Бүгінгі бас күрішші
I
Жер мен Адам. Адам мен жер. Екеуі бір-бірімен байланысқан егіз ұғым деуге болады. «Балықшы көлін, егінші жерін мақтайды» деген нақыл сөз бар. Бала жастан егіншілікті көріп өскен адам, ержеткенде Жер-Ананы аялай білгеннің бағы жанарын сезіне біледі екен.
Біздің бүгінгі әңгімеміз сондай азамат жайлы болмақ. Ол – Сапарбек Ақмырзаұлы Мыханов.
Сапарбек Ақмырзаұлы Мыханов 1951 жылы Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келді. Ауылдағы №33 орта мектепті бітіргеннен кейін сол кездің атауымен айтқанда Калинин атындағы совхозда 1967 жылдан 1970 жылға дейін қарапайым механизатор болып жұмыс жасады. Шаруашылықтың жыл он екі ай бойы тынбайтын тыныс-тіршілігімен танысып, соның бел ортасында жүріп еңбек етті. Еңбектің қадір қасиетін түсіне білді. Әсіресе, алдыңғы буын ағалар мен апалардың күріш егісінен мол өнім алу жолындағы ел ырысын тасытып, еңбектің тай қазанын қайнатып жатқанын өз көзімен көріп өскен ол менде «күрішші болуым керек, туған жерімді түлетуге өз үлесімді қосуым керек. Ол үшін агрономдық білім алуым керек» деп іштей түйген болатын. Жас жігіт ойына түйген арманына жету үшін совхозда екі жыл қарапайым жұмысшы болып еңбек еткеннен кейін 1970 жылы Алматы қаласындағы «Еңбек Қызыл Ту» орденді қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түсіп, оны бес жыл оқып, 1975 жылы ғалым-агроном деген мамандық алып шығады.
Содан кейінгі оның өмір жолы өзі туып өскен ауылда Калинин атындағы совхозда 1975-1985 жылдар аралығында өндіріс бригадирі, 1985-1992 жылдары совхозда бас агроном, 1992-1994 жылдары совхоз директорының орынбасары, 1994 жылдан 1999 жылға дейін совхоз директоры болып абыройлы еңбек етті.
II
1999 жылы «Байтабын» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрады. Алайда совхоздан бөлініп шығып үлестеріне аз-кем тозығы жеткен техника алып, жұмысты бірден жүргізіп кету оңайға соқпады. Оның үстіне қаржы көзінің жоқтығы одан сайын қиындата түсті. Нарықтың талабын түсіне білген Сапарбек алған бетінен қайтпады. Шегінуге болмайды, нағыз тура жол осы деп ұқты. Кеңес дәуірі кезінде ширек ғасыр егіншілікпен айналысқан Сапарбек шаруашылықтағы мамандармен, егінші-механизаторлармен ақылдаса отырып, қолдағы бар техникалармен жерді тегістеу жұмыстарын уақытылы жүргізді. Тұқым дайындауға да мұқият кірісті. Суды пайдалану жұмыстарына да ұқыптылықпен қарады. Осындай және басқа күрішті күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізудің арқасында 2000 жылдың қорытындысында егілген күріштің әр гектарынан 44 центнерден өнім алып, серіктестік аяғын тіктей бастады. Осыдан кейін-ақ серіктестіктегі егінші-механизаторлар келешектеріне сеніммен қарайтын болды. Таңдап алған жолдарының мүмкіндіктерінің мол екендігіне көздері жете бастады.
Қасиетті Жер-Ананы күтіп баптай білген «Байтабынның» күрішшілері мен механизаторлары жыл сайын жоғары өнім алып, абырой биігінен көрініп, атақ-даңқы ауданнан асып, облысқа таныла бастады. Бірнеше жыл қатарынан сапалы мол астық өндіргені үшін облыс жеңімпазы атанды. Оның озат тәжірибесі облыс күрішшілері арасында кеңінен насихатталды.
2015 жылдан бастап шаруашылық тұрақты өнім алатын аграрлық өнеркәсіп атағына ие болды. Бұл күндері мұнда үш күріш өсіретін бригада да, жалпы кәсіпорында тұрақты түрде 105 адам еңбек етеді.
Кәсіпорын 2015 жылы 1267 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 65 центнерден өнім алып, аудан жеңімпазы атанды.
Егінші-механизаторлар Рүстем Төреқұлов, Әділбек Пірімжанов, Файзрахман Іскендиров, Мусабек Смайылов ұжымның мақтаныштары. Олар егін егуден бастап, жинап алуға дейінгі аралықтағы күріш егісіне байланысты операциялардың барлығын агротехникалық талаптарға сай жүргізіп, күріштің өнімділігін арттыруға өз үлестерін қосып келе жатқан нағыз бесаспап майталмандар.
