» » Білім ордасының бүгінгі келбеті

Білім ордасының бүгінгі келбеті

Қазақ елінің маңдайына бақ болып қонған тәуелсіздіктің таңы атқанына да отыз жыл толмақ. Бұл – ұлтымыз үшін ұлықты, еліміз үшін елеулі, тұғыры мықты, еңсесі биік, қалай мақтансақ та жарасымды сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы келіскен ұлық мереке.

Ғалымдар осы азаттықтың алтын нұрымен арайланған тәуелсіз еліміздің 30 жылын үш онжылдыққа топтастырып отыр. Бірінші онжылдықты дербес еліміздің алғашқы қа­лыптасуы деп атаса, екінші онжылдықты іргемізді нығайтқан жыл, үшінші онжылдыққа кемелденген жыл деп баға беріп, айдар тағуда. Шынында қазақ елі соңғы онжылдық шеңберінде өркениетке өрлеудің биік шыңына көтерілді. Сондықтан ғалымдардың соңғы он белесті кемелденген жыл деуінде негіз бар. Әсіресе мемлекетіміз білім саласының алға басуына, білім ошақтарының заманауи технологиямен жабдықталуына, сәулеті ке­ліскен мектептер салуға, ескі үлгіде салынған мектептерді жаңа стандартқа сай қайта жаңғыртуға ерекше мән беріп, оған қомақты қаржы бөлуде. Бұл қамқорлық тәуелсіз елі­­міздің жас ұрпақтарының терең білім алып, жоғары жетістікке жетіп, мемлекет болашағын көркейтеді деген сенімге жетелейді. Шы­нында тереңге ой жүгіртіп қарасаңыз, әр қазақтың кеудесінде патриоттық, елжандылық, отан­шыл­дық сезім бүр жарғанын байқаймыз. Ол келер күнге деген сенімді нығайтады. Бү­гінде өркениеттің алға адымдағаны сондай аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл­­дық елді мекендер балаларының өзі сәні мен сәулеті келіскен зәулім ғимаратта білім алуда.

Жалағаш ауданының Аққыр ауылы – орталықтан алыс ауылдың бірі. Бірақ көрсе көз тоятын білім ошағының сол жерде орналасқанын көріп таңдай қақтық. Бұл – та­рихы терең Аққыр ауылы құрылған соң 1965 жылы ашылған №188 орта мектеп. Аталған қасиетті білім ордасында біліммен сусындаған талай жақсылар мен жайсаңдар бүгінде үлкен өмір сапарына аттанып, қоғамнан өздерінің лайықты орнын тауып, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосуда. Араға 20 жыл салып мұнда 1985 жылы жаңа білім ордасы бой көтерді. Міне, біздің бүгінгі ауыз толтырып айтып отырған білім нысаны мемлекеттік бағ­дарлама игілігімен өткен оқу жылында жаңа заман талабына сай қайта жаңғырып, жайнап, ұлағатты ұстаздар мен білімге бойлаған шәкірттердің алтын ұясына айналып отыр.

Мектеп директоры Гүлбану Орынбаеваның айтуынша, 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп шынында кейінгі кезде сыр бере бастаған. Тек былтырғы оқу жылында мемлекеттік бағдарлама игілігімен оқу ғи­ма­ратын күрделі жөндеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС өте сапалы жасаған. Білім ұясының шатыры жа­ңартылып, есік-терезелері пластикке ауыс­тырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. То­зығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Ғимараттың сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брус­чатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұ­мыс­тары жасалған. Мердігер мекеме білім нысанының сыртынан да дәретхана жасаған. Сыртқы есік жанынан мүгедектер арбасы еркін сиятын арнайы пандус салынған. Мек­теп ғимаратынының алдына балалар де­малатын жайлы орындықтар орнатылған. Бейне бір ауыл емес, көрікті қаланың қақ ортасында жүргендей әсерде болдық. Сырт­қы келбетімен көз тартқан мектептің ішкі сынып бөлмелерін, жазғы тынығу лагерін, балабақшасын көрдік. Рухани ойың мен білім көкжиегіңді кемелдендіретін кітапхана, онда ашылған коворкинг орталығы оқушылардың сүйікті мекеніне айналған.

– Коворкинг орталығының мақсаты – кітапхананы заманауи білім орталығына бе­йімдеп, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесін қалыптастыру. Яғни барлық кітап қорын электронды форматқа көшіру, – дейді мектеп басшысы Гүлбану Әбубәкірқызы.

Шынында өзіміз көзбен көргендей мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.Тіпті кітапханада жастарға арналған қызықты лекциялар, пі­­­кірталас алаңдары ұйымдастырылып игі бастамалар қолға алынғанын көрдік. Мек­тепте «Балапан» бағдарламасымен ашыл­ған «Балбөбек» балалар орталығында бүгінде 25 бала бар. Оларға тәрбиешілер түрлі ойын ойнатып, қызықты сабақ өтіп, зеректікке баулуда. Оқу жылы соңында ашылған «Балдәурен» күндізгі тынығу лагері 2 ауысыммен жұмыс жасап, 30 балаға демалыс шарасын ұйымдастыруда.

«Биылғы білім бәсекесіндегі оқу­шы­лардың сынақ қорытындысы әлі шыққан жоқ. Ал былтыр 11 сыныпты жеті оқушы бітірсе, оның алтауының ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа көрсеткіші 93 пайызды құрап, жоғары оқу орнына түсуі – мектептің білім әлеуетінің мықтылығының дәлелі. Жалпы биылғы оқу жылында мектепте 153 оқушы білім алса, оның 23-і оқу озаты, 42-сі оқу екпіндісі. Ал 33 ұстаз қызмет етсе, олардың 24-нің түрлі дәрежедегі біліктілік санаты бар. Олар – өздері дәріс беретін пәндерінің кәсіби, тәжірибелі маманы. Ұстаздар қауымы жылда біліктілігін арттырып, түрлі оқу курстарында білім жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс жасауда. Міне, былтырғы оқу жылында жа­сал­ған күрделі жөндеудің арқасында мектеп ұстаздары мен оқушылары сәулеті мен сәні келіскен қасиетті ордада алаңсыз білім алуға қол жеткізіп отыр. Бұл игілікті істің бәрі мемлекеттік бағдарлама шарапаты. Тәуелсіздіктің таңғажайып тартуы» дейді мектепті 11 жыл басқарған Гүлбану Орынбаева.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен. Расында бұл көзқарас қай қоғамда да өте маңызды. Тәуелсіздіктің шарапатымен көр­кейген білім ордасы ұстаздар мен оқушыларға білімді болуға жол көрсетер бағдаршамдай жарқырап тұр. Бұл көрініс адам бойына білім қуатын құятын барлық игіліктің алтын кілті мектепте екенін дәлелдеп тұрғандай.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

12 маусым 2021 ж. 982 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930