Басқарма жігіттері бас бәйгені еншіледі
Биыл аймақтың ата басылымына айналған облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің жарыққа шыққанына 90 жыл толды. Ғасырға жуық тарихы бар қос басылымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту басталып кетті. Алдымен өз оқырмандарымен жүздесуді жөн көрген ата басылымдағы әріптестеріміз аудан, ауылдарды аралап, оқырмандар газетте көргісі келетін дүниелерді басылым бетіне жариялауды қолға алды. Редакция ұжымымен кездесу шаралары әлі де жалғасын тауып жатыр.
Қос басылымның мерейтойы аясында өткен сенбіде «Сыр медиа» ЖШС БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған футзалда аймақ журналистерінің басын қосты. Турнирдің ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов ғасырға жуық тарихы бар басылымдардың бұрынғы тынысы мен бүгінгі келбетін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Футзалдың алғашқы ойыны «Жаңақорған тынысы» газеті ұжымынан құралған «Қаламгер» мен «Меншікті тілшілер» командасы арасында өтті. Кездесу тартысты өтті демесеңіз, қос команда біраз уақытқа дейін есеп аша алмады. Ойын аяғына таяғанда «Қаламгер» командасы қарсыласының қақпасынан саңылау тауып, толық үш ұпайға ие болды. «Қаламгер» мұнан кейінгі «Қоғам ТВ» командасымен өткен ойында да толық үш ұпайды иеленіп, жартылай финалдың жолдамасын жеңіп алды. Десе де команда сапындағы аяқдоп шеберлері келесі кездесуге бірінші орынмен шығуды жөн санады. Осылайша «Ішкі саясат басқармасы» командасымен өткен тартысты ойында жеңіске ұмтылғаны футзалда айқын көрінді. Алдымен қарсыласы есеп ашқанымен ойын соңына дейін «Қаламгер» бір гол салып, тең тарқасты.
Турниде «Kyzylorda телеарнасы» командасы мен «Сыр медиа» арасындағы ойын драмаға толы кездесу болды. Бірде телеарна жігіттері есеп ашса, енді бірде «Сыр медиа» жігіттері басым түсіп жатты. Десе де ойын соңында телеарна жігіттері жеңісті қолдан жұлып алды. Олардың мұнан кейінгі «Жас тілшілер» командасымен өткен ойынында да толық 3 ұпай қанжығасында қалды. Бұл кездесуде керемет ойын өрнегін көрсеткенімен жас тілшілерге жеребе жолдас болмады. «Kyzylorda телеарнасы» командасымен өткен ойында да, мұнан кейінгі «Сыр медиамен» өткен кездесуде де Қозы-Көрпеш Жасаралұлы күзеткен «Жас тілшілер» қақпасынан қарсыластары қайта-қайта саңылау тапты.
Жартылай финалда телеарна жігіттерімен кездескен «Қаламгер» «Kyzylorda телеарнасы» командасына лайықты қарсылас болды. Бірінші болып телеарнадағы әріптестеріміз есеп ашқанымен олардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Десе де ойын уақыты ортасынан ауғанда төреші қақпа маңында ереже бұзған «Қаламгер» командасының бір ойыншысына сары қағаз беріп, айып добын белгіледі. Ал оны орындауда Әділбек Жаханов қателікке бой алдырмады. Мұнан кейін де ол «Қаламгерге» алыстан бірнеше соққы бағыттап, командасын ақтық мәреге алып шықты. «Сыр медиа» мен «Ішкі саясат басқармасы» арасындағы ойында айқын басымдықпен басқарма жігіттері финалға шықты. Бұл ойында сырмедиалық ойыншылардың алаңда бірнеше рет қателікке бой алдырғаны байқалды. Тіпті иесіз қалған қақпаға ширақ емес, жәй жүріп те гол соққан басқарма ұжымы ақтық мәренің жолдамасын оңай олжалады.
Финал. Қос команда арасындағы ойын гол саны аз демесеңіз, өте тартысты өтті. Доп бірде телеарна жігіттерінің қақпасы маңында табылса, енді бірде басқарма ұжымынан құралған команда қақпашысын әуре-сарсаңға салды. Әріптестердің көбі бұл ойынның бас бәйгесі телеарналық команданың қанжығасында деп түйді. Десе де бұрыштамадан бір гол соғып алған басқарма жігіттері ойын соңына дейін қорғанысқа басымдық беріп, жеңісті қолдан жұлып алды.
Ойын мәресіне жетті, соңында командалар марапат төрінен көрінді. Турнирдің үшінші орнын «Сыр медиа» командасынан басым түскен «Қаламгер» жігіттері иеленді. Нұлат Байкенже бастаған жігіттер кубок пен қаржылай 30 мың теңгеге ие болды. Ал ақтық мәреде басқарма жігіттеріне есе жіберген телеарнадағы әріптестеріміз екінші орынға лайық деп танылды. Олар да кубок пен 50 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Турнирдің бас бәйгесі «Ішкі саясат басқармасы» командасына бұйырды. Жеңімпаз командаға қаржылай 70 мың теңге сыйақы мен арнайы кубокты «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев табыстады. Шара соңында мерейтой аясында ұйымдастырылған турнирдің тартысты өтуіне атсалысқан аймақтың БАҚ өкілдеріне қос басылымның аға буын өкілдері алғысын білдірді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