Шаруашылық жыл сайын 300-400 гектарға дейін жоңышқа егіп, оның әр гектарынан 50-60 центнерден өнім алуды қамтамасыз етіп келеді. Агротехникалық шаралардың толығынан сақталудың нәтижесінде ескі жоңышқа 3-4 рет оруға мүмкіндік беріп жүр. Бұлда болса табыстың бір көзіне айналып отыр. Себеп жоңышқаны преске бастыру арқылы саудаға шығару қысы-жазы үздіксіз жүргізіледі. Осы орайда байтабындықтар облыс халқын жем-шөппен қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып отыр десек, артық айтқандық бола қоймас.
III
2016 жылда «Байтабын» шаруашылығы үшін табысты жыл болды. Бұл жыл төрағаның 55 жасқа толған жылы тұғын. Осы жасқа дейінгі өмірін күріш егісін егуге, одан жоғарғы өнім алуға арнаған ол өз мақсатына жеткендігіне іштей риза еді.
Шынында да, күріш өсіру арқылы талайлар шыңдалды, талайлардың бағы жанып аты шықты, талайлар жар жолда қалды. Сыр күріші біздің өңірде ең қажетті, ең ардақты дақылға айналды. Сыр күрішін облыста Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандары егеді. Ал біздің Жалағаш ауданы күріш егісін егу мен одан жоғары өнім алудан 1970 жылдан бері көш бастаушы болып келеді.
Очеркімнің басты мақсаты ХХІ ғасырдағы ауданымыздың егемендік алғаннан кейінгі кезең ішіндегі басты күрішшілерін оқырман қауыммен таныстыру болатын.
Олай болса сол басты күрішшілердің ең басында бүгінгі күні Сапарбек Ақмырзаұлының тұрғанын жалпақ жұртқа жария етудің сәті енді келді ғой деймін. Бір сөзбен айтқанда, Сапарбек Ақмырзаұлы Мыханов XXI ғасырдағы Жалағаш ауданының бас күрішшісі.
IV
Серіктестік 2017 жылы 1461 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім алып, қамбаға 102270 центнер сапалы күріш құйды. Облыстағы «Алтын дән – 2017» салтанатында күзгі егін жинау науқанының қортындысымен «Байтабын» ЖШС төрағасы Сапарбек Мыханов 2017 жылдың озат шаруашылығы номинациясы бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Шаруашылықтың 2018 жылғы еңбек қорытындысы да нәтижелі болды. Қарауындағы 1433 гектар күріштің әр гектарынан 69 центнерден өнім алынды.
Егілген 163 гектар жаңа жоңышқаның гектарынан 12 центнерден өнім алынып, 196 тонна жоңышқа дайындалса, 527 гектар ескі жоңышқадан гектарынан 61,6 центнер өнім жиналып, 3241 тонна, барлығы 3442 тонна жоңышқа шөбі дайындалды.
Жалпы серіктестік 550 млн теңгенің өнімін өндіріп, шаруашылық жылын 250 млн таза пайдамен қорытындылады.
Осындай қол жеткен табыстардың нәтижесінде егін жинау қорытындысымен жоғары көрсеткіштерді иеленген күрішші-механизаторларға барлығы 24 млн 800 мың теңге сыйақы берілген.
Жыл сайын жоғарғы өнім алып жүрген серіктестік өзінің машина-трактор паркін жаңалап отыруды бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Өйткені барлық тіршілік техника күшімен атқарылатын қазіргі заманда онсыз ілгерілеу мүмкін еместігі баршаға аян.
Қазіргі кезде серіктестік иелігінде ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған ХТ3, К-700 эксковатор тіркемелі тракторымен бірге 2 «Магдон», 3 Класс-кейс, 2 «Маро» лазерлік жер тегістейтін техникаларымен қатар басқада техника түрлері бар. Жалпы серіктестіктің ауылшаруашылығына арналған техникаларының 90 проценттен астамы шетелдік жаңа қуатты техникалар.
– Машина-трактор паркін әлдеде жаңа техникалармен толықтыра береміз, – дейді серіктестік төрағасы.
Серіктестік төрағасы жыл сайын қыс айларында егінші-механизаторлармен жер айдаудан бастап, егінді орып алғанға дейінгі аралықта атқарылуға тиісті жұмыстар туралы арнайы сабақ өткізуді дағдылы іске айналдырған. Мұны күрішшілер мен механизаторлардың оқуы деп атайды.
Күріш – еңбекті аса көп керек ететін дақыл. Оны өсірудің тәсілін үлкен төзімділікпен жалықпай үйрену керек. Сондықтан да оны оқып үйренудің рөлі айрықша зор. Себеп, күріштен мол өнім алу үшін оны өсірудің жай-жапсарын жақсы білу керек. Сол үшін де серіктестік төрағасы Сапарбек Ақмырзаұлы агротехникалық оқуды тұрақты түрде жүргізуді тоқтатқан емес.
Осы оқуда айтылып отырылған мәселелерді өндіріске енгізіп, жүзеге асыруда ең басты тұлға өндіріс бригадирлері екендігін айтпасқа болмайды. Себеп күрішті жерге себуден бастап, ала жаздай күтіп-баптау жұмыстарын өз қолдарымен атқарып, күріштің суын тартқызып оруға дайындағанға дейінгі алты ай мерзім ішіндегі барлық шараларды іске асырушы, басшылық етуші, өндіріс бригадирлері.
