Ақатай
Жақында ауданымыздың абзал азаматы, марқұм Қартанбай ақсақалдың зайыбы, сексеннің сенгіріне шыққан Шолпан апай хабарласқан болатын. Ол кісі соғыс және еңбек ардагері, әкесі Ақатай Шыналиев туралы қызықты деректерті айтып берді.
Әрине, естелік жазу онай емес. Ол – нақтылықты, сол кездердегі уақытты негізге алып ізденіспен баяндалатын еңбек. Оның үстіне кейірімнің өмірінен хабардар болатынмын. Ақатай Шыналиев әкеммен құрдас еді. Бастары қосылғанда соғысқа жастары қырықтан асып кетсе де 1942 жылдың мамырында жоғары қолбасшының «Жаппай мобилизация» бұйрығымен екеуі Қармақшы аудандық әскери комиссариятынан бірге аттанғанын, Сталинград майданында жаумен шайқасқандарын айтып отыратын. Менің әкем сол шайқастарда басынан ауыр жарақаттанып, жағы сынып, бір көзінен айырылып, елге мүгедек болып оралған. Ал Ақан майдан жолын жалғастыра берген.
Әңгіме арқауына айналып отырған Ақатай Шыналиев 1902 жылы қазіргі Еңбек ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, немере апасының қолында өседі. Он бір-он екі жасынан бастап байдың малын, сиырын бағады. Сөйтіп жүргенде байдың бірталай малын жоғалтып алады. Байдың қаһарынан қорыққан Ақатай Арқаға кетіп бара жатқан керуенге еріп Торғай өңіріне қашып кетеді. Сол жақта байларға жалданып өмір жолын жалғастырады. Бұл – дүбірге толы 1916 жыл болатын. Жастайынан пысық өмірдін ащы-тұщысын басынан өткізген Ақатай сол жақта ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың жасағына қосылады. Осы жасақ құрамында өңірде Кенес үкіметін орнатуға, ақтармен күресудегі шайқастарға қатысады. Елге 1920 жылы оралады.
Өмірлік және саяси тәжірибе жинақтаған ол Қызылорда қаласындағы төрт жылдық қазақ-орыс туземдік мектебін бітіреді. Кейіннен Қызылордадағы мал маманын дайындайтын зоовет курсын бітіріп, мамандық алады. 1928 жылы елде аштық басталғанда Өзбекстанға қоныс аударады. Ол жақта мақта колхозында бригадир болып жұмыс істейді. Босып барған қазақтарды колхозға тартып, жұмыс беріп қамқорлығына алып, аштықтан аман қалуына көп көмегін тигізеді. Елге 1937 жылы келіп, мамандығы бойынша қызмет істейді. Мал маманы ретінде ауданда мал басын көбейту және оны өркендету жолында аянбай еңбек етеді. Сол жылдары ауданға Монғолиядан түйе әкелу жұмысына басшылық жасайды. Бұл кездері ол ауданнын «Жер бөлімінде» (РАЙЗО) қызмет атқаратын.
1947-1952 жылдары Қарақұм мал жайлымын игеру науқаны басталып, қызу жұмыс жүргізіліп жатқан болатын. Қарақұм мал жайылымына мал шығаратын 19 колхоздың жайлым бастығы болып жауапты қызмет атқарған. Малды жазда Қарақұмға (қой, жылқы, түйе) қыста Қызылқұмға қыстату, оны жем-шөппен қамтамасыз ету, малшыларға тұрмыстық жағдай жасау, төл алу, оны аман сақтау, мал басын өсіру, жоспарлы өнім өндіріу т.б жұмыстарға басшылық жасауда Ақатай Шыналиевтің еңбегі ерекше болған. 1953-1955 жылдары аудандағы Калинин колхозы басқармасы төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. 1956-1962 жылдары өзінің ауылы Еңбек колхозының ферма менгерушісі болған. 1962 жылы зейнет демалысына шыққан. Еңбек демалысына шықса да аудан басшылығы Қарақұм, Қызылқұм мал жайлымдарының жер, су, құдықтарын колхоздардың мал жайылым шекараларын анықтап, оны картаға түсіру жұмыстарына Ақаңды бірге алып жүретін.
