ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ БІЗГЕ ДЕ СОҚҚАН
Мен 1986 жылдың ақпан айында аудандық партия комитеті бюросының шешімімен «Аққұм» совхозы партия комитетінің хатшылығынан аудан орталығындағы № 15 кәсіптік- техникалық училищенің директоры болдым. Ол М.С.Горбачевтың қайта құру, плюрализм деген саясатының өршіп тұрған кезі. Ауыл шаруашылығына қажетті ауданда орта біліммен қоса кең көлемде машинист-тракторист мамандығы бойынша мамандар даярлайтын оқу орнының басшысы «айда» арыздың құрбаны болып қызметтен босап кетіп, ұжымда оқу-тәрбие жұмыстары, еңбек тәртібі босаңсыған.
Ауданға жұмыс сапарымен келген сол кездегі облыстың бірінші басшысы Н.Е.Әуелбеков оқу орнында бірнеше рет болып, училищенің жұмысын басты назарға ұстады. 1986-1987 оқу жылынан бастап училищеде орта қысқа курстарды есептегенде жыл сайын оқушылар саны 640-қа жетті. 1986 жылдың 17 желтоқсан күні жұмысқа ерте келіп, жылу қазандығын, техникаларды, асхананы, жатақханадағы оқушылар жағдайын көзбен көріп, бас ғимараттағы мұғалімдер бөлмесіне бас сұқтым. Келсем, ардагер ағамыз Болтай Тасыбаев, Темірхан Бекжанов, Сансызбай Досболов, Зордан Салықбаев пен оқытушылар Мәскеуден «Уақыт» бағдарламасы бойынша түнде берілген соңғы хабарды қызу әңгімелеп жатыр екен. Барлығымен амандасып, оқу ісі меңгерушісінің орнына отыра бергенімде Бөкең атымды атап: – Сен түнде Мәскеуден берілген «Уақыт» бағдарламасының жаңалығын тыңдадың ба, – деді.
Мен жылу маусымы басталғаннан түнгі 00:00-ге дейін жылу қазандығы мен жатақханадағы оқушылардың жағдайын бақылайтынымды, кейде теледидар көре алмайтынымды айттым. Сөзді Бөкең бастады: – Хабарда диктор 16 желтоқсан күні Алматыда маскүнемдік пен нашақорлыққа салынған қаланың арнаулы орта кәсіптік-техникалық оқу орнының жастары көшенің бұзақыларымен бірге Республика алаңына жиналып, тәртіпсіздік жасағандығы, Үкімет пен тәртіп сақшылары тарапынан айтылған талаптарына көнбегені, араларында қақтығыстар болғанын айтып, жағдай одан әрі шиелене түсуде деп хабарлады, – деді.
Мен сабырға шақырып, кабинетіме келіп отыра бергенімде, аудандық партия комитетінен телефон шалып, сағат 10:00-де жиналыс болатынын айтты. Келсем, аудан активі, мекеме басшылары, бастауыш партия ұйымдары мен кеңшар партия комитеттерінің хатшылары түгел отыр. Жыл аяғы болғандықтан, ауданның бірінші басшысы еңбек демалысында еді, жиынды аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Е.Тұрабаев ашып, онда 16 желтоқсан күні Алматы қаласындағы маскүнемдік пен нашақорлыққа салынған қаланың бұзақылары мен арнаулы орта оқу орнының жастары Республика алаңына жиналып, тәртіп сақшыларының талабына бағынбай бейбастыққа салынып, ішкі істер органдары тарапынан тәртіпке шақыру шаралары жүргізілген өзара қақтығыстар болғанын, қазір жағдай қалыпқа келгенін сыпайы түрде қысқаша хабарлады. Партияның қатаң тәртібіне үйреніп қалған актив бір ауыздан сұрақ қойған жоқ. Бірақ түрлерінен «Бұл жағдайдың болу себебі неде?» деген сауал жатқаны анық байқалды.
Осы жағдайды түсініп отырған, табиғатынан әділдік пен батылдылықты бойына дарытқан, өзінің ой-пікірін еркін айтатын Ерекең: – Жастардың орталық алаңға шығуы, өз ойларын жеткізуі, талаптар қоюы жақында өткен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Пленумының шешіміне наразылығынан туындаған, ар жағын өздерің білесіңдер. Біз коммунистік партия басқарған елміз, партия шешімін біз жақсы түсініп, орындауға міндеттіміз, түрлі бей-берекетсіздікке жол бермеуіміз керек. Алаңға шығып, тәртіпсіздік жасағандар негізінен саяси сенімдері жетілмеген арнаулы, орта оқу орнының студент жастары. Сондықтан аудандағы кәсіптік-техникалық училищенің директоры, жастар, партия ұйымдарының жетекшілері, мекеме, шаруашылық басшылары саяси қырағылықты күшейту керек. Соңғы түскен деректерге қарағанда, аулалар мен ғимараттарға Пленум шешіміне наразылықтарын білдіріп, жазып кету сияқты жағдайлар орын алуда, содан сақ болыңыздар, – деп сөзін аяқтады.
