» » Бүлдіршін бишілер биікті бағындырды

Бүлдіршін бишілер биікті бағындырды

Би – өнер атаулының төресі. Қай халықтың да ұлттық құндылықтары осы би өнерінен бастау алады. Адамзат жаратылысындағы қарым-қатынас әуел баста сөзбен немесе дыбыспен емес, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы қалыптасқан. Табиғат құшағынан ажырамаған алғашқы адамдар көзімен көрген оқиғасын сан түрлі қимылмен жеткізіп, бертін келе сол іс-әрекеттері би өнеріне жол ашты. Қазақ биінің түп тамыры да бұрынғы өткен ата-баба­ларымыздың тұрмыс-тіршілігінен нәр алып жатыр. Қазақ даласының тұмса табиғаты, ондағы құстар мен аңдар да биге арқау болған. Өйткені біздің халқы­мыздың жан дүниесі, таным түсінігі, табиғатпен тікелей байланысты.
...Олар сахна төрінде мың бұрала билеп жүр. Әуен ырғағымен бишілердің әсем қимылы үйлесім тапқаны соншалық, көрерменнің көз алдында алуан түске еніп құбылып, халқымыздың тұрмыс-салтына сән берген түрлі пішіндегі ою-өрнектер пайда болды. Бір шеңбердің бойында дөңгелене айналған бишілердің әрбір қиымылының өзінен өмір өрнектері төгіліп түсіп жатыр. Үкілі тақия, етек-жеңі төгілген бүрмелі көйлек киген бүлдіршіндердің қимыл-қозғалыстары мақтадай жеңіл, жерде емес, құдды бір ауада қалықтап жүргендей. Иә, бұл – қазақтың "Өрнек" биін билеп жүрген Темірбек Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған "Мереке" би тобы. "Мереке" би тобының өзгешелігі мұндағы бишілер бүлдіршін жастағы қыз балалардан құралған.
– 2013 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Осы жылдар ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, осы бүлдіршін қыздарымыз аудандық би байқауларында жүлделі орындарды иеленіп келеді. 2016 жылы облыстық ХVІІІ "Бозторғай" балалар шығармашылығы байқауынан ІІІ орынды жеңіп алдық. 2017 жылы Қызылорда қаласында өткен Дельфий ойындарында "Халықтық би" номинациясы бойынша І орынды және 2018 жылы аталған байқауда ІІ орынды иелендік. 2019 жылы Алматы қаласында өткен ІІ Халықаралық "Uli dala urpagimiz" Balalar men jastar bayqawi І орын, сонымен бірге осы жылы алматы қаласында өткен Республикалық "Қазақстан Таланттары Рухани-Патриоттық байқауында "Хореография өнері" номинациясы бойынша бас жүлдені еншіледік.
Би – өнердің ішіндегі бекзадасы. Олай дейтінім, би өнері өзінің айтпағын сөзбен немесе сазбен емес, қимыл-қозғалыс арқылы жеткізеді. Ал, биге құрылған қандай да бір оқиғаларды көрерменге қимыл-қозғалыспен жеткізу оңай емес. Сондықтан да біз дайындық барысында ең алдымен қыздарымыздың орындайтын билеріне қарай үстеріндегі киімдері мен әшекейлеріне дейін мән береміз. Содан соң олардың әрбір қимыл-қозға­лысының сахна тілімен үндесуін, ыр­ғақпен үйлесуін қадағалаймыз. Қызда­рымыздың эстетикалық талғамын же­тілдіріп отырамыз. Өйткені биші өзінің орын­дайтын шығармасының құрылымын түсініп қана қоймай, жүрекпен сезінуі тиіс. Ал, ол үшін біз қандай да бір ұлттың халық биін сахнаға алып шығар алдында сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, халықтық өнерімен етене танысамыз. Қазірде біздің қорымызда қазақ халқының "Қамажай", "Шашу", "Өрнек", "Қосалқа" билерімен бірге орыс халқының "Катюша", "Полька", "Калинка", сонымен бірге өзбек, грузин, корей, қытай, үнді халықтарының билері бар, - дейді "Мереке" би тобының жетекшісі Нұргүл Әбжаппарова.
Тал шыбықтай бұралған бүлдір­шін­дер­дің би үстіндегі әрбір қимылынан қазақ қызының әдеп, ибасы, нәзіктігі, бүтін болмысы байқалады. Демек, қимыл-қозғалысқа құрылған бұл өнер түрі қыз баланы тән тәрбиесімен бірге жан тазалығына да мән беруге, әсем­дікке, әдемілікке, шынайылыққа үйретеді екен. Яғни, ұлттық билеріміздің әрбір элементінде ұлттық тәлім тұнып жатыр. Тіпті, осы "Мереке" би тобы­ның орын­дауындағы қазақ билері халқы­мыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, өткен тарихын бейнелейді.
Иә, "Мерекенің" бишілерінің өнері расында ауыз толтырып айтарлықтай. Сахнада мың бұралған билерімен көрген көзді сүйсінтіп, еріксіз шапалақ соқтырған бүлдіршіндерімізді ұлттық құндылықтарымыздың насихатшысы десек болғандай.

Қуат АДИС

25 мамыр 2019 ж. 1 152 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930