» » Қысқа дайынбыз ба?..

Қысқа дайынбыз ба?..

Осы және басқа да мәселелер «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында өткен қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.
Жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан, ауыл тұрғындарының себепсіз арыз жазуының алдын алуға арналды. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Мәдениет және Бұқарбай батыр ауылдарының әкімдері баяндама жасады. Әкімдердің сөзінше, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Себепсіз арыз жазатын ауыл тұрғындарына ауыл ақсақалдары, әкімшілік мамандары жазылған арыз дәлелденбеген жағдайда арыз беруші заң жүзінде жауапқа тартылатынын айтып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қазір мұндай келеңсіз жағ­дай толастап тұрған көрінеді. Мұнан соң ауыл әкімдері мал жайылымдары мен шабындықтар жағдайы туралы айтты.
Бұқарбай батыр ауылының мал жайылымына қолайлы жері 6342 гектарды, шабындық жері 835 гектарды қамтиды. Осы жылдың сәуір айынан бастап елді мекеннің екі бағыты бойынша ақылы мал кезегі ұйымдастырылып, бақташыларға қоғамдық жұмыс негізінде ақы төленіп отыр. Елді мекеннің жайылымдары мен шабындықтары мал жайылуына қолайлы, шөбі шүйгін. Жайылымның жайын білген ауыл тұрғындары биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша мал басын көбейту, бордақылау мақсатында несие алып отыр.
Ал, Мәдениет ауылында 2205 гектар жайылымдық, 285 гектар ша­бын­дық жер бар. Бұл жерлерге мем­лекеттік бағдарламалар аясында мал өсіру үшін несие алған кәсіпкерлер қоныстанған. Елді мекеннің батыс бөлі­гінде орналасқан жайылымдық жерге ауылдың жеке малы жайылады.
Басқосуда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова мекемелерде мемлекеттік қызметтер алу барысында мүгедектерге қолайлы жағдай жасау барысын мәлімдеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус орнату мәселесі еліміздегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да анық көрсетілген. Сондықтан, олардың қоғамға араласып, қажетті нысандарға емін-еркін кіріп шығуына қолайлы жағдай жасау – әрбір мекеме, ұжым басшыларының басты міндеті. Мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін объектілерді бейімдеу мақсатында аудан әкімінің 2016 жылы 20 маусымда «Нысандарға бейімдеу жұмыстарын жасау және оны кезең-кезеңімен іске асыру іс-шарасы» бекітілді. Аудан бойынша 120 нысаннан 69 объектісі бейімдеуге жататын болып анықталған. Оның 68-і бейімдеуден өткізілді дегенмен кемшіліктер өте көп.
Негізі, барлық баспалдақтар мен пандустардың екі жағының бойында, биіктігі 45 сантиметрден артық деңгей айырмасында тұтқалары бар қоршау орнату қажет. Пандуста 70-90 см биіктікте, баспалдақта – шамамен 90 см биіктікте, ал, балалар келуі ықтимал жайларда 50 см биіктікте орнату қажет. Пандустың тұтқасының ені 85 см құрайды. Нормативке сәйкес, пандустың ені кемінде 1,2 м болуы тиіс. Халықтың қимылы шектеулі топтары үшін жайдың өткелдері 90 сантиметрден кем болмауы қажет. Сонымен қатар, халықтың қимылы шектеулі топтарына қызмет көрсетуге қарастырылған бөлмесі халықаралық қолжетімділік белгілерімен белгіленуі тиіс, – деді бөлім басшысы.
Жиында аудан тұр­ғындары мен ме­ке­мелерді жылу беру маусымында тұрақты түрде қатты отынмен қам­тамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі барлық әлеуметтік нысандарға 2738 тонна қатты, 3220 тонна сұйық отын қажет. Білім саласы бойынша жиырма мектептің екеуі қатты отынмен жылытылса, он сегіз мектеп, «Ақтерек» лагері және білім бөлімінің ғимараттары сұйық отынмен жылытылады. Бүгінгі күнге қатты отын алуға қажетті қаржы бөлініп, 542 тоннаға «Углесбыт» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Оның 149 тоннасы алынған. Мектептер бойынша көмірмен қамтамасыз етуде кедергі жоқ.
Сонымен бірге, бөлім басшысы басқа да әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыс­тары жолға қойылғанын жеткізді. Тұрғындарды көмір­мен қамтамасыз етуде «Ізтілеуов А.», «Әжібеков», «Халық Серікбай», «Мәди», «Жарасбаева» же­­ке кәсіпкерлері атсалысады. Қазіргі таң­да «Ізтілеуов А.» және «Әжібеков» жеке кәсіпкерлері 15 мың тонна қатты отын алуға келісімшартқа отырған. «Екібастұз» көмірінің 1 тоннасы 14000 теңгеден, «Шұбаркөл» көмірі 16000 тең­геден, «Қаражыра» көмірі 16500 тең­геден сатылып жатқанын тиек етті.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – 2018-2020 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова айтып өтті.
Жалпы, биылғы жылға арналған аудан бюд­жетінің нақтылануы бюджеттік бағ­дар­лама әкімшілерінен үнемделген және қаржыландыру жос­парынан қысқартылған қаржы жылуға бағытталады. Бөлім басшысы «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту және мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру» бюджеттік бағдарламаларына тиісті қаржы жос­парланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Жергілікті деңгейде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер», «Жергілікті деңгейде жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер», «Жергілікті деңгейде білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер», «Балаларға қосымша бiлiм беру», «Мәдени-демалыс жұмысын қолдау» сынды бірқатар бюджеттік бағдарлама бойынша да қаржы жоспарланғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, барлық ауылдық округтерге жылуға қажетті мөлшерде қаржы бағытталып отыр. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері бюджеттегі қаржыны үнемдеудің жолын қарастырды. Ол үшін ең алдымен сұйық отынмен жылытылатын нысандарды толығымен қатты отынға көшіру қажеттігі айтылды. Мұнан соң көмір бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ.
25 қыркүйек 2018 ж. 876 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930