ТӨРАҒАНЫҢ ТАРТУЫ АБЗАЛ ЖАНДАР ЖҰМЫСЫН ШИРАТАДЫ

Жұмыс телефонына Еңбек ауылынан хабарласса, “Ауылдағы жалғыз шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов тағы да елді мекеннің еңсесін тіктеуде нендей жобаны қолға алып жатыр?” деген сауал туады іштей. Иә, осы ретте оқырман тарапынан да “Бұлай ойлауға не себеп?” деген сауал қарсы қойылуы әбден мүмкін бізге. Алайда оған жауап та көп. Себебі бүтін бір ауылдың қажетіне жарап, туған жердің абаттануына атсалысып жүрген төраға Аққошқардың әлеуетінің артуына, көркейіп гүлденуіне қол ұшын созуды дәстүрге айналдырған және оны өзінің перзенттік парызы деп есептейді. Жуырда сол бұрынғы Аққошқардан тағы да ақжолтай хабар келді. “Еңбек-Жер” ЖШС төрағасы Шакизатхан Ысқақов ауылдағы емхана ұжымына жалпы құны 11 млн теңгені құрайтын жаңа үлгідегі “УЗИ” аппаратын алып беріпті. Заманауи үлгідегі медициналық тексеріс құралын қабылдап алған аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Индира Нағашыбайқызы мен Еңбек ауылдық емханасының ұжымы жомарт жанға алғысын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
2 мыңға жуық халықтың денсаулығын күзеткен бұл емханада 20-ға жуық ақ халатты абзал жан жұмыс жасайды. Ауыл емес, тура бір кенттегі орталық аурухана іспетті, таң атысымен мұнда жеңіл-желпі дертпен келушілер қатары көп болды. Қайтарында бәрі де мұндағы медицина мамандарына алғысын жаудырып жатыр. Осыдан-ақ мұндағы мамандардың жұмысына адалдығын анық аңғаруға болады.
Күндізгі бөлімдегі ауылдық емханаға салада 6 жылдық тәжірибесі бар Самал Терекбаева басшылық етеді. Ақ халатты абзал жан бұған дейін Таң, Бұқарбай батыр және Аламесек ауылдық округтерінде аймақтық дәрігер болып жұмыс жасаған. Тіпті жыл басында коронавирус індеті күшейген шақта да Еңбек, Аламесек және Жаңадария елді мекендеріне жауапты дәрігер болып бекітілген.

– Жыл басында вирустың қайта бас көтергенін жасырмаймыз. Өзім жауапты үш елді мекенде барлығы 23 науқас тіркелді. Халықтың вакцинаға қатысты медицина мамандарының кеңесіне құлақ асып, оны алуға белсенділік танытуының арқасында індетті ауыздықтауға мүмкіндік туды. Еңбек ауылы бойынша жыл басынан бері 7 жағдай анықталса, оның алтауы дертінен айықты. Ахуал қазір уақыт өте қалыпқа келуде. Бүгінде Аламесек ауылындағы әріптес ағамыздың еңбек демалысында болуына байланысты қос елді мекенге мен жауаптымын. Мұндағы мамандар – өз ісіне адал әрі тәжірибесі мол жандар. Қазір ауылдық емхана ғимараты заманауи аппараттармен толығуда. Әсіресе шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов ағамыз бізге қол ұшын созып келеді. Бүгін де жаңа “УЗИ” аппаратын сыйға тартып отыр. Ол бұған дейін де індет өршіген шақта бізге түрлі медициналық аппараттар сыйға тартқан еді. Олардың көбі тыныс алуда қиындығы бар науқастарды емдеуге қолғабыс болды. Жомарт жанға алғысымыз шексіз, – дейді аймақтық дәрігер.


Иә, бұл Шакизатхан Ысқақовтың ауылына жасап жатқан бірінші қолғабысы емес, соңы да болмасына сенеміз. Бұған дейін оның ауылды абаттандыруға, елді мекен халқының әлеуетін арттыру бағытында қолға алған жарқын жобаларын жазған едік. Бастысы мұның бәрі жергілікті халықтың қажетіне жарап тұр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