» » Биылғы оқу жылы да тәмам

Биылғы оқу жылы да тәмам

Қазақтың бас ақыны Абай атамыз қара сөздерінің бірінде «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым деу – ақымақтық» деген болатын. Қуантарлығы, біздің ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.
Елде білім саласына қолдау артпаса, кеміген емес. Жыл сайын педагогтардың табысы артуда, саладағы серпінді істер де көңіл қуантады. Жетістік көп, атқарылатын жұмыс та ауқымды. Білімі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап береді. Ал заман талабына сай білімді ұстаз бәрінен қымбат. Мұғалімнің беделі төмен болған жерде тиісті білім де, тәрбие де болмайды. Ал мұғалім беделі ұстаздың білімімен бірге рухани-адамгершілік мәдениетіне тәуелді.

Жалағаш ауданында білім саласы бойынша жүйелі жұмыс бар, жетістігіміз де көп. Ұстаздардың да жұмысқа деген жоғары жауапкершілігінің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп келеміз. Шәкірттерге сапалы білім мен тәрбие беруде ерен еңбек етіп, біліктілігін көр­сеткен ұстаздардың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Ең бастысы жалағаштық өрендер жыл сайын білім майданында үздік шығып, ауданның мерейін асырып, абыройын асқақтатуда.

Былтырдың өзінде 321 түлек мектеп бітіріп, оның 296-сы ұлттық сынамаға қатысты. Орташа балл 82-ні құрады. Оның ішінде 273 түлек жоғары оқу орындарына түсіп, өз мамандықтары бойынша білім алуда. 39 алтын белгі, 18 үздік аттестат иегері де өткен жылы анықталған болатын. Ал биыл аудан бойынша жеті мыңнан астам білім алушы болса, оның 358-і – бітіруші түлек. Алтын белгіге 24, үздік аттестатқа 31 оқушы үміткер.

Оқу жылының соңында аудандық білім бөліміне хабарласқан біз қызу дайын­дық үстінде жүргендерінен хабар­дар болдық. Барлық бітіруші түлектер тыңғылықты дайындалуда, алдын ала сынама тестілеуден өткен түлектер әзір­ге жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жатыр. 100-125 балл алып жүрген 78 түлек болса, ауыл­дық жерлердегі №114, №118 орта мектептердің сынамадағы көрсеткіш дең­гейі жоғары екен. Ендігі міндет – ата-ана үмітін ақтау, ұстаз еңбегінің нәтижесіне жете білу. Бұл жолда оқушылар үшін табандылық пен терең білім ғана көмек­тесе алмақ.

Айта кетейік, оқу жылы со­ңын­­да азын-аулақ ақпар берген бі­лім бөлімі аудан орталығындағы №31 мек­­теп-гимназиясына, Бұқарбай ба­тыр ауы­лындағы №33, Жаңадариядағы №203 орта мектептерге күрделі жөндеу қажет еке­нін де жеткізді. Бұл мәсе­ле­лердің шешімі уақыттың еншісінде деп ойлаймыз.

Сәт сайын жаңарып отырған ақпа­рат­тық толқынға ілесу, бәсекелестік жолдан табылу үшін білім мен тәжірибені ұдайы толықтырып отыру міндетті. Сонда біз заманның кез келген талабына, бәсекелік қабілеттілікке және білім бәйгесінде ел мерейін асыра алатын білікті жастарды тәрбиелеп шыға аламыз. Ал мұндай жан-жақты тұлғаларды қалыптастыру – әр педагогке жүктелген жауапкершілік. Ұстаз – осынысымен ұлы, қадірлі тұлға. Алдағы сын сағатта ұлы мамандықты арқалап жүрген жандарға абырой, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған түлектерге сәттілік тілейміз. Әрбір жастың жетістігі ауданның ортақ жетістігі, қуанышы деп білеміз.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

24 мамыр 2022 ж. 419 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 785

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031