Зардаппен күрескендер құрметке бөленді

– Осыдан 35 жыл бұрын Чернобыль қаласындағы апат мыңдаған адамның өмірін қиды. Апат зардабын жоюға 32 мың қазақстандық қатысқан болатын. Адамзат тарихындағы осы оқиға әрбір қазақстандықтың жадында мәңгі сақталмақ. Ауданымызда Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан 10 жауынгер болса, қазіргі кезде 5-еуі ауданда, 4-еуі өзге өңірлерге қоныс аударып, 1 азамат қайтыс болған. Бүгінгі жүздесуді пайдалана отырып, ауданымыздың қоғамдық саяси жұмысында белсенділік танытып жүргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Егемен еліміздің игілігін бірге көрейік, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Кездесуде ғасыр апаты жайлы айтылып, еркін әңгіме өрбіді. Сондай-ақ Жасұлан Еспенбет апатты залалсыздандыруға қатысқан азаматтарға "Атом электр станциясын жоюға қатысқаны үшін" орденін табыстады.

1986 жылдың қараша айына дейін Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға бүкіл Кеңес одағынан 650 мыңнан астам адам тартылды. Олардың арасында 32 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істеді. Көпшілігі денсаулығынан айырылды және құрбан болды. Сонымен қатар 2006 жылдың 10 қарашасы күні Украина Президентінің Жарлығымен естелік датасы, яғни Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысқандарға құрмет көрсету күні бекітілді. Сол дата жыл сайын 14 желтоқсан күні аталып өтетін. 14 желтоқсанды өздерінің мерекелері санайтын мамандар бұл күнді көптен бері «Ликвидатор күні» деп атайды. 1986 жылы апат салдарын жоюға қатысушылар бас қосып, алғашқы жеңістерін атап өтті. Себебі барлық қиындықтарға қарамастан апат салдарын жоюға қатысқандардың өздері 14 желтоқсанды мереке деп санайды.
Чернобыль апаты болған күнді Ресей де ресми мереке ретінде бекіткен. 2012 жылдың сәуірінде РФ Президенті болған Дмитрий Медведев Естелік даталар туралы федералдық заңға өзгерістер енгізіп, оған сәйкес Ресейде жаңа дата Радиациялық авариялар мен апаттардың салдарын жоюға қатысушылар мен осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні пайда болды. Ол жыл сайын 26 сәуір күні аталып өтеді.
Айта кетейік, Жалағаш кенті ішіндегі бағыттарда қоғамдық көліктерде Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға жергілікті өкілетті органның шешімі бойынша жыл сайын 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.
Е.ӘНУАРҰЛЫ