заман талабына сай салынған «Ақмаржан», №19 санаториялық балабақшаларын қалай айтпай кетеміз. Сол сияқты ауданның барлық елді мекендерінде балабақшалардың жұмыс істеп тұрғаны соңғы жылдардың жемісі. Бұның барлығына егемендіктің арқасында қолымыз жетті.

V

Біз тіршіліктің қай саласын aлсaқ тa ілгерілеп өсудеміз. Соның бір дәлелі – көшелер. Иә, өзіміздің күнделікті жүріп өтетін көшелеріміз. Мысалы, кентте 1991 жылы көше саны 54 болатын. Егемендік алған жылдар ішінде екі жүзден астам жаңа үй салынып, 18 көше өмірге келіп, барлық көше саны 72-ге жетіпті. Басты көшелердің көбісіне тротуарлар салынған. Еске алатындай өзгеріс емес пе?! Көп жағдайда көше атауын атағанымыз болмаса, оған терең үңіліп, мән бермейміз. Шын мәнінде көше – өмір ағысы. Көшені тереңірек танитындар: почтальон, таксист, онан соң журналист. Шындығында нағыз почтальон көше, үйлерді, онда тұратын адамдарды жақсы біледі, тіпті жанашыры, досы болып та алады. Таксист қай көшенің қай тұста екенін топографиялық тұрғыда біледі. Ал журналист өзінің көп жылдар бойғы жанынан тастамайтын жапырақтай блокнотындағы қаптаған көше, адам аттарына қарап, оқиғаларды, күндерді, жылдарды, адамдарды, тағдырларды еске түсіреді. Көшеден өткен мен бүгінгіні, тарихты, әрқилы оқиғалар мен тағдырларды, ерлік пен елдікті, түрлі салт-дәстүр мен моральды, достық пен махаббатты кездестіреміз.

Біз Мөрәлі Шәменов атындағы көше бойымен жүріп келеміз. Көше атауының өзі көп нәрсені еске түсіреді. Еске түсіргені емес пе, атам қазақтың «Жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы жатқаны еріксіз еске келеді. Өмірде жақсының аты ісімен, өнегесімен, адалдығымен, адамгершілігімен, іскерлігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені халықтан асқан көреген жоқ. Қашанда, қандай іске болса да, халық өзінің адал бағасын береді. Бүгінгі таңда еліміз егемендікке қолы жеткен кезде бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл қасиетіне айналып отыр. Ал еске алып отырған атауды соның мыңнан бір мысалы десек те болады. Осы айтып отырғанымыздың өзі жалғаса берер өмірдің өнегелі сабағы жазылып қалар кітабы сияқты.

VI

Бағамдасақ, егемендік таңы атқан 30 жыл ішінде елімізді қай жағынан алып қарасақ та тек өсу жағында екенін көреміз. Яғни экономикалық, мәдени-әлеуметтік, рухани жағынан да өрлеу дәрежесінде. Бұл – еліміздің бағы, халқымыздың бақыты. Сондықтан талап та, тақырып та егемендік жайлы болуы тиіс. Жалпы журналистер әрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезіп отыратын, мазасыз халық қой. Олар – қоғамның бел­сенді және жаңалықты, әділдікті, жасампаздықты жақтаушы қолқанаты. Сондықтан өмір тілегінен туған осындай мәселелерді баспасөз бетінде еркін көтеріп, халық пікірін ұйымдастырсақ, құба құп емес пе? Халық пікірін тыңдау, көпшіліктің ойын ортаға салу, жақсысын жақсы деп айтып, олқылықты болдырмаудың алдын алу елдің ауызбірлігін сақтауға баратын төте жол десек, қателеспейміз.

Ойымызды ашық айтып, ақты ақ деп, қараны қара деп, елеусіз қалғандарды қайта жаңғыртып, елін, жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымызды мәңгі есте сақтайтындай жастарға тәлім-тәрбие беретіндей алып ескерткіштер са­лып, ел тарихын естен шығармайтындай шаралар өткізіп, өр­кениетті елдермен иық тіресе көтеріліп келе жатқа­ны­мыздың өзі егемендіктің арқасы. Ендеше қазіргі ұлы байлық – егемендік.
VII

Тәуелсіздік тарихына үңілсек, елімізді озық, дамыған 30 елдің қатарына қосуды межелеген «Қазақстан – 2050» стратегиясы қабылданды. Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асты. Бұл мерзім ішінде саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға да аса мән берілді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты.
Егемендіктің 30 жылдығы бүгінде тарихқа айналып, болашағымыздың негізін қалады. Оның жарқын көрінісін аудан өмірінен де айқын аңғарамыз. Атап айтсақ, бүгінгі аудан орталығы кешегі аудан орталығы емес, мүлдем өзгерген. 30 жылдың шуақты күндері кентті мүлдем басқа түрге бөледі. Басты көшелердің көбісі жөндеуден өтті. Аудан орталығынан шығатын 14 ауылға баратын жолдың барлығына асфальт төселген. Тамаша емес пе?!

