» » » Ана тілің – асыл қазынаң

Ана тілің – асыл қазынаң

Құдірет, қасиет, кие дегенді айтқан кезде ойыңа бірінші туған тілің оралады. Оның бояуы, нақышы, мәнері, өте бай сөздік қоры, мақал-мәтел, нақыл, өсиет, наным-тыйымдары қазақ тілінің өте бай, құнарлы, шұрайлы тіл екенін дәлелдеп тұр. Өз ойыңды төл тіліңде мақалдап, маржан сөздермен әспеттеп, көркемдеп, бейнелеп жеткізу мүмкіндігі шексіз екенін сезіну қандай бақыт. Көкжиегі шексіз қазақтың дархан даласындай тіліміз де еркін самғауыңа, ой маржандарыңды төгіп-төгіп, теңіздей толқып жеткізуіңе жол ашады. Бұрынғы өткен бабалардан бізге мұрағатқа қалған шешендік сөздер, жыраулардың төкпе жыры, ұлт көсемдерінің, зиялы қауымның алтынның ұшқынындай жарқ еткен ой орамдары біздің рухани дүниеміздің баюына, кемелденуімізге көмектеседі. Бірақ сол асыл қазынаны меңгеріп, өз керегімізге жарату үшін біздің орысша емес, қазақша ойлауымыз керек. Қалың қазақтың қасиеті туған тілінде.

«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Тілім өссе, мен де бірге өсемін.
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін» деген бір шумақ өлеңде қанша мағына жатыр! Тіпті қанды қырғын соғыстың кез­інде де қуатты сөз бұйрықтан да қуат­ты шыққан. Оған бір мысал кел­тірейік.

Бауыржан Момышұлы өз өміріндегі мына бір оқиғаны былай баяндапты: «Не­­містердің күшіне мініп тұрған кезі. Рота командирі Мұхаммедқұл Ислам­құлов:

– Бауке, ротадағы солдаттар шы­ғын болып, 7-8 солдат қана қалды. Ше­гінуге рұқсат беріңіз, – деді.
Мен жағдайдың қиын екенін бі­ліп тұрмын. Шегіне бер деуге тағы бол­май­ды. «Шегінуге болмайды!» деп бұйыр­ғанмен оны тыңдауға мұршасы жоғын сезіп тұрдым да:
– Ей, Мұхаммедқұл, сен қазақтың «Қоян­ды қамыс өлтіреді, ерді намыс өл­ті­реді» деген сөзін білесің бе?, – дедім.
– Білемін, Бауке, – деді.
– Білсең, саған берер бұйрығым сол!, – дедім де тұтқаны қоя салдым.

Мен мына сөзден кейін оның ше­гін­бейтініне сенімді болдым һәм ол ше­гінбей табан тіреп тұрып алды. Орны­мен қолданылған дана сөздің рухты осылай көтеретініне мен сан мәрте куә болдым. Ол жерде Мұхаммедқұлды басқа ешқандай бұйрық ұстап тұра ал­майтын еді» – деген екен.

Көрдіңіз бе, қазақ тілінің бір мақа­лының құдіреті ерлерімізге рух берген, намысын қамшылаған.
Өмірге келдім, анамды көрдім,
Деді ол: жаным, арайлы таңым.
Самал боп желпіп, жырымен ертіп,
Үйретті тынбай бал тілін, әнін.
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі өмірді думан.
Мектепке келдім, ұстазды көрдім,
Тыңдадым сөзін табынып, сүйіп.
Анамның тілі, аяулы үні,
Жүрекке нұрын жіберді құйып.

