» » Қаламгер қарымы немесе әр кезеңдегі газет редакторлары

Қаламгер қарымы немесе әр кезеңдегі газет редакторлары

Биыл аудан айнасы – «жалағаш жаршысы» газетінің шыққанына 85 жыл толып отыр. газеттің жарыққа шыққан күні 1934 жылғы 10 қаңтар болатын. атаулы күнге орай жыл басында арнайы мақала жазған болатынбыз. енді газет редакторлары мен аудандық басылымның шежірелі тарихын беруді қолға алдық.
Сахи Жарылқасынов,
"Колхозшы" газетiнiң тұңғыш редакторы
1933 жылдың аяқ шенi болатын. Қармақшы аудандық "Екпiндi" газетiнде жауапты хатшы болып iстеп жүрген менi бiрде аудандық партия комитетiне шақырды. Сол тұста МТС-тер жанынан сая­си бөлiмдер құрыла бастаған. Жоғары партия орындарының нұсқауына орай әлгi саяси бөлiмдердiң өз тiлi – көп тиражды бас­па газетi де болуы тиiс екен. Аудандық партия комитетiнiң менi шақырғаны Қаракеткен МТС-нан шығарылатын газетке редактор етiп жiберудi ұйғарыпты.
Рас, жаңадан ұйымдасқан машина-трактор станциясы жанынан газет шығару бiрден оңайға түскен жоқ. Оның баспаханасын қолма-қол ұйымдастырып, баспа машиналарын орнату, оған әрiптер жеткiзу, сауатты жастардан әрiп терушiлер мен газеттi басып шығарушы мамандар дайындау редактордың өзiне жүктелген едi. Сөйтiп басқалар сияқты мен де осы қиындықтарға қоса редакция аппаратын қысқа мерзiмде толықтыру арқылы 1934 жылдың 10 қаңтарында "Колхозшы" газетiнiң алғашқы санын шығаруға жағдай жасаған адам едiм.
Шынында да, газеттiң бiрiншi нөмiрiн дайындау жеңiл тимедi. Газетке тiлшi мен автор тарту, олардан келiп түскен хаттар мен дабылдарды қорыту қиынның қиыны-тын. Өйткенi, ол тұстағы тiлшiлер мен авторлардың көбiсi-ақ сауат ашу мектебiнен ғана өткен, журналистiк шеберлiгi аз жолдастар едi. Бiздiң редакция аппаратындағы аз ғана топтың мiндетi сол хаттар әкелген дабылдардың, жылт еткен жаңалықтарын қайта жазып, баспаға әзiрлеу болды. Бiздер, алғашқы журналистер бұл қиындықтарды да жеңе бiлдiк. Газетке жазатын тiлшiлер құрамы да жақсара бастады. Аз уақыт iшiнде-ақ Карл Маркс атындағы колхоздан халық ақыны Төлеубай Үркiмбаев жас колхозшы Ауқат Ысмайылов, "Мақпалкөл" колхозынан өлең мен мақаланы қатар жазатын Асқарбай Қожахметов, "Қызыл диқан" колхозынан Ермекбай Мырзаев, "Таң" колхозынан үзбей жазатын Мақтаған Ержанов сияқты, тағы басқа ондаған белсендi тiлшiлер мен авторлар таптық. Мiне, сол азаматтардың күнделiктi көмегi арқасында газет шығарудың алғашқы ауыртпалығын жеңiп, алда тұрған маңызды мiндеттi мiнсiз атқаруға барынша күш салдық.
Демек, туысқан коммунистiк партия мен Совет өкiметiнiң iшкi-сыртқы саясатын насихаттап, қаулы-қарарларын қалың оқырманға жеткiзу iсiн жүзеге асыра бастадық. Сөз жоқ, бұл жаңа ұйымдасқан коллективтiк шаруашылықтардың (колхоздардың) iргесi нығайып, iлгерi басуына, еңбек жүздеген, мыңдаған колхозшылардың қоғамдық мүддеге деген көзiн ашып, санасын оятуға бiрден бiр ұйытқы болды. Сондай-ақ еңбекте алдыңғы қатарда көзге түскен стахановтық қозғалыстың үздiктерiн дәрiптеп, тәжiрибесiн тарату, ауырдың үстi, жеңiлдiң астымен жүретiн немесе қоғам мүлкiне суық қолын сұғатын сұғанақтарды әшкерелеп, көптiң талқысына салу сияқты мәселелердi де естен шығарған жоқпыз.
Сол себептi де газеттi адамдар асыға күтiп, әр санын қызыға оқитын.
Газет МТС жанындағы саяси бөлiмнiң органы болғандықтан да оның жаздырып алушылары аз едi. Тек, машина-трактор станция­сы жұмысшы-қызметкерлерi мен механизаторларға ғана тарайтын. Соған орай бiздiң газет бетiнде қамтуға күш салатынымыз да осы саланың мақсат-мүддесi төңiрегiнде туындайтын мәселелер болатын.