Ақаңның соғыстағы ерлігі өз алдына әңгіме. Сталинградтан бастаған майдан жолын кескілескен ұрыстармен шайқастарға қатысып, Берлинге жеткен. Қызы Шолпанға айтқан майдангер әкенің соғыстағы бір екі оқиғасын еске салуды жөн көрдім. Бухарест, Будапешт, Прага қалаларын жаудан азат ету шайқастарына қатсықан. “Будапешт қаласын жаудан азат ету қанды шайқасқа ұласты” деп майдангер еске алған. “Жаудың күшті қорғанысы көп қабатты үйлердің астына ДЗОТ-ын құрып, оқты жаңбырша жаудыруда. Біздің қолбасшылық осы бір стратегиялық маңызы бар қорғанысты бұзып алуға бұйрық берген еді. Алдыңғы екпінді топта менде болатынмын. Оқтың өтінде қалған қаруластарым оққа ұшып жатты. Осы кезде біздің минометшілер атқылап жертөленің бір жақ қабырғасын опырып түсірді. Осы сәтті пайдаланып, оққа ұшқан жауынгерлердін арасымен енбектеп жер төлеге түстім. Оқты жаудырып жатқан жау пулеметшілерін жанын жәннатқа жібердім. Осы сәтті пайдаланған екінші топ жауынгерлері уралап шабуылға шыққан еді. Осы ерлігім бағаланып, майдан басшысы Рокоссовскиден алғыс алған болатынмын”– деп алған майдангер. Ал Бухаресті жаудан азат етуде болған жағдай былайша баяндалады. “Шайқаспен көпқабатты үйлерді бірінен соң бірін жаудан босатып келеміз. Бос қалған үйдің есігі ашық тұр. Ішке кірдім. Ашық тұрған есіктің артына қарасам бір неміс офицері тығылып тұр екен. Маған қарап «Гитлер капут» деп ыржандап күледі. “Өлім мен өмірдің арасында тұрып неге күледі екен” деп алдыма салып, командиріме тапсырдым. Осы ерлігім ескеріліп, бүкіл құраманың алдында командирім маған алғыс жариялады.
1945 жылдың мамырында неміс фашизмін талқандаған женістен кейін, Ақаң тәжірибелі жауынгер ретінде жапондармен болған соғысқа аттанады. Атақты Гоби шөлін шілде айының ыстығында тікелей басып өтіп, Жапон елінің әскерлерін тізе бүктіру жорығына қатысады. “Жорықта келе жатқанда ұйқы қатты қысады деп еске алады” – Ақатай аға. “Жүріп келе жатып көздің шырымын аламын. Құлап кетсең тау, тас, құз. Ауылда әруақ кісі бар еді. Сол кісі үнемі алдымда жүріп отырады. Жүріп келе жатып ұйықтап түс көрдім. «Ау, Қожеке, ассалаумалейкум деп қолымды соза бергенімде» оянып кеттім. Мені сол әулие құлап кетпесін деп, оятып отырды-ау деймін. Елге келген соң сол әулиеге барып сәлем бердім. Ол кісі неге шыдамсыз болдың, өз баламды ойлауға мұрсат бермедің ғой деді. Мен аяғына жығылып, жалғыз едім ғой бала-шағама аман қосылайын деп әуелі құдайға, сосын сізге әруаққа сыйындым ғой. Құдайға да, әруаққа да ризамын деп әулиеге жалбарындым” деген екен Бұл оқиғаларды Ақатай ағаның қызы бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Шолпан апай баяндады.
Ақатай Шыналиевтің соғыстағы ерлігі бағаланып, екі рет Ұлы Отан соғысы, «Ерлігі үшін» “Бухарест, Будапештті” алғаны үшін, “Жапонияны жеңгені үшін” т.б орден-медалдарьмен марапатталған. Бейбіт еңбектегі еңбегі елеусіз қалмады. Өмір жолын сонау азамат соғысынан бастап, екі майданның жауынгері болған Ақатай ағамыз саналы ғұмырын аудан экономикасын өркендетуге арнады.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы