Жемқорлық – қоғам дерті
Қоғамда болып жатқан оң өзгерістер мен келелі істер – елдің өркендеуіне жасалған алғашқы қадамдар. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріміз игі бастамалардың қолға алынғанының нәтижесі деп білеміз. Озық отыздыққа енуді мақсат тұтқан мемлекетіміз егемендігінің арқасында жарқын жобалардың жемісін көруде.
Жалпы елдегі атқарылған ауқымды жұмыстар жарқын болашақтың кепілі деуге болады. Әр жылы халыққа арналатын Жолдауларда да ұтымды ұсыныстар айтылып келеді. Бұл жұмыстар өз жүйесін тауып қана қоймай, ел игілігіне қызмет ететін жобаларды қалыптастыруда. Елдегі жарқын жобаларды тілге тиек еткенде, әсіресе кәсіпкерлік саласының дамуына бағытталған түрлі бағдарламаларды айта аламыз. Бұлар өз кезегінде елдегі аталған саланың серпін алуына және ең бастысы әлеуметтің әлеуетінің жақсаруына септігін тигізді. Көптеген ниетті жандар осы бағдарламалар аясында өз кәсіптерін бастап, өзгені де жұмыспен қамтыды. Айналып келгенде елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне де әсер етті.
Әр салада осындай серпін қалыптасу үшін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Мемлекеттің онымен күрес шараларын жүйелі жүргізуді мақсат етуі де сондықтан. «Ұрлық түбі – қорлық» екенін естіп-біліп жүрсе де, іс жүзінде керісінше әрекетке баратындар жоқ емес. Бұл – шектен шыққандық және біреудің ала жібін аттау деген сөз. Кез келген жетістікті, биік мансапты бармақ басты, көз қыстылықпен шеше аламын деп ойлайтындар түбінде опық жерін түсінбейді. Тіпті осындай қателікке бой алдырып, сүйегіне өшпес таңба басылған жаза басушылардың өмірі де басқаларға сабақ болмай тұр. Біреудің өзегін өртеген өкінішті өзіне сабақ еткісі келмей, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді жөн көреді. Осындай жеңіл ойлы адамдар жемқорлық арқылы өз болашақтарына балта шауып жатқанын түсінсе, өзінің де, ұрпағының да адамгершілік биігіндегі асыл қасиеттерінен ажырап қалмас еді.
Ғабит Ерболұлы,
аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы