НЕГІЗГІ МІНДЕТ – ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ
Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Нұр отан» партиясының 20 жылдығына орай конференция өтті. Конференцияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты партияның алдағы жұмыстары жайлы мәселелер талқыланды.
Конференцияның ашылуында партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "Нұр Отанның" еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
– Партияның бірінші съезі 1999 жылдың 1 наурызында өткен еді. Еліміздің жетекші партиясы жиырма жылдың бедерінде үлкен жолдан өтті. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, елді дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты, – деді аймақ басшысы.
Шарада партия ардагері, 1999 жылы Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Қуанышқали Шапшаңов "Нұр Отан" партиясының 20 жылдығы: Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі" тақырыбында баяндама жасады.
Тарихи өлшемге салсақ, 20 жыл қас-қағым сәт қана деп сөзін бастаған Шапшаңов осы бір уақыт жолағында «Нұр Отан» партиясы шын мәніндегі жасампаздық пен біріктіруші күшке, саяси сахнада салмағы басым көшбасшыға айналғанын атап өтті.
Шындығында, «Нұрлы көш», «Ауыз су», «100 мектеп», «100 аурухана», «Болашақ» және тағы да басқа ірі әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар іске асты. Қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін 1000 тегін IT-сынып пен ақпараттық технологиялар саласына білікті мамандар даярлау үшін 20 IT орталық ашу, геоақпараттық онлайн қызмет порталын құру, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту секілді басқа да заман талабымен үндесетін істер бар. 20 жыл тарих үшін сабақталған жіптің түйініндей ғана уақыт болса да, елімізде ғасырларға бергісіз жұмыс атқарылды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
Елбасының сарабдал саясаты тәуелсіз елімізді табыс пен жетістік жолына бастады. Мемлекет басшысының Жолдаулары тек саяси құжат қана емес, сондай-ақ, бет түзейтін жоспарлы бағыт болып табылады.
"Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы Саяси бюросының мүшесі, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының облыста жүзеге асырылуы туралы айтты.
– Облыс бойынша жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтеруге ниет білдірген мекемелер мен кәсіпорындар арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Нәтижесінде бүгінгі күні облыс бойынша 29 ірі және орта кәсіпорындарда 2548 адамға жалақыларын 44 400 теңгеден 54 200 теңгеге дейін көтеруді растап отыр. Білім беру саласында аймақта Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесіне сәйкес білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күні ол 46 мектепте енгізілді – деді Р.Рүстемов.
Жиында “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов хабарлама жасап, партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелеріне тоқталды. Сондай-ақ, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын сөз етті. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес “Нұр Отан” партиясының кезекті съезіне делегаттар сайлау жайлы хабарлама жасады.
“ЖЖ” ақпарат.