Туған жерім – тұғырым
Өткен аптада туған жеріміз – Жалағаш ауданына 80 жыл толып, айтулы мереке өз деңгейінде өткен болатын. Ақпарат саласында жүріп, осынау мерейлі датада туған жерге арнап бір мақала жазбасам, қылмыс деп санадым. Олай болса, құрметті аудан тұрғындары, алыста жүрген қыздарыңыздың қасиетті өлке туралы ойын, сағынышқа толы сезімі мен жылы лебізін қабыл алыңыздар! Мереке құтты болсын!
Сыр елі қашанда ерекше қасиетке, құрметке ие болып жүрді. Әлі де солай. Мемлекетіміздің тұңғыш астанасы – Қызылорда қаласы басқа аймақтардан өзінің ырысы – күрішімен, мұнайымен және ұлттық құндылықтарға бай халқымен үнемі өзгеше екенін мойындау керек. Облыста барлығы 7 аудан бар. Оның әрқайсысы өзінше құрметке ие. Соның ішінде Жалағаш ауданы 2019 жылғы ауыл шаруашылығы саласының қорытындысымен «Үздік аудан» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталғанынан баршамыз хабардармыз.
Бұл аудан тұрғындары үшін үлкен мәртебе. Ауданымыздың күніге дамып келе жатқанын көріп, куә болып жүрміз. Бірнеше жылды артқа шегерсек. Тәуелсіздік алмай тұрып туған жер жағдайы қалай еді? Қазір қалай? Ол тарих беттерінен өздеріңізге мәлім болар?! Ауданда мәдениет пен спорт салалары қарқынды даму үстінде. Оны әлеуметтік желіден көріп, қуанып отырамын. Желінің қай парағын аша қалсаң да, белсенді жастардың білімге, ғылымға деген талпынсын байқау қиын емес. Жасыратын несі бар, марқайып қаласың. Әсіресе, Қазақстан Республкасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған биылғы Жастар жылында ел болашағы – жас ұрпақ, сондай-ақ орта буын – аға-апалар жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосып, өлкеміздің жаңашыл бағытта өрлеуі үшін ерекше атсалысуда. КВН, әртүрлі спортық сайыстар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқан алуан түрлі іс-шаралар, респбликалық көлемде өтіп жатқан байқаулар соның мызғымас дәлелі. Ауданның ішкі саясаты да өткен жылдардан әлдеқайда жоғары деуге әбден болады. Облыс әкімшілігі мен аудан басшылығы тарапы ел экономикасы мен экологиясына аса мән беріп, ол үшін көптеген жұмыстар жүргізіп жатқанына да баршаңыз куә болып жүрсіздер деп ойлаймын. Аудандық мәдениет басқармасының жұмысы да бұрынғыдан озық дәрежеде деуге толық негіз бар. Онда Тұңғыш Президент тапсырған жоба бойынша, яғни руханиятымызды қайта жаңғырту мақсаты аясында сан тарапқа толы мерекелік шаралар өткізілуде. Сонымен қатар заманауи форматта жасақталған, жастарға мәдениетімізді, тілімізді, дініміз бен ділімізді үйретудің ең ұтымды бағыттарын негізге алған көптеген қызықты кештер болып тұрады. Ауданымызда кәсіпкерлік саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Бұл аудан басшылығының кәсіпкерлікті ерекше қолдайтынын көрсетеді. Ғылым мен білім саласында да биікке өрлеп, шыңға шығып жатқан азаматтарымыз қаншама?!
Жалағаш талай дарындыларды түлеткен мекен. Бүгінде адамдардың, әсіресе жастар қауымының ел үшін істеп жатқан әрбір адал қызметі – ол кешегі ата-бабаларымыз бен қазіргі көзі тірі қарттарымыздың үлгі-өнегесінің, тәлім-тәрбиесінің арқасы. Біз, жастар осыны ешқашан естен шығармауға тиіспіз. Өйткені қазіргі күні біздің жеткен әрбір жетістік сол қазыналы қарияларымыздың, тек үлкендердің ақ батасының арқасы. Біз Бұқарбайдың ұрпағымыз деп мақтанамыз. Ендеше сол атқа лайық болып, баба рухына кір келтірмеуіміз керек.
