Ел аманатын арқалап қайтты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман жұмыс сапарымен Жалағашқа келді. Халық қалаулысы алдымен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында тұрғындарды жеке қабылдап, көпшіліктің көкейіндегі мәселені тыңдады.
Өңірге Астанадан мәжілісмен келеді дегенді естіген көпшілік таң азанымен көшбасшы партияның аудандық филиалына ағылды. Бірі жеке мәселесін алға тартып баспана сұраса, енді бірі жастарға арналған бағдарлама тетігін одан әрі кеңейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жеке қабылдау барысында ветеринария саласының жай-күйі, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы және кейбір заңнамалық актілердің бір-біріне қарама-қайшылығы да назардан тыс қалмады. Халық қалаулысы осы айтылған мәселелерді республика деңгейінде көтеріп, оң шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді.
ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев пен мәжілісмен Кәрібай Иманжанұлы аудандық полиция бөлімінің зәулім ғимаратын аралап, жаңа форматқа негізделген қызмет көрсету жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы жариялаған "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауда құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгеріс қажеттігін атап өткен болатын. Бұл орайда аталған салада халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанынан Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасауды талап етті. Осыған орай, аудан орталығында бой көтерген бұл ғимараттың материалдық-техникалық базасы толығымен жаңарып, халыққа ыңғайлы форматта қызмет көрсету стандартына көшкен.
Облыстық бюджет есебінен бой көтерген үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 1681,70 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, заман талабына сай жабдықталған жаңа нысанда әкімшілік қамауға алынғандарды ұстау изоляторы бар. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрлан Ағаділовтің айтуынша қылмыстың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтауда ғимараттың материалдық, техникалық мүмкіндігі мол. Соның бір дәлелі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, құқық бұзушылық, бұзақылық саны азайған және орын алған қылмыстың ашылу көрсеткіші артқан. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен аудандар арасында біздің өңірдегі полиция бөлімінің жұмысы жақсы көрсеткішке ие болып, екінші орынға жайғасты.
Айта кету керек, бұл жаңа ғимарат аймақтағы типтік жобада салынып, заман талабына сай жабдықталған санаулы нысандардың қатарында. Сонымен бірге, мұнда Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына ортақ уақытша ұстау изоляторы орналасқан.
Халық қалаулысы жаңа ғимаратты аралап көрген соң, аудандық полиция қызметкерлерімен кездесті. Онда депутаттардың ел жағдайымен етене танысудағы мақсаты – Елбасы Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асыру бойынша елді мекен тұрғындары, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, жоғары деңгейде шешілетін күрмеуі қиын мәселелерді анықтау екені айтылды.
– Өңір-өңірлерді аралап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылап келеміз. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оны парламент қабырғасында көтеруге дайынбыз. Жалпы, Сыр Елі – бірлігі мен ынтымағы жарасқан өлке. Мұнда ел болып еңсерген жұмыстар да аз емес. Мәселен, қазір солтүстік өңірлерде демографиялық жағдай қиын, ол жақтағы ауылдарда халық саны аз. Сондықтан, халық көп шоғырланған аймақтардың тұрғындары сол жаққа қоныс аударып жатыр. Жұмысқа орналастыру, кәсіп ашу, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған. Жұмыссыз жандар болса, теріскейге көшіріп, үй-жаймен қамтамасыз етуге дайынбыз. Ел аралап жүргесін осы мәселені де көпшіліктің назарына тағы бір ұсынғым келеді. Ал, аудандық тәртіп сақшыларының жұмысына келер болсам, материалдық-техникалық базасы мықты мұндай зәулім ғимараттың осы өңірде бой көтергені полиция қызметін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, сіздер халықтың қорғанысыздар. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Кәрібай Иманжанұлы.
