Аламесек халқы заман талабына сай дәрігерлік емхана болса дейді

Ауылдық дәрігерлік емхана меңгерушісі Темір Өмірбевтың сөзінше, мұнда көбіне халық жүрек қан тамыры және бүйрек ауруларымен келеді екен. Бұл елді мекенде де маусымында тұмау өршитін көрінеді. Медициналық нысанда 21 маман жұмыс жасайды. 5 орындық күндізгі стационар бөлмесі де бар. Алайда ғимарат ескі.
Сапар барысында өңір басшысы мұндағы медициналық қызметке жүгінуге келген жергілікті тұрғындармен де кездесті. Олардың да талап тілегі сол, ауылда заман талабына сай дәрігерлік емхана ғимараты болса дейді. Нысанның барлық бөлмесін аралап танысқан Асқарбек Темірбекұлы Есет батырлықтардың бұл ұсынысының орынды екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта мәселенің оң шешімін табуына мейлінше жұмыс жасалатынын жеткізді.
Мұнан кейін аудан әкімі ауылдағы №124 орта мектебіне аялдады. Екінші бөлігі күрделі жөндеуден өткен білім ошағы жұмысымен танысқан Асқарбек Есжанов мейлінше білім сапасына басымдық беру қажеттігін мектеп ұжымының назарына салды.

Асқарбек Темірбекұлының бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Расында мемлекет оқушылардың білім алуына бар жағдайды жасап қойды. Оған дәлелді алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Бір ғана Есет батыр ауылындағы білім ошағының күрделі жөндеуіне қырауар қаражат бөлінді. Жемісін тұтас ауыл көріп отыр. Қазір ауыл балалары заман талабына сай жарақталған жаңа нысанда еш кедергісіз білім алуда.

Мұнан кейін аудан әкімі ауылдық мәдениет үйінде жергілікті халықпен, ардагерлермен, шаруашылық басшыларымен кездесіп, пікір алмасты. Алдымен жүздесудің негізгі мақсатына тоқталған өңір басшысы көп созбай кезекті жергілікті тұрғындарға берді.

Асқарбек Темірбекұлы ауданды дамытудың 3 жылдық жоспары жасалып жатқанын аламесектіктерге жеткізіп, ол жобадан ауылдық елді мекендерді дамыту да тыс қалмайтынын тілге тиек етті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
