» » Жаңа Қазақстанның жарқын істерін қолдайық

Жаңа Қазақстанның жарқын істерін қолдайық

Еліміздің тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса қиын да қатерлі кезеңге тап болдық. Ата-бабаларымыз аңсаған, қолымыз жеткен тәуелсіздігімізді жұдырықша жұмылған ел болып, шаңырағымызды шайқалтпай аман алып қалдық. Қазақстан – жер көлемі жөнінде дүниежүзінде тоғызыншы орындағы табиғи қазба байлығы мол ел. Осындай жері мен байлығына қызыққан, тәуелсіздігіміздің отыз жылында халықаралық сыртқы саясатта, экономикамыздың дамуындағы жеткен жетістігімізді көре алмаған содырлар өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруға тырысып бақты. Иә, олардың бізден басқа да дүниежүзінің әр бұрышындағы халықтарға лаң салып, оның соңы мемлекеттік төңкеріске ұласқанын тарихтан жақсы білеміз. Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз алдарына тәуелсіз ел болып шаңырақ көтерген жекелеген одақтың бұрынғы республикаларында ішкі және сыртқы лаңкестердің пәрменімен ұлтаралық, жер, шекара төңірегінде шиеленістер орын алып жатты. Әсіресе көпұлтты, көпконфессиялы елдер лаңкестер мен террористердің, сол елдегі қоғамдық құрылысқа, саяси бағыт бағдарына, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы шағын, орта кәсіпкерлікті дамытудағы жұмыстарына ойран келтіру басты мақсаттары болғаны жасырын емес. Осындай қасіретке үстіміздегі жылдың алғашқы айында, еліміздің бірнеше аймағында лаңкестер мен террористердің шабуылына тап болып, санаулы қиын күндерді басымыздан өткіздік.

«Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында мұны бірнеше жылдар бойы жоспарланған зұлымдық деуге болады. Елдің, мемлекеттің қауіпсіздігі, қорғаны – оның әскери, қарулы күштерімен, тәр­тіп­пен конституциялық заңдылықты жү­зеге асыратын құрылымдар. Осы сала бойынша ең бірінші қазіргі заманауи қару-жарақтармен дүниежүзіндегі тәжірибе көр­сетіп жатқандар қазіргі заманда етек алып бара жатқан шекарасы, майдан шебі жоқ антитеррористік соғыс өнеріне барынша жаттығып, еркін меңгеру басты міндет болу керек.

Өкінішке орай жастарымыздың «Жалпыға бірдей әскери міндеттерін» орындау заңы болса да кейбір жастарымыздың Отан алдындағы азаматтық міндетіне құлық­сыз­дығын не деуге болады?

Осындай жағдайға барған ер аза­мат­тардан, оларды тәрбиелеген ата-аналарынан жауапкершілік сұралуы керек. Ақпарат құралдарынан оқып, теледидардан көргендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ кезектен тыс сессиясында сөйлеген сөзінде: «Алматы қаласындағы ішкі істер департаменті ғи­ма­ратының төңірегіндегі соғыс екі түнге созылды. Полиция қызметкерлері лаң­кестердің шабуылдарына тойтарыс берді. Кем дегенде 5 есе сан басымдықпен пай­даланған лаңкестер полиция қызмет­кер­лері мен әскери қызметшілерді аяусыз ұрып-соғып, 2 әскери қызметшінің басын кесіп алған. Ауруханаларға айуандықпен шабуыл жасады. Мемлекеттің ресурсын бөлшектеу үшін, шабуыл ұйымдастырушылар ауқымды майдан алаңын жасады. Агрессия бір уақытта ІІ аймақты қамтыды. Бірақ ең ауыр соққы Алматыға бағытталды. Террористер құқық қорғау органдарының назарын өз­деріне аударуға тырысты. Содан соң Қа­зақстанның елордасына соққы жасауды көздеді» деген еді.

Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек беруді сұрады. Бұл дер кезінде қабылданған шешім еді. Бұл ұйым хақында ҚР Сыртқы істер министрлігінің департамент директорының орынбасары Әлжан Тұрсын­құлов: – «Кеңес Одағы ыдыраған тұста тәуелсіз мемлекеттердің өзін-өзі қорғау қабілеті шектеулі болды. Осыдан келіп бір-біріміздің қауіпсіздігімізді қалай қамтамасыз етеміз деген сұрақ туды? Алғашқы кезде 7 мемлекет шартқа қол қойды. Қазір бұл ұйымның 6 мүшесі бар. Бұл арада мынаны жете түсіне білу қажет. Келген жасақтар тек ҰҚШҰ-ның өз міндетіне сай қызмет атқарады және міндетті түрде өз еліне қайтады. Олар өз миссияларын атқарып, елдеріне оралады. Келген ҰҚШҰ жасақтары лаңкестермен бетпе-бет соғысқа қатыспайды. Олар әскери және стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетеді. Содырлар мен лаңкестерді өз әскеріміз жою іс-қимылдарын жүргізеді, – дейді.

