Жолдау жауапкершілік жүктейді
Әлем елдеріне өзінің дербестігін дәлелдеп, азаттық атты құндылықты төріне шығарған қазақ елінің алдында әлі талай белес тұр. Сонау ықылым заманнан қазақтың бастан өткерген барлық соғыс, зұлматы азаттық үшін еді. Қазақ – текті халық. Тектілік бізге кеше-бүгін қонған жоқ, ол – қанымызбен біте қайнасқан ұлы қасиет. Осы ұлылықтың жетелеуімен мыңғырған жау әскеріне қарсы тұрған да қазақ. Ұлтарақтай жер мен елдің намысы үшін қасық қаны қалғанша күресіп, ерлікпен қаза тапқан да қазақ. “Қаным да, жаным да қазақ” деп ұрандап, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жан беріп, жан алысқан ата-бабаларымыздың тегі де қазақ еді. Енді міне, бүгінде сол батыр бабаларымыз бен қайсар аналарымыздан аманатқа жеткен ел мен жер тәуелсіз. Ата-бабаларымыздың ұлы арманы орындалды, заманымыз тыныш, көк туымыз биікте желбіреп тұр. кемел келешекке жету үшін құтты қадамдар да жасалды, әлі де жасалмақ. Мұның бәрі тәуелсіздікті нығайту жолындағы негізгі бастамалар.
Кешегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз» деген қуатты сөзімен бастаған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанды дүниежүзіне танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білгенін атап өтті.
Расымен отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы ұлт-азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекеттің бірден аяққа тұрып кетуі оңай болмады. Дегенмен қысқа мерзімде Қазақстан халқы қуатты мемлекетке, әлем таныған алпауыт елдермен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Әртүрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына ұйысты. Кезіндегі замана көшімен үдере көшкен өзге ұлт өкілдеріне де кең құшағын жайып, қанатының астына алған егемен еліміздің болашаққа жасалған қадамдары айқын, мақсаттары биік. Осы аз ғана уақыттың ішінде қанша жетістікке жетсек те, алдағы уақытта алатын асуымыз бен атқаратын шаруа көп.
Жалпы Ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты дәстүрлі Жолдауы жеті бөлімнен тұрады. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын бөлімдерде басты салалардағы өзгерістер, Қазақстанның дамуы жолындағы нақты бас жоспарлар, алдағы міндеттер мен мақсаттар қамтылған. Осы тұста бейбіт заманның келбетін бұзып, адамзатты әуре-сарсаңға салған пандемияның келтірген зиянына тоқталмау мүмкін емес. Жолдауда алғашқы бөлімнің осы турасында айтылуы да бекер емес. Өйткені пандемия көптеген саланың дамуына, әсіресе жас мемлекетіміздің кемел келешекке бастаған даңғыл жолында біраз тосқауыл болып тұр деуге болады. Қазір қоғамдағы әрбір азамат өз денсаулығына алаңдаулы, алдағы күндеріне үреймен қарайтындар да көбейді. Кей салалар қарқынды дамудың орнына үнсіз қалды. Қысқасы пандемия жалғыз біздің елге емес, дүниежүзіне кері әсерін тигізуде. Ал елдің пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуын жан-жақты талдаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Орта Азиядағы ауқымды ел саналатын Қазақстан да қазір пандемияның зардабын тарту үстінде екенін ашық айтты.
«Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірдік. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат санын бір жарым есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті» делінген саяси құжатта.
Расымен аталған мемлекеттік бағдарламалар өзінің тиімділігін дәлелдеп қана қоймай, елдегі жұмыссыздар санының азайып, халықтың тұрмыс сапасының артуына да септігін тигізуде. Әсіресе кәсіптің көзін тапқан жандар мемлекет ұсынған бағдарламалардың тиімді тұсын тауып, оң бағытта пайдалануда. Төмен пайызбен несие, қайтарымсыз гранттар алу арқылы ойларында жүрген мақсаттарын іске асырып, кәсіп көзін ашып, сол арқылы өзгеге тұрақты жұмыс тауып беруді де қолға алған. Қазақстанда экономиканың дамуына, тіпті әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікке кеңінен қолдау көрсетілуде. Тек тиімді тетігін тапса болғаны. Біздің ауданда да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар көп.
Алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтсақ, шағын және орта бизнестің даму деңгейі көңіл қуантарлықтай дәрежеде. Өйткені кәсіпкерлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелентемін дегендерге қолдау білдіруде. Осының өзі пандемия кезінде де, пандемиядан кейінгі кезеңде де өзінің оң нәтижесін беріп, елдегі аталған саланың тұралап қалмауына, халықтың күнкөріссіз күйге түспеуіне септігін тигізбек. Қазіргі қиын кезеңдегі болып отырған өзгерістерді саралап, олардың болашаққа әсерін түбегейлі талдап көрген Президент өзінің саяси құжатында нақты әрі маңызды шешімдерді атап өтті. Бұл да болса Ел Президентінің саясаткерлігінің, мемлекеттің дамуы жолындағы саяси бағыт-бағдарының да оңтайлы екенінің дәлелі.
Жолдауда айтылған түйінді тұстар мұнымен шектелмейді. Саяси құжатта басымдық берілген тағы бір мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру. Бұл салаға басымдық берілуі түсінікті. Өйткені халық саулығы басты орындағы мәселе. Әсіресе қазіргі әлемдік пандемияның кезінде саланың барлық тетіктерін іске қосып, мүмкіндіктерді жаңарту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн» деп, вакцинаның маңыздылығын да ерекше атап айтты.
Жалпы назар аударып қарасақ, Ел Президентінің саяси құжатында атап көрсетілген «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөліміндегі өзекті мәселелерді дер кезінде қолға алып, іске асыру келесі кезекте тұрған жұмыс. Президент айтпақшы, экономика әлсіремес үшін пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетуі керек. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеп не болмаса елдегі жұмыссыздар санының көбейіп кетуінің алдын алады. Бұл жұмыстар ел экономикасының көтерілуіне тікелей әсер етпек.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