Не керек, елімізде болған, оның ішінде оқу орнының басшыларына, ұжымына деген дүрбелеңді біз де басымыздан өткіздік. 1987 жылы наурыз айының соңғы күндері болатын. Түстен кейін жұмыста отыр едім, қызмет телефоным безілдеп қоя берді. Телефон байланысындағы қыз: Сізді Алматы сұрап жатыр, – деді. Ол жаққа тығыз хабарласатындай шаруаның жоқтығын ойыма демеу етіп, телефонды көтердім. Өктем дауысты, әрбір сөзі ызғарлы азамат: – Бұл Жалағаш па? №15 кәсіптік-техникалық училище ме? Сіз директор боласыз ба? – деп сұрақ жаудырды. Мен жауап бергеннен кейін өзі органның өкілі екенін айтты. – Сіз жерлесіңіз Берікбол Рахманбердиев деген азаматты жұмысқа қабылдапсыз. Ол Желтоқсан оқиғасының бел ортасында болған. Көркемсурет училищесінің студенті, алаңға шығушыларға лозунга, ұрандар жазып, белсенділік көрсеткен, сол үшін ол оқудан шығарылған. Ал сондай адамды сіз училищеге жастардың ортасына жұмысқа қабылдапсыз. Сіз Желтоқсан оқиғасы, елдегі жағдайды білесіз, оқу орнының басшысы, коммунист ретінде есеп бердіңіз бе? – деп сұрақ жаудыра бастады.
Мен де әнгіменің төркінін түсініп, ол оқу орнына суретші болып қабылданғанын, осы ауданның байырғы тұрғыны, әкесі ауданда жауапты қызмет атқаратынын, өнегелі отбасының азаматы екенін, әрбір Кеңес азаматы өзінің мамандығына сәйкес жұмыс істеуге құқылы екенін айтып, түсіндірумен болдым. Не керек, әнгімеміз жараспады.
Арада 5-6 күн өткенде түстен кейін кабинетіме түсі суық, ызғарлы, бұрын көрмеген қазақ жігіті келіп кірді. Ол өзін жақында телефонмен сөйлескен азамат екенін айтып, өткен жолғы телефонмен айтылған әңгімесін жалғастырды. Әңгіме сол бұрынғы айтылған қалпында өрбіді. Маған дейін ол Берікболмен жұмыс орнында, клубта үлкен творчестволық пано жасап жатқан жерінде кездесіп, оның отбасы, оқыған мектебінен хабардар болған екен. Әңгіменің қысқасы, ол Берікболды жұмыстан босату жөнінде, оның мұндай оқу орнында, тәрбие ошағында, жастардың арасында жұмыс істемеу керегін айтып, талап қойды. Мен өзімнің бұрынғы ұстаған көзқарасымды дәлелдеумен болдым.
– Ол қандай қылмыс жасаған? Қандай негізде жұмыстан шығады? Мен оны жұмыстан босатуға құқым жоқ. Сіз дәлелдеме құжатын беріңіз. Сіз де, біз де Еңбек Заңына бағынамыз, – деп бой бермедім.
Шамасы мені атымен сескендіріп, орындатамын деген ойы жүзеге аспайтынын біліп, екі-үш күннен кейін қайта келетінін, соған дейін жұмыстан босағаны жайлы бұйрықты дайындап қоюымды айтып, кетіп қалды. Айтқан уақытында тағы да келді. Айтатыны сол бұрынғы әуені. Әңгіме шиеленісе түсті. Бұл кезде Желтоқсан оқиғасының жайы түсінікті болған еді.
Мен де Желтоқсан оқиғасына саяси мән бере сөйлеп: – Болып жатқан оқиғаны көзбен көріп, жасалып жатқан озбырлыққа, ұлт жастарына деген қорлыққа, ұрып-соғуға шыдамай, замандастарымның үстемдікке қарсы үн қосуы, ойын білдіруі қылмыс емес. Сол үшін оқудан шығарылып, ауылына қуылды, енді ол қайта баруы керек. Бір жасаған кемшілігі үшін екі рет жазалануға тиіс емес. Біздер аяқтарын жаңсақ басқан жастарды тәрбиелейтін, кемшілігі болса түзейтін, жолға салатын тәрбие орнымыз, – деп өз көзқарасымда қалдым.
Берікбол оқу орнында 4 жылдай еңбек етті. Желтоқсан оқиғасының ызғары осы жылдары қайтқандай болды. Бірақ бұл оқиға біраз уақыт өз салқынын тигізіп тұрды. Тәуелсіздік мерекесі жақындаған тұста осы оқиға есіме жиі түседі.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы