» » ЕГІН БІТІК, КӨҢІЛ ТОҚ

ЕГІН БІТІК, КӨҢІЛ ТОҚ

Мәдениет ауылындағы "Жігер" фермерлік қожалығының төрағасы Самат Сарбасов кәсіпті ерте бастаған жанның бірі. Сонау тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында жанар-жағар майдың қымбаттауына байланысты аудан мен ауылдардың аралығында жол қатынасы, жолаушылар тасымалы қиындап кетті. Дәл осы уақытта Самат өз қаржысына автобус сатып алып, ауыл халқына бірнеше жыл қызмет көрсетті.
Самат – жеке кәсіпкер. Ауыл шаруа­шылы­ғының, оның ішінде егін шаруа­шылы­ғының май­талман маманы.
Самат тек қатардағы кәсіпкер ғана емес, жомарт жүректі азамат. Өзінің қарамағындағы жұмыс­шыларға айлық жалақысынан бөлек, олар­дың тұрмыстық жағдайына да көңіл бөліп, қамқорлық жасап келеді. Науқан қоры­тын­ды­сында жұмысшылардың еңбегіне қарай қо­сымша сыйақы да тағайындайды. Бірі­не жаңадан үй салып берсе, біріне көлік алып берген. Ауылдағы қайырымдылық шара­ла­рының бірінен де тыс қалмайды. Мәдениет ауылындағы «Дәулет­назар» мешітін күрделі жөндеуден өткізді және мешіт жанынан ауыл тұрғын­дарының діни рә­сім­дер өткізуіне қо­лайлы 150 орындық асхана салып берді. Со­нымен бірге ауылдағы тұрмысы төмен отба­сыларға да көмек қолын созудан тарты­нып қалған емес. Бұл да ел азаматының жү­ре­гіндегі иманының нық екенін, бойында ту­ған жеріне деген сүйіс­пеншіліктің зор екенін аңғартады.
"Жігер" биыл да жылдағы жұмыс ыр­ға­ғынан жаңылмай, өз межесін орын­дапты. Өз қожа­лығының және қосымша шаруа­шылық­тардағы күріштік алқаптарын қоса есептегенде барлығы 761 гектар жерге Сыр күрішін егіп отыр. Биыл әр гектардан 55-60 центнерден өнім алды. Сонымен бірге 128 гектар мақса­рының әр гектарынан 6 центнерден, ал 110 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 10-11 центнерден өнім алды.
– Бастысы, егінді жауын-шашынға қалдыр­май, ысырапсыз жинап алу. Өйткені бұл менің ғана кәсібім емес, ел ризығы. Сондықтан халықтың аузына түсетін несібесі жерден өніп, қайта жерде шіріп кетпеу керек. Сол үшін егін орағы басталғаннан науқандық жұмыстар аяқталғанға шейін бел шешпей, тынымсыз жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай сындарлы сәтте өзімізге қатаң талап қоймасақ, қожырап, жұмысың өнбейді. Биыл да өзімізді қамшылап ширатудың нәтижесінде түйір дәнді қалдырмай қамбаға құйып алдық. Алайда жұмыс өнімділігі арту үшін қол еңбегі аздық етеді. Жаңа техно­логиялар және оны жан-жақты жақсы меңгерген мамандар қажет. Бұл – заман та­лабы. Бүгінде шаруашылықтың жұмысын тиіс­ті дәрежеде атқа­ратын техни­ка­лар жеткі­лікті. Шетелдік 3 жаңа комбайн бар. Келешекте олардың бір қата­рын жаңа­лауды жоспарлап отырмыз. Қазір шүкір, аграр­лық сала мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып отыр. Бірақ судың да сұрауы бар. Сол қолдауды тек көзін тауып, тиімді пайдаланғанда ғана өзіңе де, халыққа да, мемлекетке де пайда келтіресің. Мен әзірге мемлекеттен қаржылай көмек алғаным жоқ, кәсібімнің дамуына айналымдағы өз қара­жатымды салып келемін. Кәсіп бастаған адамда ең алдымен өзіне, ертеңіне деген сенім болуы тиіс. Жұмысты жобамен емес, жоспарлы түрде жасау