Сөйтiп, бiздердiң үлесiмiзге колхоз құрылысының ендi ғана iрге теуiп, нығая түскен уақыты мен алғашқы бесжылдықтар тұсындағы қиындықты жеңу сияқты тарихи кезеңде газет шығару ауыртпалығы тиген едi. Сөз жоқ, бiздер, отызыншы жылдар журналистерi оны да жеңе бiлдiк.
Смайыл АҚЖIГIТОВ,
«Күрiшшiлер» газетiнiң 1941 жылғы редакторы.
1938 жылы Қызылорданың Оңтүстiк Қазақстаннан бөлiнiп,өз алдына облыс болуына байланысты Жалағаш та Қармақшыдан еншi алып, дербес шаңырақ көтердi. Соған орай аудандық партия комитетi мен аудандық кеңестiң органы – «Күрiшшiлер» газетi дүниеге келдi. Мiне, менiң редакторлық қызметiм осы жерде бас­талып, осы газет редакциясында шыңдалды. Олай дейтiнiм, мен 1941 жылы Қазақстан Компартиясы облыстық комитетiнiң жолдамасымен «Күрiшшiлер» газетiне редактор болып бардым.
Сол кезде Қазақстан Компартиясы аудандық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қистанов, екiншi хатшысы Мамықов болатын. Кейiн, 1941 жылдың маусым айында аудандық газеттiң жауапты хатшылығына ВЛКСМ мүшесi Сапабек Махмутов келдi. (Кейiн өмiрiнiң ақырына дейiн Қармақшы аудандық газетiнде қызмет еттi). Әлi жиырмаға жете қоймаған жас жiгiт редакцияға келiсiмен өте iскерлiк, елгезектiк танытты. Әсiресе газетке материалдар дайындау, оны баспаханаға теруге жiберу, мақалаларды бетке орналастыру, бет оқу, қателерiн тексеру, макет жасау, ауыл-село тiлшiлерiнiң хаттарын қорыту жұмыстарында шеберлiк танытушы едi.
Иә, жаңа отау тiккен жас ауданның редакциясы маман журналист кадрларына өте мұқтаж болатын. Оның үстiне редакция аппаратында небәрi екi - үш адам ғана жұмыс iстедi. Әрi транспортымыз да жоқ. Байланыс қызметiмiз де нашар.
Ендi не iстеу керек? Аудан шаруашылығының экономикалық хал жағдайын қалай бiлемiз? Ол жөнiндегi күрделi материалдарды кiмнен аламыз. Ал ол дұрыс болады ма, бұрыс болады ма? Еңбек адамдарының көкейтестi жан тынысына қалай барамыз деген сияқты ұшан теңiз ойлар жас редактор – менi ерiксiз толғандырды.
Мiне, осындай ой толқынында жүрген бiздердiң сүйенiшiмiз, газетке материал жинақтаудағы мықты тыныс – қорегiмiз аудан орталығында жиналыстарға, пленумдар мен активке, бюро мен сессия мәжiлiстерiне келген шаруашылықтар мен мекемелер, ауылдық кеңестер мен партия ұйымдарының басшыларынан алған шала-шұрпы фактiлер болатын. Сонымен бiрге арқа сүйер тiрегiмiз ауыл, село тiлшiлері едi. Бұл ретте әсiресе, Ауқат Ысмайлов, Сағындық Баймаханов редакциямен үзбей байланыс жасап, колхоз өмiрiндегi жаңалықтарды газетке жедел жеткiзiп тұратын жеңiл қолғанаттар атанғанын еске түсiрген ләзiм.
Несiне жасырайын, ол кезде менiң де газет жұмысына әлi төселе қоймаған кезiм ғой. Бiраз жұмысты және газетпен үзбей байланыс жасап тұрған авторлар мен тiлшiлердiң аты-жөнiн ұмытып қалыппын. Бiрақ мына бiр жай есiмде қалыпты.
Бiздiң газет редакциясына да тұлғалы автор ағаларымыз жиi соғып тұратын. Солардың бiрi ақын Асқар Тоқмағанбетов пен Төлеубай Үркiмбаев едi. Олар есiктен енгенде газетке жаңа жанр, жаңа рух келгендей сезiнетiнбiз. Олардың бiр шумақ өлеңдерi мен сықақ сөздерi бiздерге батпан алтындай көрiнетiн.
Бiр күнi Төлеубай аға:
– Әй, Смайылжан! Сен редакторсың. Бiлмейтiндерiң әлi көп екен. Бiздiң колхозда ардақты ана Айымкүл Iзтелеуова деген еңбек озаты бар. Сол жайлы газетке көркем тiлмен неге жазбасқа?! Жалпы газетiң ауыл өмiрiн өз мәнiнде жазбайды. Жазған күнде де оқырман көңiлiнен шықпайды. Осыны ескерiңдер, – дедi.
Бұған ойланбасқа не шара? Қысқасы аға ұстаздарымыз бiзге осылайша ақыл - кеңестер беретiн. Алайда мен 1941 жылдың тамыз айында Ұлы Отан соғысының майданына аттанып, журналистiк қаламымды винтовкамен алмастырдым.
03 мамыр 2019 ж. 502 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930