» » Отан сарбазымен қуатты

Отан сарбазымен қуатты

“Отан – Ана” деген – қандай қасиетті ұғым. Отанды анаға теңейміз. Анаға барабар теңеуді тек ортақ Отанымыз, тәуелсіз еліміз ғана иемденеді. Ананың аты қандай ардақты болса, Отанымыз де құрмет пен қошеметтің асқар шыңында. Кезінде ата-бабаларымыз шыбын жанын қиып, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған Отанымыздың ұлан байтақ жерін сақтап қалып, еркіндігіміз бен егемендігіміздің даңқын асыру – жас буын Отан қорғаушылардың парызы. Бойымызда асқақ рух, ұлттық намыс барда сын сағаттардан сүрінбей өтіп, еліміздің мәртебесін өсіріп, әскери борышымызды адал атқаруымыз керек.

Бұрын жауынгерлерді бұйрықтан да қуатты сөздер оятқан екен. Даңқты қол­бас­шы, батыр атамыз Бауыржан Момыш­ұлы өз өміріндегі мына бір оқиғаны керемет баян­дапты. «Немістердің күшіне мініп тұр­ған кезі. Рота командирі Мұхаммедқұл Исламқұлов:

– Бауке, ротадағы солдаттар шығын бо­­­лып, 7-8 солдат қана қалды. Шегінуге рұқ­сат беріңіз,– деді.

Мен жағдайдың қиын екенін біліп тұр­мын. Шегіне бер деуге тағы болмайды. «Ше­­­гінуге болмайды!» деп бұйырғанмен оны тың­дауға мұршасы жоғын сезіп тұрдым да:

– Ей, Мұхаммедқұл, сен қазақтың «Қоян­ды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлті­реді» деген сөзін білесің бе?– дедім.
Мұхаммедқұл: – Білемін, Бауке, – деді.
Мен: – Білсең, саған берер бұйрығым сол! – дедім де тұтқаны қоя салдым.
Мен мына сөзден кейін оның шегін­бей­тініне сенімді болдым, һәм ол шегінбей та­бан тіреп тұрып алды. Орнымен қол­да­­нылған дана сөздің рухты осылай көте­ре­тініне мен сан мәрте куә болдым. Ол жерде Мұхаммедқұлды басқа ешқандай бұйрық ұстап тұра алмайтын еді» деді ол.
Иә, қазір осындай бұйрықтан да қуатты сөз саптайтын Баукеңдей қайратты, өжет қол­басшылар ауадай қажет екенін мойын­дауымыз керек.
Баяғыда ата-аналарымыз еркетотай­ларын әскерге жібергенде «баламыз ел қор­ғауға жарады» деп қуанып, той жа­сай­тын. Кейбіреуінің баласы денсау­лығына бай­­­­ланысты әскерге алынбаса, әке-шеше­сінің «Япыр-ай, бұл қалай болды? Жұрттың баласы Отан қорғауға кетіп жатқанда, біз­дің баламыз «үйкүшік» атана ма?» деп налып, қайғырғанын, «баламыз әскери қыз­­метін жақсы өтеп жүр, моряк, қайсыбірі зең­бі­рекші» деп қуанғандарын көрдік.

Әрине, Отанның қадірін әркім әрқалай түсінеді. Біреуге ол жай қарапайым ұғым болып көрінуі мүмкін. Ал құс екеш құс та өзі тұрақтаған мекенін ардақтайды екен. Оны мына мысалдан көруге болады.

«Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан, Отан, Отан ...» деп шырылдай береді. Құстың иесі: «Мұның да Отаны болғаныма, ал Отаны болса қайда екен?» деп құсты ұшырып жіберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апа­ратын жолды біліп алайын» деп ойлайды. Сөйтіп торды ашып, құсты босатып жібе­ре­ді. Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың ара­сында өс­­­кен жалғыз түп тікенге барып қо­нады. Сөйт­се әлгі бұтада ұясы бар екен. Демек құс­­тың Отаны – ұя салған жері болды ғой деп ойлайды құсты еркіне жі­берген кісі. «Шы­нында да адам түгіл құстарда ұя салып, ме­кендеген жеріне бауыр басып кетеді екен» ғой деп таң та­маша болыпты әлгі адам.

Иә, әр адамның туған жері – Мысыр шаһары. Туған жердің тұғыры ол – Ота­ны­мыз, еліміздің жүрегі – Қазақстан. Оның зеңгір көгін, дархан даласын, тыныштығын қорғау – әскерилердің асқақ парызы.

Ендеше, сарбаз боп сапқа тұрып, ан­тына адалдығын, сертіне беріктігін дәлел­де­ген Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Гауһар Асқарқызы


07 мамыр 2022 ж. 451 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031