» » » СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРҚЫТЫ

СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРҚЫТЫ

       
Қорғасын құйып, сақа сайлайтын құлжаның құжыр асығындай үнемі ширығып, ширақ жүретін осы кісіні кездестірген сайын өткен замандардағы текті бабаларымның өздерін көріп, сөздерін естігендей боламын. Құндағына алып қадірлеп жүрген қара домбырасының күмбіріне көмекейінің құмбылы қосылғанда, Сыр жағасындағы сыңсыған жиденің баһардағы бүр жарған хош иісті гүліне малынған саһардың саф ауасы аңқып келіп көкірек сарайыңа сауылдап құйылып жатқандай тынысыңды ашып жібереді.
       Бұл – құм арасында қоңырқай тірлік кешкен кешегі ділмар шежіреші Саймағанбет қарттың пәлегінен ертелеу түйнек байлаған тұқымы, Сыр еліне, әрісі иісі қазаққа ат-ауазы мағұлым, үнінде тыңдаушысын тамсандырып, еріксіз таңдай қақтырған өзіндік ерекше тамғы-таңбасы бар, Сыр мақамына салып, сүлейлердің сүрлеуімен «ызғытып айдағанда» «дауысын есіткен жандар еміреніп» тұратын кәтепті жырау, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Берік Саймағанбетов. Арғы бабаларынан мұра боп қалған халқымыздың дәстүрлі төл өнері – жыраулықтың тінін үзбей жалғастырып келе жатқан Берік ағамыздың аймақ мәдениетіне қосқан үлесі зор. Соның ішінде дәстүрлі өнерді дәріптеп оны ұрпаққа насихат ету жолында аз тер төккен жоқ. Ұлт өнеріне деген қылаусыз қызметін ешқандай даңқтан дәметпей-ақ, даңғазасыз, ақысыз атқарып жүрген екі адам болса, соның – бірі, ал, бір адам болса, соның нақ өзі осы – Бекең. Мақтангерлік үшін атын шығарып, атағын жаюды мақсат тұтпайды, ел көзіне түсіп, топтың алдында жүру үшін де өлермендікпен өрге өңмендемейді. Бастысы, бала күнінен әкесінен кейінгі тәлімгеріне айналған киелі өнердің құдіретін жан-жүрегімен сезініп, бойына сіңірген.
     Зердесінде зияткерлікпен бірге, сәруәрлықтың да сәулесі барын білген болуы керек, облыстық мәдениет басқармасы әр жылдары Бекеңнің қолына бірнеше мекеменің тізгінін сеніп ұстатқанын ел біледі. Төл өнердің төңірегінде жүрген өз қатарластарының ішінен есім-сойы ерекшелеу аталатын ағамызға мекеме басқару ісі аса бір қиынға соқты деп айта алмаймыз. Жастайынан құйқалы сөзді құлағына құйып алып, оны алпыс екі тамыры арқылы өн бойына таратып келе жатқан Бекеңнің атқарған шаруасы басшылықтың сенім үдесінен де, халықтың көңілінен де шықты. Берік ағамыз қай мекемеге басшылыққа барса да, ең алдымен қызметіне адал болуды басты мақсат етті және солай болды да. Тәуһметті жолда жүрсе де тәуекелді тіреу қылды, құлқынына бағынбады, арының айтқанымен жүрді. Қысылтаяң күн туса да өзінің азаматтық ұстанымынан айнымады, қалыптасқан ой-пікірін өзгертпеді. Мұны бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Қазақтың көне эпостық жыр-дастандарын және Сыр сүлейлерін таңды таңға ұрып жырлағанда талғампаз тыңдарманының өзін қазіреттің уағызына ұйығандай қимылсыз қалдыратын Бекең басшылық қызметте жүрген жылдары ұжымды, айналасындағы халықты осылай бірлікке ұйытты, талаптың тұлпарына ер салған көптеген жас жеткіншектердің «жыраулық дәрпін жаюға» мүмкіндік жасады. Жақсы басшы ұжымға береке үйіреді, ал, береке болған жерде жұмыс жүйелі жүреді.