Осындай дәрежеде еңбек ұйымдастырып келе жатқан өндіріс бригадирлері Д.Төреқұлов, А.Берстенов, Б.Ділдабеков сынды азаматтарды ауылы, халқы аса құрмет тұтады.
Өйткені олар өздерінің көп жылғы диқаншылық тәжірибелерін жастарға үйретумен, егіншіліктің жаңа буынын тәрбиелеумен, көптің алғысына бөленіп жүрген нағыз майталман еңбеккерлер.
V
Міндетін мінсіз атқарған, өресі биік, елі мен туған жерін қастерлей білген, ерен қимылымен еңбек еткен шаруашылықты қысқа мерзім ішінде тасын өрге бастыра бастады.
Шаруашылықты бір қалыпқа түсіріп, қарымды жұмысқа қол жеткізгеннен кейін ел жағдайын көлеңкеде қалдырмай ауылды қазақтың қара шаңырағы деп қадір тұтқан серіктестік төрағасы Сапарбек Ақмырзаұлы, оның өмір талабына сай болуына, яғни, әлеуметтік-мәдени жағдайына тұрақты көңіл бөлуді өзінің азаматтық борышы екендігін көрсете білді.
Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей біліктілікпен біліп, басқарған жерде береке-бірліктің орнайтындығын, тіршілік атаулының тыныс-тіршілігінің кеңейетіндігін, ауыл-аймақтың берекесі кіріп, жақсы бастамалардың көбейетіндігін айтудың орайы келіп отыр. Бұл ретте де Сапарбек Ақмырзаұлының атқарған жұмыстары айтуға тұрарлық.
Серіктестіктегі жұмыс жасайтын егінші-механизаторлар айлық жалақыларын тұрақты түрде уақытылы алып отырады. Сондықтанда «Байтабынға» кіріп, жұмыс жасағысы келетіндер көп-ақ. Жыл сайын егін жинау науқанының қорытындысымен озаттарды ақшалай және заттай сыйлықпен марапаттау тұрақты дәстүрге айналған. Тұрмысы төмен отбасыларына жылда азық-түлік беріп, демеушілік жасау жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Сол сияқты қыстық отынын түсіріп беру, шөбін тасып беру жұмыстары да серіктестіктің төл ісіне айналған.
Ауылда өтетін іс-шаралардың барлығына «Байтабынның» тікелей араласатындығына, демеушілік жасайтындығына ауыл тұрғындары дән риза.
Ауыл шаруашылығы саласында үзіліссіз 45 жыл еңбек ету кезінде үнемі өсу, табысқа жету, ел құрметіне бөлену дәрежесінде болған Сапарбек Ақмырзаұлының жоғары басшылық органдары мен мемлекет тарапынан алған наградалары жетерлік.
Мәселен, 1970 жылы Лениннің туғанына 100 жыл толу медалімен, 1978 жылы Республика Грамотасымен, 1981 жылы «Еңбектегі айрықша еңбегі үшін» медалімен, 1998 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2009 жылы II дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, 2009 жылы Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, 2015 жылы «Құрмет» орденімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, 2017 жылы облыс әкімінің екінші дәрежелі «Дипломымен» марапатталған.
VI
Атам қазақ «жақсы әйел отбасының алтын қазығы ғой» деген. Ал орыс жазушысы Максим Горький «Сүйіспеншілік деген бір-бірінің кемістігін аңғармау, бір-біріне кешірімді болу» деп жазыпты. Екеуінің де мәні зор және тауып айтылған. Өмірлік бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кемді мінездеріне түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілікке, білімділікке жатады. Ондай әйелдің әулет ортасында, ағайын-туыс жекжаттардың, жора-жолдастарының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Осы орайда Сапарбек ініміздің үйіндегі Орынкүл келіннің осы жоғарыда айтылған ақ жаулықтылардың қатарына жататындығын айтудың реті келіп тұрғаны.
Отбасындағы балаларды тәрбиелеудің салмағы көпшілік жағдайда әйел-ананың үлесіне тиетіні жалған емес. Жасында жақсы тәрбие алған бала жақсы азамат болып өсетіндігі баршаға аян. Дүниеге келген төрт баласының төртеуіне де өнегелі тәрбие берген Сапарбек пен Орынкүл бүгіндері олардың мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жүргендеріне дән риза болып, отбасыларының тату-тәтті өмір кешіп жатқандарына көңілдері толып, балаларының осындай дәрежеге жеткендерін мақтаныш тұтады.
VII
Қасиетті, киелі туған жер. Сен бәрінен де ыстықсың. Сенің бойыңда керемет күш бар. Ол күшті ең алдымен егінші біледі. Егіншінің сені әулие тұтып, саған ғана табынатындығы сондықтан. Өйткені диқан сен арқылы диқан. Сондай диханның бірі, бірегейі Сапарбек Ақмырзаұлы. Ендеше бәріміз де биылғы жылы мол астық болсыншы деп тілейік.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.