Қазір, ауданда полиция қызметі маманына тапшылық жоқ. Су жаңа көліктер әлсін-әлсін келіп жатыр, бөлімнің материалдық-техникалық базасы да жаңа. Бірақ, әттеген-ай дейтін бір мәселе бар. Ол – ауыл инспекторларына берілетін баспана. Мәселен, ауылдағы полиция инспекторлары туған-туыстарын жағалап, жалдамалы пәтерге тұруға мәжбүр. Сесебі, елді мекендерде оларға арнайы қызметтік баспана қарастырылмаған. Осының салдарынан ауылға қызмет ауыстырған полиция маманы ол жақта ұзақ уақыт тұрақтамайды екен. Осылай деген өңір басшысы Қайратбек Сәрсенбаев депутатқа өз ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева аудандағы жол полиция қызметінің штат санын айтып, оны көбейту керектігін назарға салды. Ал, халық қалаулысы бұл мәселелерді де зерттеп, тиісті министрлікке ұсынатын болды.
Соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлік аясы кеңейіп келеді. Соның бірі – «Серпін» индустриалды өндіріс аймағында орналасқан «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Арнайы киім тігу шеберханасы». Мұнда қазір 33 адам жұмыс жасайды.
Жалпы, тігін тігіп, кесте тоқып, ою салу – халқымыздың жанына жақын кәсіп. Сондықтан болар, мұндағы қолы епті қыз-жігіттердің қимылы да ширақ. Тігіншілердің басым көпшілігі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша үш ай мерзімде оқып, кәсіби даярлықтан өтіпті.
Жобаның жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайды. Оның ішінде жаңа стандартқа сай тігін машиналары Ресейден әкелінген. Өнім дайындауға қажетті тауарлар да сол жақтан алынып отыр. Сондықтан мұндағы тігіншілер қолынан өткен бұйымдардың сапасы да мықты. Шеберхана меңгерушісі Аққолқан Босшаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін жұмыссыз отырған қыз-келіншектер бұл кәсіпке ерекше ынтамен кірісіп кеткен. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен бірге, аудан тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Киім-кешектер, құрақ көрпешелер, төсек жабдықтарын тігеді.
– Мемлекеттің қолдауымен кәсіби даярлықтан өтіп, жұмыс жасап келеміз. Еңбекақымыз да уақытылы. Ең бастысы, жұмысымыз көңілімізден шығады. Кәсіп аясын кеңейтуге қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосамыз, – дейді тігіншілер.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман қорғаныс, өрт сөндіру, полицейлерге арналған түрлі киімдерді көріп, мұндай ауқымды жұмыстың ауданда атқарылып жатқанына өз ризашылығын білдірді. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан киімдердің ішінде отқа жанбайтын, ыстық-суыққа төзімді және суық қаруды дәлдеп атсаң да оқ өтпейтін матадан тігілген киімдер де бар.
Халық қалаулысы түс ауа Таң ауылына аялдады. Алдымен, «Таң LTD» ЖШС-нің «Дихан ата» күріш ақтау зауытында болып, цех жұмысымен танысты. Бұл күріш ақтау цехының жоба құны 150 млн теңгені құрайды. Мұнда тәулігіне 100 тонна күріш салысын ақтайды. Сондай-ақ, 10-нан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған цехта ауыл тұрғындарына арзандатылған бағада мал азықтары да дайындалады екен.
Шаруашылық диқандары осы күнге дейін күрішті сыртқа апарып өңдеген болса, биылдан бастап осында өнімді дайындап жатыр. Жаңа технологиялармен жабдықталған цех жұмысымен және күріш ақтау қондырғыларымен таныстырған мамандар өңделген өнімнің сапасы жоғары екенін айтты. Мәжілісмен осындай игілікті істі жүзеге асырып, бірнеше ауыл азаматын жұмыспен қамтып отырған «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын білдірді.
Мұнан соң, меймандар осы ауылдағы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағдарламасы негізінде салынған 90 орындық «Таң бөбегі» балабақша жұмысымен танысты. Айта кейік, бұл нысан бұған дейін апатты жағдайда тұрған болатын. Мұны күрделі жөндеуден өткізген «Таң LTD» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев ауылдан жаңа балабақша ашуға қамқорлық танытты. Жаңа үлгідегі құрылғылармен жабдықталған балабақшада қазір 25 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауыл тұрғындары бір ғана серіктестік бүтін бір ауылды гүлдендіріп отырғанына мақтанады. Жалпы, «Таң ЛТД» ЖШС шаруашылық ісін дөңгелетіп қана қоймай, туған жерді көркейтуге атсалысып келеді. Ауылды дамыту бағытында атқарып жатқан мұндай ауқымды жұмыстарға халық қалаулысы да дән риза.
