15:30-ҒА ДЕЙІН САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ 61 ПАЙЫЗЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
2 мыңға жуық халық саны бар Аламесек ауылдық округінде де ауыл әкімін сайлау науқаны өтуде. Таңғы сағат 7:00-де басталған саяси науқанға халықтың қатысу белсенділігі жоғары. Үш кандидаттың ішінен өз таңдауын жасауға келген жергілікті тұрғындар таң атысымен мәдениет үйінде орналасқан №151 сайлау учаскесіне жиылды.
Есет батыр ауылындағы сайлау учаскесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтимов саяси науқанның жаңа форматы халықтың өз таңдауын жасауына толық мүмкіндік бергенін айтады. Төрағаның бұл пікірін де жоққа шығара алмайсыз. Мәселен, сағат 15:30-ға дейін сайлаушылардың 61 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінің құрамы 7 адамнан тұрады. Мұнан бөлек 1 сенімді өкіл бар. Төраға тек сайлаудың әділ өтуін ғана емес, елдегі соңғы уақытта қалыптасқан ахуалға байланысты барлық санитарлық талаптардың сақталуында өз бақылауына алған.
– Таңғы сағат 7:00-ден бастап жергілікті халық 3 кандидаттың ішінен өз таңдауын жасауда. Елді мекенде барлығы 1 900-ға жуық халық болса, оның 1026-сы сайлаушы болып табылады. Бұлардың ішінде 16 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Қазіргі таңда сайлау комиссиясының мүшелері олардың үйіне барып, өз таңдауларын жасатты. Науқан барынша әділ өтуде. Біреудің орынына ағайындары дауыс беруге де жол жоқ. Әр сайлаушы таңдауын өзі жасауы керек. Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары.
Түстен кейін сағат 15:30-ға дейін сайлаушылардың 61 пайызы дауыс берді, – дейді төраға Әбдіқайыр Әйтимов.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында 4 ауылда әкім сайлауы өтуде. Осыған дейін Қаракеткен, Бұқарбай батыр және Аққыр ауылында болған жергілікті басылымның тілшілер тобы саяси науқанды ақпараттандыру мақсатындағы сапарын Аламесекте қорытындылады. Алдағы уақытта 4 ауылдағы әкім сайлауының қорытындысын да жариялаймыз.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