Өз кезегінде дауылпаз ақын, жауынгер, атағы Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық күресін жырға қосқан «Кенесары-Наурызбай» дастаны арқылы дүйім жұртқа әйгілі болған, дәстүрлі батырлар жыры ізімен жырлай отырып, халық үнін де бейнелеген Нысанбай жырау Жаманқұлұлы, айтулы ақын, әзілкеш, шын есімі Әзірбай Шымырұлы, ақын Жұмырбай жырау Байғұлыұлы, ақын, термеші, жыршы Құлназар Құлқозыұлы. Енді өздеріңіз Жалағаш нағыз ақындар мен жыраулар мекені екенін байқап отырған боларсыздар?! Айта берсек елде жыр-терменің майталмандары жетіп асады. Егер туған жерден шыққан жыраулар жайы кімде-кімді қызықтыратын болса, онда мұны 2008 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының әкімшілігінің қолдауымен жарық көрген «Жалағаш жері – жыр кені» атты еңбектен оқып, біле аласыздар. Редақция алқасы мүшелері: алқа төрағасы, сол кездегі аудан әкімі Өмірбек Шәменов, Рауаш Әлиева, Тынышбек Дайрабай, Тұрақ Ахетов, Серік Мақпырұлы, Тұрсынбай Тәшен, Жақсыбай Сарбалаұлы, Ахмет Тілеулиев болып табылады.
Есімі тек қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі Темірбек Қараұлы Жүргенов, Социалистік Еңбек Ерлері Несіпбай Апрезов, Қазына Жүсіпова, Ұзақ Еспанов, қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, композитор Батырхан Шөкенов және тағысын тағы. Осы тұлғалардың барлығы да киелі туған жердің топырағынан жаратылып, дара туған.
«Туған жерге туың тік» , - дейді дана халық. Дәл осы секілді сөздерді өмірлік ұрандарына айналдырған, шетте жүрсе де, жүректері тек «Жалағаш» деп соғатын қаншама таланттыларымыз, білімпаз азаматтарымыз бар. Олардың бірі еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып жүрсе, енді бірі мәдениет пен спорт салаларында кеңінен танылып жүр, келесі бірі білім мен ғылымға айтулы үлестерін қосып келеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Қожахметмет Баймаханов, айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың басқарма төрағасы, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Болатбек Баймаханов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» Сәбит Иманғалиев, сазгер, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова, дзюдодан еліміздің әнұранын әлем сахнасында шырқатып жүрген жерлесіміз Жеңісбек Жақсыбек, дзюдодан әлем чемпионатының қола медаль иегері Арайлым Қанзада, танымал әнші Айбек Қоңырбаев және т.б. Тізе берсең өте көп. «Жеріңнен аусаң, жақсы атыңды қалдыр» деген сөз бар. Жоғарыда аты аталған азаматтар және аталмай кеткен тағы қаншама дарын иелері: солардың барлығы елден жырақта өмір кешсе де, Жалағаштың даңқын шығарып жүрген ел мақтаныштары.
