МҰРАТБАЕВТЫҢ МҰҢЫ немесе көшедегі қауіпті жағдайға неге көңіл бөлінбейді?

Сондықтан да бүгінгі таңда көркейту-көгалдандыру ісі күн тәртібіне қойылып отыр. Аптаның дүйсенбісінде өткен алқалы жиында аудан әкімі тазалық айлығы тағы бір айға созылатынын мәлімдеді. Себеп сол, жоғарыда айтып өткен кемшіліктерді түпкілікті жоюға тиіспіз. Әрине, жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес, бар. Дей тұрғанмен ширататын тұсымыз көп. Тіпті, өңір басшысы арықты қалай қазу керектігін өз қолымен көрсетіп берсе де, одан нәтиже шығармай отырғандар бар екендігін қынжыла айтты.
Қазақта “көңілсіз қойдан құйрықсыз қозы туады” деген сөз бар. Яғни, ортақ іске ынта-ықыласпен кіріспесек, осы қалпымыздан бүгін-ертең өзгере қоймаймыз. Өзгере қойғанның өзінде, уақыт өте баяғы жартастың күйін қайта кешетініміз анық.
Біз бір ғана көшенің жайын айтайық. Темір жолдың арғы бетінде Ғани Мұратбаев атындағы көше бар. Осы көшенің бүгінгі хал-ахуалын көзбен көрген адам жағасын ұстауы ғажап емес. Өйткені, жол бойындағы электр тоғы нысаны (1000 Вт-ты трансформатор) бірнеше жылдың жүзі болды, ашық-шашық күйі тұр. Айналасы шылқыған су. Қорқыныштысы, топырлаған бала сол маңды ойын алаңына айналдырған. Ал, күнделікті өмірден естіп-біліп жатырмыз. Осындай ашық-шашық тоқ көздері талай қайғылы оқиғаларға себепші болып жатыр. Құдай бетін ары қылсын дейміз де.
Сондай-ақ, Мұратбаев көшесіндегі арықтан асып-тасыған судың кескіні мынау. Учаскелік полиция бекетінің алды – көл-көсір дария. Оған кім егелік етеді?! Қоршауы алқам-салқам боп жатқан кейбір нысандар да осы көшенің бойында орналасқан. Кентті көркейтеміз дейміз-ау, мына түрімізбен қай кезде көркейіп болады екенбіз?!
Н.ТАСТЕМІР.