» » ЖАҢАДАРИЯЛЫҚ ЖАСТАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

ЖАҢАДАРИЯЛЫҚ ЖАСТАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығымен тікелей байланысты. Дені сау ұрпақ қалыптастыру – ғасырлар бойы жалғасатын, әсте күн тәртібінен түспейтін басты мәселе. Қашанда ел үшін алаңдайтын, замана көшіне ілесе алатын, білікті де білімді, бәсекеге қабілетті және жаман әдеттерден аулақ ұрпақ болашағынан үміт күттіретін тұлға деуге болады.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шаралар да ауылда көрініс табады. Бұл үшін 2018 жылы мектеп жанынан дзюдо үйірмесі ашылып, мақсатты түрде жұмыс істеуде. Спорт және жастар ісі жөніндегі мамандардың ұйымдастыруымен мектеп қабырғасында кешкілік спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп тұрады. Ауыл жастарын аудандық сайыстарға қатыстыру, оларды ынталандыру, жаттықтыру жұмыстары күнделікті мектептің спорт залында жүргізіледі.

Бұл спорт үйірмесі 45 баланы қамтиды, бірақ қазіргі таңда 36 тәрбиеленуші бар. Осы дзюдо күресіне қатысушы балалардың дені республика, облыс, аудан көлемінде турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып та жүр. Мәселен, Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының іріктеуінде Мұратбай Нұрбол ІІІ орын алып, Ғабитбек Мұхамбед облыс біріншілігінде І орын иеленді. Сондай-ақ Ғалымжан Ерболат облыстық турнирде ІІ орын алса, ауданда өткен М.Шәменовты еске алуға арналған турнирде Зәкір Марлан І орыннан көрінді. Сонымен қатар спорттық жарыстарда ылғи топ жарып жүрген тәрбиеленушілердің қатарында Ақтөре Қанатұлы, Шыңғыс Қайып, Марлан Зәкір, Айбатыр Ғабитбек, Қайсар Ғалымжан, Самал Сабыттар бар. Дзюдо үйірмесінің жетекшісі Наурыз Болаттың айтуынша, ауыл балаларының салауатты өмір салтына қызығушылығы – үлкен қуаныш.

– «Таланттың бәрі ауылда» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар. Бұрын кенттің өзінде үйірмелер санын арттыру мақсат болған. Қазір аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдық елді мекендерде де түрлі спорттық үйірмелер жұмыс жасауда. Бір қуантарлығы, ауылдық жерлерде қабілетін шыңдап жатқан жасөспірімдер көп ұзамай аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда жүлделі орындардан төбе көрсетіп жүр. Менің де осы елді мекенде жұмыс істегеніме бірнеше жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында ауыл балаларының спортқа деген ынтасы артып, үйірмеге қатысушылар саны да көбейді. Оқушыларым түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Бұл – мен үшін мақтаныш. Ендігі жерде менің арманым да, алға қойған мақсатым да – осы елді мекеннен әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығару, – дейді спорт үйірмесінің жаттықтырушысы.

Сүйіншілейтін ақжолтай хабарымыз да бар, кеше ғана жаңадариялық дзюдошы жастар жүлделі оралды. Алматы қаласында өткен Хамза спорт клубының ашық біріншілігінде ауыл өрендері топ жарды. Республикалық деңгейде өткен дүбірлі додада 320 қатысушы бақ сынаса, көп ішінен дара шыққан дарабоздар аядай ғана ауылдың мерейін үстем еткен еді. Осы жарыста 42 келі салмақ дәрежесінде І орынды Ақтөре Қанатұлы, 32 келі салмақта ІІІ орынды Ерболат Ғалымжан, 34 келі салмақта ІІІ орынды Әділ Көпжасар, 35 келі салмақта ІІІ орынды Мухамет Ғабитбек, 38 келі салмақта ІІ орынды Шыңғыс Қайып, ІІІ орынды Айдар Ғани, 48 келі салмақта ІІІ орынды Самал Сабыт, 66 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Марлан Зәкір иеленді.

Алақандай ауылдағы дзюдо үйірмесіндегі палуандардың жеткен жетістігі тек бұл ғана емес, ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де талай бәсекеде ауыл мақтаныштары көптен оза шапқан болатын. 2019 жылдың өзінде Нұрбол Мұратбай Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алып, Жаңадария ауылының намысын қорғады.

Аядай ғана ауылда өсіп жатқан жастардың арманы асқақ, алға қойған мақсаты айқын. Оны ауыл жастарымен кездесе қалсаңыз, ой-өрісі кең, ересек адамдарша сөз саптағандарынан-ақ байқайсыз. Жастардың осындай ерекше ынта-жігерлерінің нәтижесі болса керек, олар спорт, білім саласында да жеңістің дәмін татып, ауыл мерейін тасытып келеді.
12 маусым 2021 ж. 227 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 3 055

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30