Осы жылдар ішінде кенттегі жаңадан бой көтерген имандылық үйін, игілікке берілген инфекциялық аурухананы, емхана мен 100 орындық аурухананы қалай айтпаймыз. Бұл көптің көптен күткен арманы еді. Ол да орындалды. Бұлардың қатарына мәдениет және өнерді дамыту орталығының ғимараты мен күрделі жөндеуден өткен аудандық кітапхананың, жаңа техникамен жабдықталған үлкен су құбырының құрылыстарын да қосуға болады. Жаңадан бой көтерген аудан әкімдігінің ғимараты, ау­дандық полиция бөлімінің нысаны жемісті жылдардың жаңалығы болып саналады. Ал биыл аудан тарихында, жұрттың жадында мәңгі сақталатын жыл болғалы тұр. Себебі көптен күткен көгілдір отын аудан орталығына келді. Мұны көріп отырған халықтың биылғы күзден бастап жылуды газды пайдалану арқылы алатын қуаныштарында шек жоқ. Осы жақсы жаңалықты естіген батыр ана, Ұлданай атты қарт әже: – Біздің жас кезімізде дарияның арғы беті де, бергі беті де сыңсыған тоғай болатын. Бертін келе сол тоғайды пайдаланудың салдарынан әлгі айтқан тоғайлы алқап ашық алаңға айналды. Енді оған тоқтау болатын шығар-ау, – деді. Шіркін, табиғат та жас бала сияқты ғой, тимесең, аяласаң, түрлі түске еніп, көрік береді.

VIII

Заман біздікі қандай тамаша, ұтымды сөздер. Бұл қазіргі жастардың көкейіндегі сөзі, шындығы солай. Бұған біздер, қариялар қызыға қараймыз, іштей әттең деп қоямыз. Біз де жас кезімізде Отан үшін еңбек еткенбіз. Қазір де солай. Егемендіктің қадір-қасиетін жүрген жерімізде, жиын-тойларда, шамамыз келгенше паш етіп, жастарға жеткізе айтамыз, оны қадірлей білуге шақырамыз.

Бұл күндері бар жерде егемендіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оған ардагерлер де белсене қатысып, өз үлесін қосуда. Жер мен ел тарихын, шежіресін көкірегіне тоқып алған қарияларымыз Аққұмнан Қосым Жүсіпбеков, Аламесектен Әлтай Пірманов, Мә­де­ниеттен Қалдыбек Сарбасов, Бұқарбай батырдан Қа­бы­ланбек Нұрмағанбетов, М.Шәменовтен Сағыналы Құ­­лан­баев, Ақсудан Тынымбай Берлібеков, Еңбектен Мар­хабай Балханов, Жаңадариядан Сапабек Тұрмаханов, Аққырдан Шора Қалдыбеков, Таңнан Нұрадин Жұбанов, Мақпалкөлден Қ.Мұстафин, аудан орталығынан Оспан Жан­ұзақов, Амангелді Мақатаев, Б.Іздібаев, Тұрма­ғанбет Сығайбаев сынды ардагер ақсақалдар оқушылармен кез­десу жиындарына қатысып, егемендік жәйлі әңгіме етуде. Олар 30 жыл ішінде еліміздің асқан асуы, аттаған белесі, хал­қымыздың жүріп өткен жолы жайлы және кез келген дамыған мемлекетте саяси сабақтастықтың сақталатынын, ұрпақ өсетінін, буынның алмасатынын, заман өзгеретінін, әр дәуірдің өзіне сай үні болатынын көпшілік жиындарда, бас­қосуларда салиқалы әңгіме етіп айтады. Әрине, мұны үл­кендердің жастарға көрсетіп отырған үлгі-өнегесі деп қарау керек. Осы жерде елдің болашағын арыдан ойлаған Елбасының саясат жарығында шыңдалған білікті азамат Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел басқару тізгінін тапсырып, кө­ре­ген шешім қабылдағанын айтып кетудің орайы келіп тұр.

Алдымызда әлі қыруар жұмыс бар. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі де айтып, тиісінше атқарушыларға міндеттеп жүргенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Ол егемендіктің тұғырын биіктететін, бірлікті нығай­татын, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын ғылым мен білімді шырқау биікке көтеретін жұмыстар. Ендеше оны орындау үшін асығуымыз керек, уақыт күтіп тұрмайды. Әлі талай құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірге тең қаларлық жаңалықтардың келері анық. Біздер, алдыңғы буын ағалар Қазақстан Егемендігінің 30 жылдығына осынау ұлы замана шежіресіне куә болғанымызды мақтан тұтамыз. Уақыт осылай өте береді. Ал егемендіктің даңқы да, ісі де зор.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағы мен Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері

16 желтоқсан 2021 ж. 253 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930