» » ЖАСТЫҚ ЖІГЕР ЖАЛЫНДАСЫН БОЙЫҢДА

ЖАСТЫҚ ЖІГЕР ЖАЛЫНДАСЫН БОЙЫҢДА

Ауданда өзгелерге үлгі етерліктей жұмыс болса, оның бірі – аудан жастарының игі бастамалары мен батыл қадамдары. Жалағаштық жастардың көшбасшысы Ерхан Бақбергенұлының бастамасымен қолға алынған түрлі жұмыстар ел игілігіне жарап тұр. Әсіресе қазіргі пандемияның уақытында ауданның ерікті жастары белсенділік танытты. Апта басында аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында еріктілер жылының жабылу салтанаты өтті. Онда осы жылы аянбай еңбек етіп, жыл бойы тұлғалық дамудан, жүйелі істерден қол үзбеген ерікті жастар, сондай-ақ әр саладағы білікті жас мамандар лайықты бағасын алды.

Ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе жастарды тарта отырып, белсенділік ұстанымын қалыптастыруды көздеген айтулы жыл аудан үшін ерекше өтті. Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Жалынды жас» еріктілер мектебінің мүшелері 300-ге жетті. Бұл топ мүшелері аудан жастарының ел басына туған кез келген қиындыққа бей-жай қарамайтынын, әрдайым белсенді, бастамашы болуға ұмтылатынын дәлелдеді. Сөзімізге дәлел, елде жарияланған төтенше жағдай кезінде еріктілер 270 мың теңге көлемінде тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз етті. Сонымен бірге ашық базарларда, көшеде тұрғындарға бірнеше рет тегін бетперде таратты. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, індеттің таралуының алдын алуда жұмыс істеді. Жолаушылар жүретін жол бойына ескертпелер жазып, ақ халатты абзал жандардың қауырт жұмыстарына көмектерін тигізді деуге болады. Осындай игі істердің басында жүрген жалынды жастарға арналған шара аудан әкімі Асылбек Шаменовтың сөзімен бастау алды.
– Ерікті болу дегеніміз – риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да әсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, қысқасы барлық игі істің бастамашысы болу білу деген сөз. Ол – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Бұл тұста біз аудан жастарының белсенділігін мақтанышпен айта аламыз. Өйткені еріктілер жылында саны 300-ге жеткен ауданның ерікті жастары көптеген қайырымды істе бас болып, бес саусақтай жұмылып, ауызбіршілік танытып, жастық жалын, ерік-жігерінің арқасында үлкен жұмыстар атқарды. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде аудандық жастар ресурстық орталығы, ерікті жастардың ұйымдастыруымен орталық базар мен қоғамдық орындарда тұрғындарға 1000 бетперде тегін таратылды. Сонымен қатар ерікті жастар мен мектеп бітірген түлектер, студенттер мен жас мамандардың бастамасымен тұрмысы төмен 15 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілген. Бұдан бөлек жастар жалғызбасты анаға, тұрмысы төмен кісілерге қол көмек көрсетіп, үйлерін қалпына келтіруге күш салды.
Жалпы мемлекеттің жастарға қамқорлығы артқан сайын олардың белсенділігі де артып келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда, сәйкесінше, оған қатысушы жастар да белсенді. Негізі қазір жастардың тұрақтанып кетуіне, идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасалған. Қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарында да жастардың әл-ауқаты, жастар саясатының жүзеге асырылуы тұрады. Бұған дейін ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша бірқатар тиімді әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Бұл жобалар әлі де болса жалғасын табады деп сенеміз, – деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек салтанатты жиында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мастеков жалағаштық жастардың қолға алған жұмыстары мен жобаларына тоқталды. «Жүректерінде жалыны, бойларында күштері бар қазіргі заманның жастары күн санап өзгеріп жатқан өмірге, әлемдік құбылыстарға қай кезде де дайын болуы керек. Өйткені, жастарға артылар сенім мол, жауапкершілік жүгі ауыр. Мұны білген жалағаштық жастар қай істе де бірлікпен білек сыбанып, тек нәтижелі жұмыстың жанынан табылып, еңбекқорлық, жан-жақты қабілеттерінің арқасында талай биіктен көрініп келеді. Белсенді жастар биылғы ерікті жастардың жылында дәл осы сөзімізді қуаттайтын талай тындырымды істің басы-қасынан табылды. Осындай жігерлі жастарды, ауданның барлық жас буынын еріктілер жылының жабылу салтанатымен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс, істеріне сәттілік тілеймін» деген облыстық жастар ресурстық орталығының директоры аудан жастарының көшбасшысы Ерхан Бақбергенұлына «Құрмет» грамотасын табыстады. Сондай-ақ жиын барысында үздік 10 жасқа аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы бұйырды. Олардың қатарында әріптесіміз, «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшісі Ерлан Ануарұлы да бар. Бұдан бөлек бірқатар ерікті жас аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, еріктілер жылында Жалағаш ауданының атын республикаға танымал еткен тағы бір үлкен жоба – «Жалағаш құрамасы» жайдарман тобы. Аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлының қолдауымен «Жалағаш құрамасы» жайдарман тобы алғаш рет Жайдарман сайыстарының республикалық Премьер-лига ойындарына қатысып, жартылай финалдық кезеңіне дейін сәтті өнер көрсеткен болатын. Аудан абыройы үшін намысты қолдан бермеген «Жалағаш құрамасы» салтанатты жиында өнер көрсетіп, көрермен жүзіне күлкі үйірді.


Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


12 желтоқсан 2020 ж. 290 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930