Әр сала бойынша ауданымызда орналасқан мекемелер мен кәсіпорындарды да айтқым келіп отыр. Себебі олардың саны өсіп, сапасы әлдеқайда дамып келе жатқанын байқап жүрмін. Жалағашта етек алған бірнеше мекемелер мен қоғамдық орындар және т.б. жекелеп назарларыңызға ұсынсам деймін. Ауданда орналасқан денсаулық сақтау мекемелері: 1 аудандық емхана, 1 140 төсектік аурухана, 4-ауылдық аурухана бөлімшесі, 10 ауылдық медициналық пункт, 4-ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт және бірнеше дәріханалар. Спорт саласы мекемелері: 1 стадион, 2-спорт мектебі, 26-жасыл спорт алаңы бар. Ауданда 1 колледж, 20 білім беретін мектеп, 16 кітапхана, 1 мұражай, 7 мәдениет үйі, 8 ауыл клубы, сондай-ақ тізімге алынған 58 тарихи-сәулет ескерткіштері. Ал негізгі өнеркәсіп кәсіпорындары мыналар: «Агро Холдинг Байконур» ЖШС, «Байтабын» ЖШС, «Сәрке батыр» ЖШС, «Таң ЛТД» ЖШС, «Мега Агро» ЖШС, «Мақпалкөл» ЖШС, «Талапкер» ЖШС, «Сыр-Арна» ЖШС, «Өркен Әлем» ЖШС, «Шиелі жарығы» ЖШС. Аудан эномикасының негізгі саласы – ол егін шаруашылығы. Яғни өсірілетін дақылдардың дені – күріш, бидай, арпа, жүгері жоңышқа болып табылады. Сонымен қатар аудан мал шаруашылығымен де жақсы айналысады. Міне, біздің аудан осындай! Әр бағытты қамтып, тұрғындары заман ағымына қатар ілесіп, «Бейнет түбі - зейнет» деп тынбай еңбектенуде.
Айтпақшы жасыл желекті Жалағашымыздың ең алғашқы басшысы туралы мәлімет білу аудан тұрғындары үшін қызықты болар, сірә?! Осы турасын айтып, тарих бетіне аз-маз тоқталып өткенді жөн санап отырмын. Ауданды ең бірінші басқарған Кистанов Сергей Иванович. Ол 1939 жылдан 1944 жылға дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.
Ал сүйікті ауданымыздың атауының шығу тарихынан кім бейхабар? Елімізде қаншама өзен-көл, тау-жартас бар. Соған орай олардың әрқайсысының шығару тарихы болатыны қалыпты. «Жалағаш» атауының шығу тарихы туралы да халық арасында көптеген аңыз-әңгімелер тарап кеткен. Солардың бірінде былай айтылады: «Ауданның солтүстік шығысында «Жалаңаш төбе» деген жер бар. Бұлай аталуына биік құмды төбеге ешқандай өсімдік, бұта өспейтіні себеп болса керек-ті. «Жалаңаш» атауы аудан ішінде кеңінен танылғанннан соң кейін ол «Жалағаш» деп дыбыстық өзгеріске ұшыраған». Екінші бір әңгімеде: «Аудан орталығының орнында желегі саялы, аспанмен астасқан жалғыз ағаш өскен. Уақыт өте «Жалғыз ағаш» деген атау қысқартуларға ұшырап, «Жалағаш» аталған» делінген. Негізінен осы нұсқау жиі айтылады. Сондай-ақ тағы бір аңызға сүйенсек, ХІХ ғасырдың соңында дария бойында темір жол салынғанда сол жолмен өткен паровоз жүргізушілері биіктен ағаштарды көріп: «Өзенге жақындадық, жал-жал ағаштар көрінді» деп қуанатын болған екен. Көріп отырғандарыңыздай, бір «Жалағаштың» әртүрлі шығу тарихы бар. Бұл біздің мекеннің шежірелі аймақ екендігін айғақтай түседі. Сонымен, құрметті оқырман қауымы, қымбатты жерлестер, сіздерге туған жерім туралы қолдан келгенше біраз ақпар беруге және өзімнің Жалағашқа деген шексіз разылығымды жеткізуге тырысып бақтым. Оған баға беріп, әрі қарай сын айта алатын тек өздеріңіз ғана. Сөз соңында айтарым:
«Дуадақ шөлін мақтайды,
Көкала қаз көлін мақтайды,
Кемеңгер елін мақтайды,
Дихангер жерін мақтайды»
дегендей, ал мен, сүйікті Жалағашым, он сегіз мың ғаламның мейлің қай бұрышынан табылсам да тек сені ғана мақтаймын.
Аружан МЫРЗАТАЙ,
аудан тұрғыны, «Қазконтент» АҚ «Ruh.kz» сайтының тілшісі