АЛДАҒЫ МАҚСАТ-МІНДЕТТЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ
Қазір көп жерлерде халықтың мекеме жағалатпай, үйде отырып-ақ электронды қызмет түрі арқылы жұмысын бітіру бір жүйеге қойылып келеді. Жалағашта да мұндай шаралар өз деңгейінде жүзеге асуы тиіс. Бұл ретте Қызылорда қаласы мен Қазалы аудандарындағы тәжірибеде бар тәсілді қолдану қажет. Мұның басты тиімділігі қызмет көрсетуші де, сол қызметке жүгінуші де қағазбастылықтан арылады. Ауданда соңғы жылдары қызмет көрсетудің электронды нұсқасы бір ізге түсіп келеді. Ал алдағы уақытта Мәдениет және тілдерді дамыту орталығы ғимаратының ішінен «Сервистік әкімдік» ашылса, біздің Жалағашта қызметтің бұл түріне жүгінушілер саны артары сөзсіз. Кешегі аудан әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен өткен актив отырысында аппарат басшысы Мейірбек Құрақбаев осылай деді.
Күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралған аппарат мәжілісі басталмас бұрын аудан басшысы бірқатар кадрлық ауыс-түйістерге тоқталып, әріптестеріне өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Яғни идеология саласы бойынша аудан әкімінің орынбасары болып осыған дейін кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне басшылық жасаған Жасұлан Еспенбет тағайындалды. Жаңа орынбасарының осыған дейінгі еңбек жолына тоқталған Асылбек Өмірбекұлы оның алдағы уақытта да ауданның өсіп-өркендеуі жолында бірлесе жұмыс жасайтынына сенім білдірді.
Еңбек жолында Таң ауылының әкімі болған Жасұлан Еспенбет ауылдың өсіп-өркендеуі жолында табанды еңбек етті. Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің тізгінін қолға алғалы да ауданда жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар санының артқанын ел жақсы біледі. Сондықтан алдағы уақытта да өңірдің өсіп-өркендеуі жолында өзінің қолтаңбасын қалдырарына біз де сенеміз.
Мұнан кейін әдеттегідей күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Алдымен аудан бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері туралы баяндаған Мейірбек Құрақбаев әлі де бұл салада атқарылар шаруа аз емес екенін жеткізді.
Айта кетейік, өткен айда облыс әкімінің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері қаралған болатын. Сол жиында Жалағаш ауданында электронды қызмет көрсету мөлшері төмендеп, қағаз түрінде көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны өсім алғаны айтылған еді. Мәселені мысалға келтірген аудан әкімі жауапты азаматтардан оның себебін сұрап, алдағы уақытта мұндай олқылықтың орын алуына жол бермеуге жұмыс жасау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ аудан басшысы облыс әкімі аппаратынан әр ауданда мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу мақсатында «Сервистік әкімдіктің» ашылуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілгенін айтып, оны жүзеге асыруды жеделдету қажеттігін назарға салды. Аудан әкімі әріптестерін электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін жыл қорытындысымен кемінде 65 пайызға жеткізуді қамтамасыз етуге жұмыс жасауға шақырды. Мұнан бөлек мемлекеттік қызмет көрсету барысында жіберілген кемшіліктерді жою және электронды форматта көрсетілуін ұлғайту мақсатында бекітілген іс-шаралар жоспарының уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін назарға салды.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы биыл 1 қыркүйекке дейін аудан бюджетінің атқарылуы жайында баяндады. Бұл ретте қаржы көздерін тиімді игеру бойынша бірқатар оң өзгеріс барын алға тартқан Н.Маратқызы дербес бюджет бойынша өз кірістерінің жылдық болжамы төмен деңгейде орындалған ауылдық елді мекендердің бар екенін жасырмады. Мәселен, 8 айда Мәдениет, Бұқарбай батыр, Аққұм сияқты ауылдық округтерде дербес бюджеттегі кірістердің жылдық болжамы төмен орындалған. Ауыл әкімдеріне мәселенің алдын алуға жұмыс жасауды тапсырған аудан басшысы жыл аяғына дейін меже өз деңгейінде орындалуы тиіс екенін жеткізді.
Биыл ауданда 36 731 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Қазіргі таңда бидай, мақсары сияқты бірқатар дақыл түрлері толық жиналып бітті. Күрішке де орақ түскелі бірнеше күн болды. Былтыр Сыр салысынан тау тұрғызған жалағаштықтар биыл да мол өнімнен үмітті. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов кеңінен тарқатты. Егін жинауда қазіргі таңда ешқандай мәселе жоқ. Жанармай мәселесіне дейін мемлекет шешіп беріп отыр. Сондықтан аудан басшысы қолда тұрған ырысты жауынға қалдырып ысырап етпей жинап алуда сала еңбеккерлері алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