» » Күрішпен кірісін еселеген “Байтабын”

Күрішпен кірісін еселеген “Байтабын”

Қырман басындағы алдағы егіске тұқым дайындау жұмыстары тәмам, ауыл еңбеккерлері судың келуін күтіп отыр. Каналдар аяқ суға толысымен “Байтабын” ЖШС ұжымы дән себу рәсімін бастайды. Төраға Болат Ділдабековке дамыл жоқ. Серіктестік егін орналастыратын алқап пен қырманға кезек-кезек барып қайтады. Мұнда дайындалған тұқымның сапасын зерделеп, әр азаматтың өз функциясын міндеттесе, алқап басында бригадирлермен жиған тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңес беруде.

Бөкең басшылық ететін шаруашылық ұжымы биыл 1 300 гектар алқапқа Сыр салысын себеді. Тәжірибелі төраға был­тыр аяқ су мәселесі айтарлықтай қос бүйірден қысқанын жасырмайды. Тіпті сол су тапшылығының салдарынан се­рік­тестікке тиесілі 200 гектардай жер өткен жылы игерілмей қалыпты. Мәселе күрделенген сайын жауапкершілік те еселенеді. Мұны “Байтабындық” дала дарабоздары жақсы біледі. Мәселен, былтыр 1 100 гектарға күріш еккен ди­қандардың гектарынан жиған орташа өнімі 60 центнерге дейін жеткен. Тіпті алды 90 центнерге жуық өнім жиыпты.

120 адамды жұмыспен қамтып отыр­ған шаруашылықтың бүгінде шаруасы ширақ. Тіпті өздерін дайын тұқыммен қам­тамасыз ететін зауыттары да бар. Германиялық алып аппараттың қызметі серіктестік жұмысына серпін беріп отыр. Мәселен, шаруашылық сырттан ең жоғары сұрыптағы тұқымды бір жыл са­тып алса, алдағы 2 жылда одан жиған өнімнен өздеріне тұқым әзірлейді. Бірақ төраға екі жыл сайын сұрыпты жаңартып отырғанын айтады.

Шаруа ширау үшін көбіне құрал-сай­маның қазіргі үлгіге сай болуы шарт. Ал бұл жағынан “Байтабында” мә­селе жоқ. Себебі Бөкең серіктестіктің тех­ни­калық базасын нығайтуға жыл сайын басымдық береді. Төраға оның еңбек өнім­ділігінің артуына да айтарлықтай қолғабыс болып отырғанын айтады. Қа­зір шаруашылық базасындағы 70-тен ас­там техниканың барлығы – соңғы үлгі­дегі заманауи техникалар.

Шаруашылық былтыр күріштен бөлек 3 097 тонна жоңышқа пресс жинапты. Оның 813 тоннасы ауыл халқына үлес­­тірілсе, аудан орталығында 1 268 тон­­насы сатылымға шығарылған. Қы­зы­л­­ордаға 335 тонна жіберілсе, қал­ға­ны Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарына жөнелтілген.

Мамандар биыл да су тапшылығы оңайға соқпайтынын айтады. Егер бол­жам дәл келсе, серіктестік биыл да егіс көлемін қысқартуы әбден мүм­кін. Мұның күрішпен кірісін еселеп отыр­ған шаруашылықтың жұмысына айтар­лықтай қолбайлау болары анық. Десе де өнім сапалы һәм өтімді болуы үшін төрағаның басқа тығырықтан шығар амалы жоқ.

Шаруашылық басшысы еңбеккер­лер­дің әлеуметтік жағдайына да басым­дық береді. Мәселен, олар айлық жала­қыдан бөлек қосымша сыйақы алуды да дәстүрге айналдырған. Сабантойда жылды қорытындылайтын серіктестік ұжы­мы осыған дейін темір тұлпар та­қым­­даса, соңғы 1-2 жылда ақша­лай сыйақыға қол жеткізіп келеді.

Қырман басында Болат ағамызбен 10-15 минуттай сұхбаттасып, алқапқа аттандық. Үлкен жолдың бойындағы кө­пірден өткен бойда оң жағымызда бұр­қыраған шаң көзге түсті. “Не де болса “Байтабынның” егіс алқабы осы” деген тұжырымға келдім. Көлік тізгіндеген төраға да жиектей қара жолға түсті. Ойласам, баққаным бақа бол­мапты. Расында шаруашылыққа тиесілі егіс алқабы осы маң екен.

Дала дарабоздарының сенімен еш­қай­сысының сөйлесуге уақыты жоқ. Олар­ды да түсінеміз, өздеріне жүк­тел­ген міндет бар. Сол сенім үдесінен шық­паса тағы болмайды. Жаңа үлгі­дегі қос техника атызды сүдігерлеп ке­леді. Қостың басынан қырықтар шама­сын­дағы жігіт ағасы бізге ылдилап ке­леді. Әңгімеге тартсам, дәл осы ал­қапқа себетін өнімнің ала жаздай кү­тіміне жауапты бригадир екен. Ол да қазіргі таңда шаруашылықтың көктемгі науқан жұмыстарының 75-80 пайызы аяқ­талып қалғанын айтады. Бұлай болатын да жөні бар, себебі майталман механизаторлар тізгіндеген көліктердің барлығы – соңғы үлгідегі техникалар.

Қазір Жалағашта жер дауы бір-екі шаруашылықта орын алып жа­тыр. Бізге бөлінгенді бөрі жейтінін әл­­де­қа­шан түсінетін уақыт жетті. Керісінше құрал-сайманы сақадай сай, өз адам­дарын жұмыспен һәм тұ­рақты жала­қымен қамтамасыз ете­тін осындай ша­руашылықтардың ай­на­ласына топ­тасу керек. Сонда ғана әрбір істе береке болады. Бұған “байтабындықтар” әлде­қашан көз жеткізген.

Бұл серіктестіктің ауылды абат­тан­дыруға, әлеуетін арттыруға қосқан үле­сін қазір жазатын болсақ, бір еңбекке жүк. Жалпы құны 100 млн теңгеден асатын спорт ғимаратын салып берді батыр атындағы ауылға. Сол уақыттан бері өңірде жұмыс жасайтын үйірмелер қатары артып, дүбірлі додаларда топ жаратын ауыл жастары бой көрсетіп жа­тыр. Еңбеккерлердің жұмысына бе­реке берсін, тек ауызбіршілік бар жерде сол берекенің тұрақтайтыны назардан шықпаса болды.

Жөндеуді қажет ететін ішкі көшеге түсіп, аудан орталығын бетке алдық. Жолдың қос беті көктеген жас шыбыққа толып тұр. Енді бір 3-4 жылды артқа тастаса, батыр атындағы ауылға кіре­беріс жолдың екі жиегі үлкен жасыл желек болғалы тұр. Айтпақшы, мұны қоршап, егу және күту жұмыстарын да осы ша­руашылық өз жауапкершілігіне алған. Нәтиже жаман емес. Отырғызылған қа­лемшелердің 90-95 пайызы алып тұр. Ауылға жаны ашитын азаматтардың ісі алға басса, кімге болса да тиімді ғой.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

26 сәуір 2022 ж. 62 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930