керек. Сонда ғана ойыңа алған мақ­сатыңа жетесің. Сосын әрбір кәсіпкерде "мен халыққа қызмет көрсетіп жүрмін" деген түсінік болуы керек. Мемлекет басшысы ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде ауыл шаруашылығын өркендетіп отыр­ған жеке кәсіп иелерінің өндірген өнімдері мемлекет қазынасын толықтырып, еліміздің дамуына серпін беретінін айтқан болатын. Бұл турасында кешегі бабаларымыз «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін» дегенді айтып кетіпті. Мен де әрдайым осы ұстаныммен жүремін, – дейді Самат Сарбасов.
Бүгінде «Жігер» фермерлік қожалығында 40-45 адам жұмыс істеп, айлық жалақысын алып, отбасын асырап отыр. Осының өзін кәсіпкер азаматтың туған жерінің түлеуіне, өркендеуіне қосқан үлесі деуге болады. Бұл сөзімізге Саматтың жуырда ғана «Жомарт жүрек – 2019» байқауында аудан аумағында қоғамдық пайдалы, әлеуметтік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін және елді мекендерді абаттандыруға, демалыс бақта­рын, аллеяларды, ескерткіштерді, мәде­ниет, білім, спорт салаларына демеушілік кө­мек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба­ларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номи­нация­сын иеленгені дәлел.
Самат алдағы уақытта егін шаруа­шылы­ғымен қоса мал шаруашылығын дамыту­ды қолға алуды жоспарлап отыр. Ет, сүт бағы­тындағы асыл тұқымды ірі қараның басын көбейтіп, ауыл, аудан аймағын мал өнім­де­рімен қамтамасыз ету ойында жүрген іс екенін айтады.
– Қазір еліміз шет елдерге ет, сүт өнімдерін экспорттап отыр. Сапалы өнімге қай жерде де сұраныс болады. Ал өндірген өніміңнің сапалы болуына сенің тынымсыз еңбегің мен шикізат сор­тының тікелей қатысы бар. Сондықтан қазір кәсіп­кер­лік саласының талабы қатал, – дейді Самат Сарбасов.
Біз барғанда жігерліктер жиым-терім науқа­нын толық аяқтап, көкпар беріп жатыр екен. Ауыл сыртындағы жазыққа жиылған қарақұрым ха­лықта қисап жоқ. Атқа мінсе қанымыз қызып, әруақтанып кететін қазақ емеспіз бе, есік пен төрдей ат мінген кілең білекті, тақымды жігіттер халықтың құлақ тұндырған қиқуына еліріп дүниені ұмытқан. Серке додаға түскенде көкпаршылар түгіл, қызықтап тұрғандардың да делебесі қозады. Сауыры мен жамбасына қайыстан өрген қамшы тигенде кейбір аттар бір ытырылып барып апайтөсімен топты жарып, өңмеңдеп ортаға кіреді де, ары қарай ерікті иесінің білек күші мен тақымына қалдырады.
Аттардың арасынан өзгелерден тұрқы биік қарагер ерекше көзге шалынады. Тұқымы бөлек енді, құйрық-жалы қалың, аяқтары жуан. Кәдімгі қырық күн жауға мінсе арымайтын қазанаттың нағыз өзі. Үстіндегі иесі – Самат. Осындай асыл тұқым­ды жылқының бірнешеуін Ресейден арнайы алды­рып­ты. Бағасы да осал емес, әрқайсысының өзі бір темір тұлпардың құнына жетіп жығылады. Әу бастан жүйрік жылқыға деген құмарлығы бар қазақы мінезді кәсіпкер азамат алдағы күндері бәйгеге қосатын тұлпарлар мен көкпарға кіретін қазанаттарды баптап, қазақтың ұмытылып бара жатқан ата кәсібі мен салт-дәстүріндегі ат спорты ойындарын жаң­ғырт­пақ екен.

Қуат АДИС

29 қазан 2019 ж. 729 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930