КУБОК САРАПҚА ТҮСТІ
Жастар жылында сарапқа салынған футболдан аудан әкімінің кубогі өз мәресіне жетті. Барлығы 18 команда қатысқан дүбірлі дода бірнеше айға созылды. Бүгінде аудан біріншілігі аяқталып, «Бірлік и К» ойыншылары «Супер кубокты» жеңіп алды.
Былтыр басталған бұл ойынға барлығы 18 команда қатысқан. Жартылай финал кезеңінде өздерінің мықтылығы мен ептілігін көрсеткен командалар финалдық ойынға жолдама алды. Бірінші турдан жартылай финалға өткен «Арлан» мен «Ақсу», «ФК Адия» мен «Емхана» командасының ойыны тартысты өтті. Осы ойында есеп ашқан ақсулықтар қарсылас команда қақпасына қатарынан төрт гол салып, финалда «ФК Адия» ойыншыларымен кездесті.
Ойын қорытындысы бойынша өзінің ептілігімен көзге түскен «ФК Адия» командасы ІІІ орынға табан тіреп, «Дәуімбай» ойыншылары ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал жасыл алаңда үздік өнер көрсеткен «Бірлік и К» командасы І орынды жеңіп алса, жанкүйерлер көзайымына айналған «Ақсу» командасы чемпион атанды.
Ақтық сайыста топ жарған «Бірлік и К» мен «Ақсу» ойыншылары арасында «Супер кубок» сарапқа түсті. Екі мықты команда арасындағы тартысты ойында ақсулықтар 4 гол соқса, «Бірлік и К» ойыншылары қарсылас командаға 8 гол салып, алға шықты.
Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жеңімпаз атанған “Бірлік и К” командасын жеңісімен құттықтап, “Супер кубокты” табыстады.
“ЖЖ” ақпарат