Мына керемет өлең жолдарын са­­ти­­раның саңлағы болған Шона Сма­хан­­ұлы жазыпты. Бұл өлеңді бала кү­ні­мізден санаға сіңіріп, әсем әуен­ге құндақталып өскеніміз шындық. Бойың­ды шымырлатып, жүрекке ұлпа сезімдей қона кетеді. Шынында жү­рек­ке нұр құятын аналар екені рас. Бауырындағы баласына тәрбиенің көзі анасы арқылы беріледі. Сол үшін аналарымыз ұлт қуаты болар төл тілі­міздің жанашырлары болуы керек. Осы орайда ана тілімізді ардақтайтын бір ананың қуатты сөзін әлеуметтік же­ліден оқып, дән риза болып, бір сө­зін өзгертпестен осы жерде жария­лауды жөн көрдім. Ана тілімізді өз пер­­зенттерінің бойына сіңіріп, оларға рухты тәрбие беріп отырған ол Бай­қоңыр қаласында тұрады. Гүлнұр Қар­­­­жау­­баева орыстың ортасында отыр­­­­­ғанымен бойындағы ар-намысы ба­­ла­­ларының орысшаға ауысып кетуі­не жол бермеген.

«Төретамға келін болып түсіп, он жылға жуық сол жақта тұрдық. Бала­ларды дәрігерге көрсету үшін немесе басқа бір жағдайда Байқоңыр қаласына кіретінбіз. Орысша шүлдірлейтіндер көп болды. Бірақ тілімді бұрап, орыс­шамды жинап сөйлеген емеспін. Өздері үшін түсінді. Мендегі ұстаным: «Бұл – Қазақ елі. Олар қазақ тілін білуге міндетті». Емханаға барсам да бетінде қытығы барларға: «Құжаттарыңыз неге орыс тілінде?» деп айтудан ұялған емеспін. Қызылордаға көшіп келдік. Мектептен келетін бір жапырақ қағаз да кейде орыс тілінде жазылады. Емхана онсыз да сол хәлде. Айына бір банкоматқа барып алатын азғантай ақшам бар. Сол кезде: «Картаңызды ұмытпаңыз!» деген сөзді қазақ тілінде есту үшін пернеден қазақ тілін таңдауға ұялған емеспін. Бұл – менің ана тілім! Оны қорлауға жол бермеймін. Каспий қызметіне де қазақ тілін енгі­зіп қойдым. Біреуге хат жазғанда да пернетақтамда қазақ тілі. Каспий қыз­­меткеріне: «Маған қазақ тілінде қыз­мет көрсетіңіздер» деп үш мәрте ха­барласып, мазасын алғанымда бұл орысша білмегендігімнен емес, олар­­дың «ұяттары оянсын» деп қыр­сы­ғып тұрып алдым. Ақыры қазақ тілді маманға қосып, сұрағыма жауап ал­дым. Алдағы уақытта да осылай бола береді. Енді бүтін елдің қазақша сөй­леуі үшін «Балық басынан шірімеуі керек».

Әр жексенбі күні балалардан теле­фонды жинап алып, қолдарына бір-бір кітап беремін және түсінігін айтуын талап етемін. Ертең өскенде өз ойын еркін жеткізе алмайтын, өз тілінде сөйлей алмайтын ұл-қыз болмасын деп ойлайтын мендегі ұят «тап-таза қазақылық» кейпінде көрінсе де ұял­маймын. Себебі сенің балаңды шұбар тіл, сенсор жұтып жіберуі әбден мүмкін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп қорытындылапты өз пікір-пайымын.

Міне, аналарға осыдан артық қандай ұлағат керек. Ана тілін құрметтегеніміз ана сүтін ақтауға жасалған алғашқы қа­дам. Сондықтан тіліміздің мәртебесі мен мерейін көтеруді аналар өзімізден бас­­тайық. Осылайша қоғамға үлгі көр­­сетейік. Отан отбасынан, отана­сы­ның тәр­биесінен бастау алатынын ұмыт­пайық. Шаңырақта ана тіліне уы­­зынан жа­­рыған отаншыл ұрпақта­ры­мыз өсе бер­­сін. Тіліміз тірлігіміздің ай­ғағы, қазақ халқының байрағы екенін ұмытпайық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

08 ақпан 2022 ж. 459 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031