Еңсе тіктеген Еңбек
Еңбек бұрын қандай ауыл еді, күре жолдан кіре берістегі бар болғаны сегіз шақырымды артқа тастап, бұл ауылға жетудің өзі бір мұң болатын. Басқасы білмесе де бұл жолдың азабын көршілес Есет батыр мен жаңадариялықтар жақсы біледі. Қазір ел қазынасынан қаралған қаржымен бұл мәселе де шешімін тапты. Бүгінде Шакизатхандай ерімен еңсе тіктеген Еңбек кез келген жобаны ауылда жүзеге асыру үшін ауданға алақан жаймайды. Бір ғана шаруашылықпен гүлденген елді мекеннің бұрынғысынан әлдеқайда әлеуеті артқан.
Қазақ «Ауылына қарап азаматын таны» дейді. Осы бір ғана қанатты сөздің астарында үлкен мән барын Шакизатхан Ысқақов жақсы біледі. Туған жерге деген перзенттік парызын өтеу жолында жүзеге асырған жобаларын тізе берсек жетіп артылады. Ал бізге оның ең бастауы маңызды. Алдымен ауылдағы имандылық үйіне қолғабыс етуден бастаған ел ағасының жұмысы уақыт өте алға басты. Соған қарағанда «Туған жер» деп тер төккен перзентке Тәңірдің де көзқарасы түзу болса керек. Ауыл жанашыры биыл сол мешіттің күрделі жөндеу жұмыстарына тағы да 25 млн теңге қаржы бөліпті. Мұнан басқа да жарқын жобаларын мақаланың соңына қалдырайық. Бірін айтып, біріне кетті демеңіздер, кешегі Аққошқарға барған бір күндік сапарда алған әсеріміз еді. Күріш пен ырысы артқан өңір сейсенбіде алтын күздің салтанатты шарасын жоғары деңгейде атап өтті.
Ауылдық мәдениет үйінен бастау алған сабантойға жиылғын жұрттың қарасы қалың. Аузы дуалы ақсақалдар, жүзінде қанша жылдық еңбектің қыртысы бар қарт әжелер, ақ жаулықты аналар, асқар тау әкелер, жастар, бәрі-бәрі жұдырықтай жұмылып, еңбеккерлерге арналған жылдық қорытынды кештің көркін қыздыруға жиылыпты. Салтанатты шараны алдымен ауыл әкімі Қайролла Қалданұлы ашып, бүгінге дейін Еңбек қандай жетістікке жетсе, соның бәрінде ауыл еңбеккерлерінің қолтаңбасы барын көпшілікке паш етті.
– Бұл той – баршамызға ортақ мереке. Қазір ауылда қандайда бір жобаны жүзеге асырамыз десек, оған «Еңбек-Жер» ЖШС демеуші болудан жалыққан емес. Шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов ағамызға ауылдастар атынан алғыс айтамын. Елді мекеннің көркейіп-көгалдануына, тұрғындар әлеуетінің артуына қосқан үлесінің жоғары екенін біз білеміз. Ағамыз туған жеріне тек жақсылық жасаумен шектеліп жатқан жоқ. Керісінше, қолдан келген көмегін аямай жастарға үлкен өнеге беріп жатыр. Ауылдағы бүгінгі өскелең ұрпақтың ішінен ертең елді мекенді мұнан да жақсартатын азаматтың шықпасына кім кепіл. Ал олардың осындай тұлғаларға қарап бой түзейтініне ешкімнің таласы жоқ. Баршамызға ортақ мереке бүгінгі сабантой құтты болсын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Еңбектің еңбеккерлері жыл сайын Сыр салысын өңдіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, бізді таң қалдырудан жалықпасын, – деді ауыл әкімі.
Аққошқарға соңғы уақытта ат ізін салмаған не бұрын барып көрмеген адам Қайролла Қалдановтың бұл сөзін әсірелеу деп айып көруі мүмкін. Бірақ ауыл әкімі тек соңғы уақытта елді мекенде игі бастамалардың шын мәнінде жүзеге асып жатқанымен бөлісті. Рас, оның бәрінде болмаса да 90 пайызына Шакизатхан Ысқақовтың демеушілік жасап отырғаны өтірік емес. Шынында, бүгінгі ауыл бозабаларының ішінен кем дегенде біреуі ағамызға қарап бой түземесіне кім кепіл?! Жалпы сабақтастық деген дүниенің өзі осындайдан бастау алса керек.
