Еңбекте 3 көше асфальтталады

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдық елді мекендерге бүгінгі жұмыс сапары Еңбек ауылдық округінде қорытындыланды. Алдымен ауылдағы Мардан Байділдаев атындағы білім ошағына аялдаған өңір басшысы №232 орта мектеп ішіндегі «М.Байділдаев» атындағы музей жұмысымен танысты. Мұнда халық әдебиеті үлгілерін жинауда һәм зерттеуде қажырлы еңбек еткен атпал азаматтың жұмыс барысында пайдаланған құралдары, кітаптар қоры, елімізге еңбегі сіңген қайраткерлермен түскен суреттері жинақталған.
Асқарбек Темірбекұлы мұнан кейін 11 сынып оқушыларымен кездесіп, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинау үшін үлкен ізденіс қажеттігін қаперге салды, ағалық ақылын айтып, үлкен азамат болып, еліне еңбек сіңіруіне ақжол тіледі.


Еңбек – ауызбіршілікті ту етіп, ымырамен іс қылудың арқасында өрісі кеңейген елді мекен. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Шакизатхан ағамыз бас болып, ауыл ардагерлерінің батасымен ауылда өрісті жобаларды жүзеге асырып келеді. Тіпті бір жылда 72 млн теңгені сабантойда әріптестеріне үлестірді. Осыдан-ақ ауылда адал еңбектің лайықты бағаланатынын аңғаруға болады.

Елді мекен халқы, ардагерлер аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, жол мәселесін қаперіне салды. Расында ауылда ішкі көшелер сапасының сын көтермейтініне біз де көз жеткіздік. Алайда бұл аудан басшысын да алаңдатады екен. Бұған қатысты өзінің де жақсы жаңалығын жеткізді. Яғни биыл Еңбекте Мүсірәлі баба, Сырбай ата және Ғ.Мұратбаев көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан басшысының бұл жаңалығына қуанған ауыл халқы алғысын білдіріп, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мархабай Балханов Асқарбек Темірбекұлына батасын берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