      Басқасын айтпағанда, «Ақмешіт» тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі болған бір ғана жылдың ішінде Бекеңнің басшылығымен жиналған тарихи құнды жәдігерлер мұражайдың бір бүйірін бүтіндеді. Сонымен бірге Қармақшы аудандық мәдениет үйлері мен клубтары коммуналдық кәсіпорнының директоры болып қызмет атқарған жылдары кәсіби білім, білігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің, жанашырлық ниетінің арқасында аудан бойынша бірнеше жаңа үлгідегі заманауи мәдениет үйлерінің салынуына мұрындық болғанын айналып өту біздің азаматтығымызға сын болар еді. Жаңадан бой көтерген бұл өнер ошақтары қазірде жалғыз ауылдардың ғана емес, аудан халқының рухани ортақ игілігіне айналды. Ел ішінде көрінбей жүрген қаншама жас өнерпаздарды халық алдына шығарып, жұлдызын жақты.           .
     Орта мектепті тәмамдаған соң Қызылорда педагогикалық институтының «Дәстүрлі өнер және жыр» кафедрасынан сонымен бірге «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінен білім алған ол 1992-1996 жылдары өзі бітірген осы жоғары оқу орнында оқытушы болып, шәкірт тәрбиеледі. Одан кейінгі он жылда Ұлттық мәдениетті қолдау қорының атқарушы директоры қызметін атқарды. Бірнеше мәрте халықаралық, республикалық, облыстық жыршылар байқауларының жүлдегері атанды. Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова, Рысбек Әшімов, Құрманбек Бекпейісов, Қуандық Бүрлібаев секілді жыршы-жыраулармен бірге Ленинградта өткен ЛОРД фольклор зерттеушілерінің конференциясына қатысты.
     Берік ағамыз көмекейінен түйдектеп төгілген әздек жырға тек өнер деп қана емес, қазақтың бүтін болмысы, тұтас тарихы тұрғысындағы түсінікпен қарайды. Оған өзі жарыққа шығарған «Ғасырлар толқыны» деп аталатын анықтамалық кітабы мен өзінің орындауындағы жырларды топтаған екі күйтабағы дәлел және Бекеңнің бұл елеулі еңбектері келешек ұрпақ үшін мәдени мәні бар мұраға айналатыны әмбеге аян.
      Қорыта айтарымыз, қазірде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығын дамыту орталығындағы дәстүрлі өнер бөлімінде қызмет етіп келе жатқан Берік Саймағанбетов өнерпаз ретінде де, азамат ретінде де «мен үшін құдайдан кейінгі құдірет – халық» деп, алдарында әзиз басын иіп келе жатқан талғамы тұнық тыңдарманынан өзіне лайықты бағасын әлдеқашан алып қойған. Сондықтан бұл кісі біздің мақтау-мадағымызға аса қардар емес. Біз де Берік ағамыз сынды өрелі өнер иесінің қанында жоқ қасиетке қолдан бояу жағып, әсірелеп отырғанымыз жоқ. Бойының емес, ойының заңғарлығымен көпшіліктің ішінен шоқтығы бірер қарыс жоғары көрініп жүрсе де, халқының алдындағы кішіпейілдігіне, рухани әлеміңе сәулесін түсіретін әсерлі әңгімелерін тыңдағанда тұма бастаудың қайнарынан қанып ішкендей жан-дүниеңнің шөлін басатын тарихи зердесінің тереңдігіне, бабадан қалған асыл мұрамызға деген адалдығына, қызғаныш, қараулықтан қосын қашық тігіп, дүние байлығының буына бұзылмаған нағыз қазақы болмысына берген риясыз бағамыз бұл.
       Кешегі көмбе кеуде, кәріқұлақ шалдардың шапанынан ұстап өсіп, шалғайынан тәбәрік алып қалған Берік сынды ағаларымыз барда күн астынан көрінген көненің керуен көші үзілмейтіні шүбәсіз.
Қуат АДИС
26 қыркүйек 2019 ж. 1 012 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930