АУЫЛ ЖАСТАРЫМЕН
Сол күні халық қалаулысы Кәрібай Мұсырман Еңбек ауылына барып, әр салада еңбек етіп жүрген белсенді жастармен кездесті.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен "Асқақ арманға – ауыл жастарымен" атты кездесу кешіне жас мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, төтенше жағдайлар, ішкі істер, мәдениет, экономика саласының жас мамандары қатысты. Биылғы жыл "Жастар жылы" болып жариялануына орай жастар кәсіп ашуға мемлекет тарапынан біраз жеңілдік қарастырылады деген үмітте. Осылай деген өңір белсенділері халық қалаулысына өз ұсыныстарын айтып, ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың арасында Астанадағы Жастар жылының ашылу салтанатына қатысып келген Алтынбек Исабаев та болды.
– Мен Еңбек ауылындағы "Еңбек Жер" ЖШС-да бас агроном кызметін атқарамын. Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы ауыл шаруашылығына айрықша тоқталып өтті. Яғни, ауыл жастарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жиында егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарды толық автоматтандыру жүйесі қолға алынғаны да айтылды. Менің өз салама қатысты айтылған бұл жаңалық әрі қарай жұмысқа деген жігерімді еселей түсті. Жастарға арналған "Дипломмен ауылға" бағдарламасының уақыты ұзартылғаны мені қуанады, – деді ол.
Сондай-ақ, жас агроном осы бағдарламаға ауыл шаруашылығы мамандары да кірістірілсе екен деген ұсынысын жеткізді.
Ал, өткен жылы "Жас прожект" жобасы аясында кәсіп ашқан жастар бастаған ісін одан әрі дамытуға қаржы қол байлау болып отырғанын жасырмады. Мәселен, тиыннан тиын құрап, енді ғана алға жылжып келе жатқан жас кәсіпкерлерге банк несие бермейді. Себебі, олардың кепілге қояр мүлкі жоқ. Осы мәселені алға тартқан көпшілік тым болмаса "Жастар жылында" іскер жастарға кепілсіз несие берілсе деген өтініштерін жеткізді.
– Қазіргі таңда "Жас кәсіпкер" бағдарламасы әзірленіп жатыр және осы айтылған ұсыныстарды сол жобаға ұсынуға тырысамын. Өздеріңізге белгілі екінші деңгейлі банктердің саясаты, кепілдік мәселесі қазіргі таңда қиындық тудырып отыр. Бұл мәселе де өз шешімін табатын болады, – деді Жастардың ұсынысын тыңдаған Кәрібай Иманжанұлы.
Халық қалаулысымен еркін әңгімелесіп, өз ойларын ортаға салған жас мамандар "Қазақстан жастарының сайтын" ашу керектігін де назарға салды. Сол сайт арқылы жастар біраз ақпаратқа қол жеткізгісі келеді екен.
Мәдениет үйінен әрі асып, орталық көше бойымен жаяу жүріп өткен меймандар сән-салтанаты жарасқан, сәулеті келіскен, ауылдың ажарына сүйсініп, жаңадан ашылған сауда үйі мен мейрамхананы аралап шықты. Айта кету керек, аталған кәсіпкерлік нысандар ауыл азаматы, «Еңбек Жер» ЖШС директоры Шакизатхан Искаковтың жеке қаражаты есебінен салынды. Бүгінгі күні ауыл орталығынан ашылған 200 орындық «Асылзат» мейрамханасы мен шағын маркет кәсіпкерлік нысандары ел игілігіне пайдаланылып келеді. Қазір мұнда 10-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Тимур ҚУАНДЫҚ (сурет).