НҰР-СҰЛТАННЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ
Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасынан орын тепкен астананың бүгінгі келбеті – әлем жұртшылығына аян. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау Ақмола, Целиноград атауларын арқалаған жас қала, қазіргі таңда түрлі форумдар мен саяси жиындар өтетін маңызды орталыққа айналды. Экономикасы мен мәдениеті қарыштап дамудың даңғыл жолына түсті.
Күн сайын келбеті артып келе жатқан шырайлы шаһарда бой көтерген зәулім сарайлар мен жаңа ғимараттар да аз емес. Қалаға ат басын бұрып, табан тіреген шетел азаматтары жас қаланың әсемдігіне тамсанып, көкпен таласқан «Бәйтерек» монументіне бас сұқпай кетпейді. Астана сәулеттік кешенінің басты өзегін құрайтын негізгі орындарының алғашқы сапында «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайы» және «Қазақ Елі» монументі тұр. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы еліміз үшін маңызды, саяси форумдар мен үлкен басқосулардың мекеніне айналды.
Ел Президентінің резиденциясы – Ақорда әсем де, салтанатты келбетімен қаланың ажарына сән қосып тұр. Мемлекеттік маңыз беретін ең айшықты ғимарат, оның ішкі сәулеті де ұлттық өнер мен дәстүрге мол. Осы ғимараттардың өзі тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың белгісі іспетті. Нұр-Сұлтан қаласының аз уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен шыққан белестері аз емес. Қазақстанды әлемге танытқан Елорданың даму жағдайы да, архитектуралық құрылысы да ерекше. Елорда арқылы әлем жұрты Қазақстанды таныды, оның қазіргі даму дәрежесін білетін жағдайға жетті. Тұғырлы тәуелсіздігімізге 29 жыл болды. Аз уақыт ішінде азаттықпен қатар ел іргесінің беріктігін қалап, береке-бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет атандық. Өз патшасы, өз саясаты, ұланбайтақ жері мен кеңпейіл халқы бар Қазақстан әлемдік аренада өзін танытты. Оған бірден-бір себеп болған «Экспо – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі. Айтулы көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 115 мемлекет қатысып, әрқайсысы өзінше болашақ энергиясының қайнар көзін ұсынды. Дүниежүзіне есігін айқара ашқан Елордамыздың әсем келбетіне тамсанбаған адам жоқ. Төрткүл дүниеге Қазақстанның дербес мемлекет, бәсекеге қабілетті екенін тағы да бір дәлелдеді. Елорданың көз сүйсіндірер әсем көркін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол – тәуелсіз мемлекеттің Елордасы ғана емес, сондай-ақ қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қазақ елінің заманауи бас қаласының жүйелі жетістіктері аз емес. Елорда – біздің арман-тілектеріміздің жүзеге асуының белгісі. Нұр-Сұлтан – жасампаз жастар қаласы. Оның болашағы жарқын, келешегі кемел. Әлем елдері тамсанып қарайтын ару астанамыз бұдан әрі өркендеп, тек жақсылыққа қадам бассын дейміз.