Әскери сарапшы Амангелді Құрмет: – Осы тұста Мемлекет басшысының ҰҚШҰ-ның кезектен тыс сессиясында: «Елордаға үш бірдей әскери ұшақтың келгенін білген содырлар Президенттің резиденциясына басып кіру жоспарынан айныды. Бұл Алматыға қосымша күш жұмылдырып, қаланы террористерден тартып алуға мүмкіндік берді, – деген болатын. Ащы да болса шындықты айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қаңтар айының алғашқы күндері болған лаңкестер мен террористердің елімізге жоспарлы, мақсаты шекара мен шебі жоқ майдан ашып, адам баласының жантүршігерлік қатыгездікпен ойран салуын «Алматы трагедиясы» деген атпен тарихқа енетінін айтты.

Бір данышпан: «Жауыңды құрту үшін оны мақтаумен бол» деген екен. Осындай соңғы жылдары істің байыбына бармай, ретті де, ретсіз де мадақтаудан көз ашпай келеміз. Қазақша айтқанда, осы бізге көз тиіп кетті-ау деген ой келеді. Қайран қазағым-ай, аузын ашса, жүрегі көрінетін дұшпанын да досым деп санайтын, жалғыз атын қонағына сойып беретін, ешкімге жамандық ойламайтын жомарт ел ғой.

Мемлекет басшысы «Еліміздің қауіп­сіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясының паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіру керек» деген болатын.

Бұл – мемлекет үшін басты мәселе. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүкендегі сөрелер бос қалып, халықты қалай асыраймын деген Үкімет қиын жағдайды басынан өткізіп, қолдан келген шараларды жүзеге асырып жатты. Жекешелендіру, нарық заманы өмірге келді. Өндіріс орындары тоқтап, халықтың жалақы алуы, зейнет төлемдерін төлеу нашарлады. Осы кездері әлі аяғынан тұрмаған Қазақстан әскерінің жағдайы ауыр болды. Оны осы салада қызмет атқарған құқық қорғау органдарында қызмет атқарған азаматтар жақсы біледі. Кезінде одақтағы қуатты Қазақстан аумағындағы Орта Азия әскери округіне қарасты әскери бөлімдер мен базасындағы «СУ» сериялы жойғыш, “АН”, “ЯК-76”, “ИЛ” сияқты әскери көлік авиациялары КСРО-ның мұрагері Ресейдің әскери әуе базаларына ұшып барып, түпкілікті сонда қалып қойды. Бұл бір-ақ мысал. Осындай жағдай басқа да әскери құрамаларда орын алды.

Қазақстан – жер көлемі кең, аймақтары бір-бірінен алшақ ел. ХХІ ғасырда шеп құрып, майдан ашатын соғыс болмауы да мүмкін. Жағдай көрсеткендей, жер шарының түкпір-түкпірінде лаңкестік, шекарасы мен шебі жоқ соғыстар бола беретіні сөзсіз. Сондықтан Қазақстанның Қарулы әскери күштері әскери көлік авиациясын жаңа сериялы Ресейдегі АҚШ, Қытайдағы алып әуе кемелері сияқты әскери ұшақтармен толықтыру, әрбір өңірлерде сол ұшақтардың базасын жасау, ұшқыштарымызды қайта дайындау техник-инженерлер мен әскерилерге тұрмыстық, моральдық жағдай жасау жұмыстарын жүргізу керек. Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысы айтқандай, елордаға үш бірдей әскери ұшақтың келгенін (Ресейдің ЯК-76, осы замандағы алып әуе кемесі) білген содырлардың Президенттің резиденциясын басып алу жоспарынан айнығанын айтқан еді.

Мен мұны КСРО кезінде стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бұрынғы жүргізушісі, жауынгері, бірінші сыныптағы әскери маман ретінде жазып отырмын. Б.Момышұлының жеңістен кейін Бас штаб­тың академиясына оқуға кетіп бара жат­қанда, өз дивизиясымен қоштасуда айтқан сөзімен аяқтайын. “Енді сендер мылтық атпайсыңдар, бірақ шабуыл аяқталған жоқ. Сендер енді окоп қазбайсыңдар, бірақ күрек ұстау керек. Сендер жаудың тұтқиыл шабуылынан қорықпай ұйықтайсыңдар, бірақ сергектік керек” деген екен қайран Баукең. Бізге де сергектік керек.

Рысбай КӘРІМОВ,
ҚР Журналистер, Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі,
Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагері,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы


25 қаңтар 2022 ж. 815 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031