Мен облыстың басқа аудандарындағы жолдастарыма біздегі шаруашылық төрағаларының жомарттығын айтып мақтанамын. Қарапайым серіктестікте жұмыс істейтін еңбеккерлеріне төрағалардың үй салып беруі, су жаңа автокөлік сыйлауы, ауылға қарасуы соңғы уақытта қалыпты жағдайға айналғаны рас. Оған бүгінгі сабантойда ауыл еңбеккерлеріне үлестірілген қаржы дәлел бола алады. Шакизатхан Ысқақов биылғы алтын күзде таратылатын сыйақыға 72 млн теңге қаржы бөлді. Ауыл еңбеккерлеріне 5 су жаңа автокөлік, 4 жаңа баспананың кілті табысталды. Мұнан бөлек 5,5 млн, 4,5 млн, 3,5 млн, 2,5 млн және 1,5 млн теңгеден оннан астам диқан мен сушы қаржылай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ олардың қатарында серіктестіктің есепшілері де бар. Ел алдында «Дүние тозар, барында, барымызда атқарылған еңбекті де, өз-өзімізді де бағалай білейік» деген төрағаның бірауыз сөзі кәсіппен тек табыс үшін емес, туған жер үшін айналысқанын аңғардық. Болмаса 72 млн теңгені бір күнде ауылдастарына үлестіре ме?!
Биыл жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша Жалағаш ауданы облыста көш бастаса, ауданның жеңіс тұғырынан көрінуінде осы ауылдағы «Еңбек-Жер» ЖШС-ның да қолтаңбасы бар. 1560 гектар алқапқа Сыр салысын еккен еңбектіктер күзде күріштен тау тұрғызды. Ауыл тұрғындары айтарлықтай рекордтық өнімге қол жеткізді. Алды гектарынан 80 центнерден өнім жинаса, мұнан кейін тағы бір диқан 78 центнерден астық алды. Егілген күріштен алынған орташа өнім 63 центнерді құрап отыр. Кейбір жергілікті шаруашылықтардың жоғары өнімінің өзі аталған серіктестік күрішшілерінің гектарынан алған орташа өніміне жетіп жығылады. Осыдан-ақ жаз бойы ауыл диқандарының табан ет, маңдай термен іс қылғанын аңғаруға болады. Мұнан бөлек, мал азығы есебінде 186 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 891 га ескі жоңышқа күтімге алынды.
Шаруашылық жұмысы бұрынғыдай емес, бір жүйеге түскен. Серіктестік базасында көне техникалар жоқтың қасы десек қателеспейміз. Барлығының астында заманауи жетілген техника. Осындайда бала күнімізде әкемнің «Қазіргі механизаторлардың бағы бар» деген сөзі еріксіз еске оралады. Рас қой, жанын қинап, күннің ыстығында қос қолы май-май болып көлік астына үңілмейді. Тіпті ішінде салқындатқышқа дейін орнатылған. Ал еңбек өнімділігіне келсек, бұрынғы техникалармен салыстыруға да келмейді. Мұнан артық қандай жағдай керек. Қарапайым жұмысшылар да бұрынғыдай қап көтермейді, барлығы автоматтандырылған жүйе. Ауыл еңбеккерлерінің алға қойған мақсаты да айқын. 80 центнерді бағындырған дала дарабоздары бұйыртса, келер жылы 90 центнерге жұмыс жасаймыз деп отыр. Жылына 100 млн теңгеге жуық үлестірілетін сыйақы кімді болса да шабыттандырмай қоймас. Аққошқарлықтардың «Қыстай кетпенімізді мұзға қайрап дайын отырамыз» деп қалжыңдайтындай реті бар. Бір сөзбен айтқанда, Еңбектің еңбеккерлері қалай мақтанса да жарасады. Ал төраға қомақты сыйақы үлестіруді шама-шарқынша жалғастыра беретінін айтады.
– Дүние тозады, өмір озады. Сондықтан біз бір-бірімізді, атқарылған еңбекті бағалауда аянып қалмауымыз керек. Менің өмірдегі негізгі ұстанымым да – осы. Сіздер сыйақыға бөлінген қаржыға қарап таң қалатын шығарсыздар. Ал мен ауылдастарымды осындай құрметке лайық деп ойлаймын. Алды сексен центнерден өнім алып жатқан олардың еңбегін қалай бағаламаймын. Сыйақы жыл сайын кезегімен беріледі. Бірақ нәтижеге де басымдық береміз. Ал ауылға жасап жатқан жұмысымды мен қолғабыс деп есептемеймін, ол – менің перзенттік парызым. Әлі де осы өңірде тың жобаларды жүзеге асыруға тырысамын. Бастысы, ел аман болсын. Серіктестікте еңбек ететін жұмысшыларымның әлеуметтік жағдайы да назарымда болады. Сондықтан баспана салуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржылай көмегімді қолдан келгенше аямаймын. Жаңа әріптестерім де айтып жатыр, келер жылы 90 центнерді бағындырамыз деп, осылай талаптанып отырған азаматтарға мен де қолдау көрсетуге міндеттімін деп есептеймін, – дейді Шакизатхан Ысқақов.
Былтыр Еңбекке барғанымызда атпал азаматтың бірқатар игі жобаны осы елді мекенде жүзеге асырғанына қаныққан едік. Ауыл жанашыры осыған дейін бірнеше балалар ойын алаңын өз қаражаты есебінен салып берді. Мешіттің құрылысына да қыруар қаржы бөлді. Өткен жылы ауыл орталығынан үлкен тойхана мен сауда орталығының ашылуына себепші болды. Сол тұста Еңбектегі негізгі орталық көшенің құрылысына қаржы бөлетінін айтып, ауылдастарына уәде берген еді. Ер екі сөйлемейді екен, кеше барғанда асфальтталған жаңа көшемен жүріп бардық. Жол құрылысынан бөлек төраға көшенің қос қапталындағы заманауи тасқоршауға да қыруар қаржы қарастырыпты. Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылына қызыға қарайтын едік. Абзалдай жанашыр ер Еңбекте де бар екен.
Шакизатхан Ысқақов тек істің ғана адамы емес, бір жағынан өнер мен білімнің жанашыры. Ауыл өрендері үлкен сайыстарға қатысса, солардың жол шығыны мен қажетті дүниесіне де қыруар қаржы бөлді. Бірнеше жыл қатарынан мектепті үздік тәмамдаған балаларға да қаржылай және бағалы сыйлықтар үлестірді. Еңбектегі «Батыр аналар» ансамблінен де қаржылай қолдауын аяған емес. Кешегі сабантойда ауыл балабақшасына тағы да 150 мың теңге сыйақы берді. Ауыл халқының сөзінше, мұның бәрі жыл сайын қайталанып отыратын дәстүрлі шара екен.
Еңбеккерлер тойына тек ауыл тұрғындары ғана емес, облыс мерейін үстем етіп, сатира саласында өз орнын тапқан өнерпаздар да келді. Олардың ішінде «Қорқыт» құрамасы мен КТА-ның өкілі Қанат Әлжаппаров та бар. Әзілдік әлі, қалжыңдық қуаты бар, айтқаны өтіп, атқаны тиетін азаматтар халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сөзімізді сабантойда ұйымдастырылған ойындағы кішкентай баланың сөзімен аяқтайықшы. Кеште Асылхан Дүкенбаев ауыл балаларын сахнаға шығарып, өскенде кім болатынын сұрап, бүлдіршіндерге сауал тастаған еді. Бірі мұғалім, бірі дәрігер, бірі механизатор болғысы келетінін айтты. Ішінде бір ауыл баласының «Шакизатхан боламын» деген жауабы қызық болды. Сатира саласынан сөз артылған ба, «Не үшін Шакизатхан боласың?» деп тағы бір сауалмен тығырыққа тіреді. Сахнада бір сауалға 1,5 минуттай ойланған ойын баласы қазір жеңіл жауап қайыра ма деп едім. «Ауылға жағдай жасау үшін» деп нағыз ердің өмір жолынан өнеге алғанын көптің алдында көрсете білді. Біз де осындай ынталы жастары бар Еңбектен әлі талай ауыл жанашыры шықсын деген тілек білдіріп қайттық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